ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАМАУЫ ТИІС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергиясы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек», деді. Президент жүктеген міндетті мінсіз орындау барлық деңгейдегі әкімдерге де, әрбір мекеме басшыларына да, энергетика саласы жетекшілеріне де үлкен сын. Сондықтан да жылыту науқанына дайындық жұмыстары бір сәт те тоқтамауы тиіс. Сарысу және Талас іргелес жатқан аудандар. Жаңатас пен Қаратау қаласының арасы бар болғаны жетпіс- ақ километр. Көрші ауданда қысқы мезгілде көтерілген ақ түтек Таласқа да жетіп, алай-түлей боран ұйытқып сала береді. Оны әріге бармай-ақ былтырғы қыс көрсетті. «Aq jol» газетінің 8 тамыз күнгі нөмірінде «Қыс қыспайды демеңіз...» тақырыбымен Сарысу ауданындағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы жаздық. Енді Таласта қандай тірлік атқарылуда, осы жайлы айтайық...
Мұнда да аудандық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік сала нысандарының 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау жөніндегі аудандық штаб құрамы бекітілген. Қысқа дайындық шараларының барлығы осында қаралып, үйлестіріліп отырады. Әдеттегідей бірінші аудан орталығының дайындығына назар аудардық. Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов бізге аудан орталығының дайындығы туралы мәлімет берді.
– Қаратау қаласында тұрғын үй қорында 152 шағын және көпқабатты тұрғын үй бар. 130 көпқабатты тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде аудандық әділет органдарында тіркелген. 19 көпқабатты тұрғын үй- коммуналдық меншікте, бір көпқабатты тұрғын үйдің бір кіреберісінде ғана тұрғындар тұрады, екі көпқабатты тұрғын үй жекеменшікте. Қалада көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету бойынша 7 меншік иелері бірлестігі мен 121 жай серіктестік құрылған.
Қысқы жылыту маусымына дайындық барысында қала бойынша барлық шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне «Тұрғын үй қатынастары» Заңының талаптары туралы хабарламалар ілінді және қала тұрғындарымен кездесу жиындары өткізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінің жағдайы бойынша халыққа әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар жарияланып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
«Игілік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының орталық қазандығы қаланы жылумен қамтамасыз етеді. Орталық қазандықтың газ шығыны сағатына орташа 3700 текше метр, тәулігіне 88 800 текше метр. Қаратау қаласындағы «Игіліктің» орталық қазандығына 15 миллион 300 мың текше метр табиғи газ сатып алуға 464 миллион 826 мың теңге қаражат бөлінген. Биылғы бірінші тоқсанда 263 миллион 800 мың теңге қаражат игерілді. 2023-2024 жылыту маусымына қажетті газ көлемі 15 миллион 300 мың, тәулігіне шамамен 88 800 текше метр. Қажетті қаржы көлемі 268 миллион 743 мың теңге. Ал, жалпы 469,8 миллион теңге қаржы қажет.
Бірде қазандықтағы, енді бірде жылу желілерінің бойындағы жөндеу жұмыстарын көріп, тағы бірде көпқабатты үйлердің жертөлесіне түсіп, ондағы элеватордың дайындығын қарап жүрген қала әкімі тұрғындарды қайтсек қыстан жауратпай алып шығамыз деп командасымен тыным таппай еңбек етіп жүргенін көресің. Дұрыс, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, қақаған қыста қазандық қатып, жылу жүйелері жарылып жатса, бірінші қала және аудан әкімінен сұралады.
Қаратау қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы екі желілік есептемемен 28,9 километрді құрайтын көрінеді. Бүгінгі таңда тозу деңгейі 43,2 пайыз немесе 12,5 километр. Биылғы жылы «Зеленстрой» мекемесінен Панфилов көшесі №1 үйге дейінгі 1 километр, 120 метр жылу желілерін күрделі жөндеу және ауыстыру үшін 95 миллион 282 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Бүгінде аудандық бюджет есебінен 9 миллион 500 мың теңге бөлініп, ескі жылу құбырлары ауыстырылуда.
Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен «Көктал» су қоймасындағы 8,1 километр электр желісін ауыстыруға 7 4 миллион 919 мың теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, кварталішілік 2,5 километр жылу желілерін қаптау және қалпына келтіру жұмыстарына 20 миллион 521 мың теңге, орталық қазандықтың «ПТВМ-30» №5, №6 ыстық су қазандықтарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 25 миллион 169 мың теңге бөлініп, жұмыс атқарылуда.
Мазут отыны шаруашылық нысандарына жабдықтарды орнатуға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджет есебінен 30 миллион 613 мың теңге алдағы сессияда қарастырылатын көрінеді.
Мазут сақтау қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Жалпы, жоба құны 742 миллион 222 мың теңге. Сонымен қатар, «Қаратау қаласындағы жеке қазандықты қайта жаңғырту» бойынша ж о б а л ы қ - с м е т а л ы қ қ ұ ж а т т а м а әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Жоба құны 776 миллион 648 мың теңге. Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінімге ұсынылыпты. «Игілік» кәсіпорнының 2023 жылға инвестициялық бағдарлама жоспарына сәйкес, жалпы 53 миллион 801 мың теңге өз қаражаты есебінен орталық қазандықтың жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Ақшораев көшесіндегі №15, Панфилов көшесіндегі №14, Рысқұлов көшесіндегі №20-22, Молдағұлова көшесіндегі 20-22 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Су тарату желілері және сарқынды суды бұру желілері бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Қаладағы жылу желілері құбырларын ауыстыру бойынша 5 участокке диагностикалық тексеру жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жалпы құны 37 миллион 83 мың теңге. Қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылыпты.
Аудандағы денсаулық, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне қарасты 130 әлеуметтік нысан бар. Қаратау қаласындағы орталық қазандықтан жылытылатын және ауылдардағы мекемелер де қысқа дайындыққа қызу кіріскен. Мәселен, қатты отынмен жылытылатын 21 білім беру мекемесіне мемлекеттік сатып алуды облыс әкімдігінің білім басқармасы ұйымдастырып, 3200 тонна көмір кезең-кезеңімен түсірілуде. Д ен саулық сақтау нысандарына қажетті 475 тонна көмір толық түсіріліпті. Дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты нысандар да қажетті 437 тонна қатты отынмен толық қамтамасыз етілген.
Қатты отынмен жылу алатын әлеуметтік нысандардың қазандықтарын табиғи газға ауыстыру бойынша жұмыс жоспары әзірленіп, келер жылы 8 білім беру нысанының жылу жүйесін газға ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 1925 жылға 7 білім нысанын, 3 дәрігерлік амбулатория қазандығын, 2 мәдениет нысанының жылу жүйесін газға ауыстыру жоспарланған. Биыл «Игілік» кәсіпорны тарапынан зерделеу жұмысының нәтижесінде аудан бойынша 16 мектептің қазандығынан ақау актісі рәсімделіп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 38022,9 теңгеге жобалық-сметалық құжаты әзірленген.
Аудан тұрғындарына 5423,3 тонна қатты отын қажет. Сондықтан да Президент VIII cайланған Парламенттің бірінші сессиясында: «Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет» деген болатын. Талас ауданының аумағындағы «Амангелді газының» игеріліп, ел игілігіне берілгеніне де жиырма жылдан асты. Қай жылы еді, сол құмды өңірден тағы бір газ кені орнының ашылу салтанатына қатысып едік. Шіркін, сол газдың рахатын Ақкөл, Майтөбе, Қожағаппар ауылдары бар, көмір жағып отырған барлығы тоғыз ауылдың тұрғындары қашан көріп, шамның жарығы түбіне қашан түсер екен?
Амангелді ӘБІЛ.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді