БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ
ашық дереккөз
БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Шу ауданына барды. Өңір басшысы әуелі Төле би ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан әл-Фараби атындағы орта мектептің құрылысымен танысты. Мұнда құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Биыл 1 қазанға дейін ел игілігіне беру көзделуде. Бүгінге дейін аталған білім ошағында білім алып жүрген 430 оқушы үш мектепке бөлінген. Аталған құрылыс мердігері – «Айна City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мектеп құрылысына жалпы 905 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі сынып бөлмелерін және спорт залды аралап көріп, мектеп құрылысын тездетіп аяқтауды жауаптыларға тапсырды. Мұнан соң облыс басшысы Абай ауылындағы «Тілеумаханова» жеке кәсіпкерлігінде болды. Мұнда жылына 30 тонна айран, 2 тонна қаймақ өндіріледі. Кәсіпкерлік жетекшісі Сайра Тілеумаханова әуелі 2019 жылы 5 миллион теңге грант алып, жұмыс бастағанын айтып, қазір мұнда барлық сүт өнімдері жасалып жатқанын жеткізді. Енді бұл жеке кәсіпкерлік «Ауыл аманаты» жобасымен 8 миллион теңге несие алуға ниеттеніп отыр. Облыс әкімі жеке кәсіпкердің жұмысына табыс тілеп, әр ауылдықтарға мұндай жұмыс үлгі екенін айтты. Әрі қарай өңір басшысы Абай ауылында салынған ауылдық мәдениет үйінің ашылуына қатысты. «Бүгін о сы ауылда қуанышты жаңалық! «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық мәдениет үйі ашылып отыр. Ауылдың әлеуметтік игілігін дамыту аса маңызды. Ауылдарда білім, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын салып беру өзекті. Соңғы үш жылда облыс аумағында 16 мәдениет үйі салынса, биыл бір жылдың өзінде өңірде он мәдениет үйі жаңадан салынып жатыр. Қазіргі күнге дейін төрт нысанды ел игілігіне бердік, өзгесі жыл соңына дейін аяқталады. Қуаныштарыңыз құтты болсын!», деді облыс әкімі. Өндіріс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тобахан Байгесиев сөз сөйлеп, облыс әкіміне ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді. Ал, мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мерей Рымбеков жаңа салынған мәдениет үйінің меңгерушісі Лариса Омароваға мекеменің символикалық кілтін тапсырды. Жаңа мәдениет үйінің лентасын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен Өндіріс ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Тобахан Байгесиев қиды. Облыс әкімі мұнан соң мәдениет үйін аралап көрді. Өңір басшысы би үйірмесінің, ауылдық кітапхананың жұмысымен танысты. Би үйірмесінің жетекшісі Әлия Талдыбаева, кітапханашы Мархабат Тілепбергенова өздерінің жұмыстары жайлы мәлімет берді. Мұнда 7 мың кітаптан астам кітап қоры бар. Тәулігіне 20 оқырман қызмет алады. Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы Өндіріс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Облыс басшысының алдында бірқатар тұрғындар сұрақ қойды. Мәселен, Жайсаңбай Тілеужанов Төле би ауылынан келетін «Қарабас» каналы жөнделсе десе, Жетпісбай Айдаров малы көп шаруа қожалықтарының жаз жайлауының мәселесін көтерді. Ал, тұрғын Уашира Тілеуімбетов қырқылған мал жүнінің далада қалғанын, жүн бағасының көтерілуі туралы ұсыныс айтса, Шу аудандық мәслихат депутаты ауданда жер инспекторы штаты болса деді. Ауыл ардагері Нұрхалық Исатаев ауылға спорт кешені салынса деген тілек айтты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындар сұрағына кеңінен жауап берді. «Құрметті ауыл тұрғындары. Қойылып жатқан сұрақтың бәрі орынды. Біз Үкіметтен өңірдегі каналдардың жөнделуіне қаржы сұрадық. Ол ұсыныс 2025-2026 жылдары қолдау таппақ. Оның ішінде «Қарабас» каналы да бар. Сондай-ақ, мал жайылымы мәселесі орман қоры есебінен шешімін табады. Ал, жүн мен тері мәселесі өзекті. Біз қырқылған жүнге субсидия төлеу туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс айтып жатырмыз. Қолдау тапса, мал шаруашылығының бірқатар мәселесі шешілетіні анық. Біз биыл бір жылда облыста 23 ауылға спорт нысанын салып отырмыз. Оның ішінде Шу ауданы, Қонаев ауылы да жаңа спорт кешенімен қамтылған. Негізі, барлық ауылдың әлеуметтік игіліктерін толығымен шешу – мақсатымыз. Бұйырса, ол мақсатқа да жетеміз. Ол үшін сіздердің қолдауларыңыз, түсіністік танытуларыңыз керек. Жасалып жатқан жұмыстың бәрі ел игілігі үшін», деді Нұржан Молдиярұлы. Мұнан соң облыс әкімі ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. *** Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Жаңа жол ауылында жалғасты. Өңір басшысы жеке кәсіпкер Мирмахбуб Юсупоглы ашқан «Мир» шағын наубайханасын аралап көрді. Жеке кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан 5 миллион теңге несие алып, нанның бірнеше түрін шығарып отырғанын айтты. Үш адам жұмыспен қамтылған. Бөлке нан 60, лепешка 160 теңгеден сатылуда. Өңір басшысы « Ауыл аманаты» жобасымен V бағыт бойынша 5,1 миллион теңге алып құм-блок шығару цехын ашқан жеке кәсіпкер Жақсылық Несіпбаевтың жұмыс орнында болды. Аталған цех 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айлық жалақылары орташа 310 мың теңгені құрайды. Бұл цехта күніне 1 мың дана екі түрлі құм-блок шығады. Облыс әкімі жеке кәсіпкердің жұмысына назар аударып, цехтың мүмкіндігін арттыру керектігін, ол үшін түрлі қолдау көрсетілетінін айтты. Мұнан соң Нұржан Нұржігітов Жаңа жол ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді. «Мемлекет басшысының былтыр ақпандағы Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен кездесуі өткізіліп жатыр. Мақсат – сіздердің талап-тілектеріңізді тыңдау. Биыл 8 айдың ішінде облыс аумағында 1 мың кездесу өтті. Мен бүгін сексен үшінші ауылдық округке тұрғындармен жүздесуге келіп отырмын. Сіздерді тыңдауға келіп отырмын», деді облыс әкімі. Мұнан соң Шу аудандық мәслихатының депутаты, ауыл тұрғыны Мақсат Лесханұлы «Ауылдық амбулаторияға газ қосу үшін 3 миллион теңге қосымша ақша керек екен. Ауылда ауыз су мәселесі де өзекті. Қолдау білдірсеңіз», деді. Жаңа жол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аюп Серкебаев «Ауылымызда үш мың тұрғын бар. Бірақ, 33 жылдан бері Мәдениет үйі жоқ. Біздің ауылға Мәдениет үйін және спорт кешенін салып берсеңіз», деді. Ауыл тұрғыны Эльмира Сағынбекова ауылдағы орта мектепке оқушы сыймай кеткенін айтты. «Мұғалімдердің сабақтан тыс кезде қосымша үйірмелер мен жұмыс істеуге орын жоқ. Мектепке қосымша ғимарат салынса» деген тілегін жеткізсе, ауылдың ардагер ұстазы Ұлзейнеп Байдосова ауылда бағана сымдарының жиі үзілетінін айтып, бағаналар жаңарса деді. Осы орайда Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Бұқарбайұлы ұсыныстарының ауданнан қолдау таппағанын айтты. Облыс әкімі тұрғындар сұрағын назарға ала отырып, тиісті жауабын берді. «Қойылып жатқан сұрақтар өте орынды. Ауылдық амбулаторияның газға қосылуын облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешіңіздер. Биылдан қалдырмай қосып береді. Биыл Шуда 11 білім ошағы газға қосылады. Оның ішінде сіздердің ауылдағы Бауыржан Момышұлы орта мектебі де бар. Жылына облыста 25 мектеп салынып жатыр. Ал, Шу ауданында бірқатар мектептің тозып кеткенін көріп отырмын. Үш мектеп салу, екі мектепке қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Ал, бұл мектепке қосымша құрылыс келесі жылы жобалық-сметалық жобасы жасалып, 2025 жылы салынатын болады. Әрине, білім басқармасы арқылы бұл жұмысты зерделейміз. Келесі жылы екі жайлы мектеп Шу ауданында салынады. Ауылға Мәдениет үйінің салынуын жалпы қолдаймын. Шуда алты Мәдениет үйінің салынуы бойынша сметалық құжат жасалып тұр. Оның ішінде сіздердің ауылдық Мәдениет үйі бар. Мәдениет үйін ұзатпай саламыз. Спорт кешенін алдағы жылдары салып береміз. Алдағы жылдары барлық ауылда әлеуметтік мәселе толық шешілуі тиіс. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біз Шу, Меркі, Талас аудандарында ауданаралық аурухана ашатын боламыз. Осылайша, медицина саласындағы көрсетілер қызметтің сапасын жақсартамыз. Ауылдың электр бағаналарын міндетті түрде жаңартамыз. Ауыл балаларына ойын алаңшаларын да салып береміз. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында ізгі істер атқарыла береді», деді Нұржан Молдиярұлы. Кездесу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.  

Есет ДОСАЛЫ.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар