САРЫШАҒАН СТАНЦИЯСЫ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?
Биыл «Мойынты – Шу» телімінің құрылысымен қатар басталған Сарышаған станциясына 70 жыл толып отыр. Қарағанды және Жамбыл облыстарының шекарасында орналасқан бұл станцияда бүгінгі күні бірнеше теміржол мекемесі жұмыс істейді. Мұндағы теміржол кәсіпорындары Жамбыл бөлімшесі мен Жамбыл магистралдық желі бөлімшесіне қарайды. Қазір Сарышағанда жеті мың халық болса, олардың 75 пайызы күнін осы теміржол бойынан көріп отыр. 1949 жылы Сарышаған станциясындағы құрылыс жұмыстары қызу өрістеді, мұнда вокзал, паравоз депосын, сумен жабдықтау пунктін, теміржолшылардың үлкен кентін тұрғызу міндеті тұрды. Сарышағанда үлкен прорабтық пункт орын тепті. Мұнда көптеген штаттық жер қазушылар, Ақмола мен Қарағанды облыстарынан 500 жұмысшы келді. Жер қазушылар мен топырақ тасушылар жасақтары жол төсеушілерге арналған жер төсемін тезірек дайындау үшін көлден солтүстікке қарай жұмысты бастады. 1950 жылы 21 желтоқсанда Мойынты және Шу станцияларының арасында желінің солтүстік, оңтүстік телімдері түйісіп, Қарағанды шахтерлерінің Алматы қаласына сый-сияпаты ретіндегі көмір тиелген алғашқы пойыз өткізілді. Мойынты – Шу желісі уақытша пайдаланымға беріліп, оңтүстікке қарай көмір тасымалы жүзеге асырылды және Қарағанды жолына бос маршруттар өткізілді. Желіні салу кезінде 9 миллион шаршы метр жер қазу жұмыстары атқарылды, 2117 жасанды құрылыс салынды, 500 километрден астам рельс төселді, шамамен 4 мың километрге байланыс желілері тартылды. Сарышаған станциясында локомотив депосы, электр станциясы салынды.
Мойынты–Шу теміржолының бойында жаңа Сарышаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау және басқа да теміржолшылар кенттері пайда болды. Әрбір аралық станцияда вокзалдар және жолаушы платформалары, 347 тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық және коммуналдық арналымдағы нысандар, қоғамдық тамақтану, сауда және денсаулық сақтау нысандары салынды, соның ішінде Сарышаған станциясындағы 150 орындық клуб, Шығанақ станциясындағы 74 орындық қызыл бұрыш, Сарышаған және Шығанақ станцияларындағы 720 балаға арналған мектеп, теміржолшылардың балаларына арналған балалар бақшасы мен интернаттар тұрғызылды. Сарышаған станциясында аурухана мен амбулатория, ал Шығанақ станциясында босану бөлімі бар медпункт салынды. Барлық станцияларда наубайханалар, асханалар, дүкендер, перрондық дүңгіршектер тұрғызылды. Барлық жерлерге су құбырлары тартылды. Толықтай алғанда Мойынты – Шу трассасы және ондағы бөлектелген пункттердің орналасуы сәтті жобаланғанын атап өту керек, бұл жерде жобаның авторы С.Шамрайдың және «Сибгипротранс» мекемесінің еңбек сіңіргені сөзсіз.
Алматы басқармасының құрылысшылары Қазақстанның бүкіл еңбеккерлерімен бірге жаңа Мойынты–Шу темір жол желісін салу бойынша жұмыстардың аяқталғанын атап өтті. Бұл салтанат Шығанақ станциясында болды. 1953 жылдың 25 қазанында Шығанақ станциясының вокзалы маңындағы алаңда, Балқаш көлінің жағасындағы елсіз өңірде пайда болған, жайлы жабдықталған кентте желінің ең жақсы құрылысшылары және республика еңбекшілерінің өкілдері желіні тұрақты пайдаланымға тапсыруға арналған митингіге жиналды. Қабылдау комиссиясының төрағасы П.Кучеренко өзінің сөзінде Мойынты – Шу желісінің аса зор маңызы бар екенін және құрылысшылар атқарған жұмыстардың аса сапалы орындалғанын атап өтті.
Құрылыстың бастығы Т.Милюшкин өзінің сөзінде елдің бұл құрылысты бірінші сыныптық отандық техникамен, эксковаторлармен, бульдозерлермен, элеваторлармен, қуатты автотүсіргіштермен, басқа да көптеген машиналармен барынша мол қамтамасыз еткенін айтты. Митингіде сөз сөйлеген Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов құрылысшыларды еңбек жеңісімен құттықтады. Митингі аяқталып, республика Үкіметінің тапсырысы бойынша Ж.Шаяхметов алқызыл таспаны кесіп, Қарағанды көмірі тиелген пойыз жолын ашты. Осылайша Мойынты –Шу желісі іске қосылды. 1953 жылдың 27 қазанында ол пайдаланымға берілді, жаңа Мойынты – Шу желісімен ұйымдасқан қозғалыс басталды. Жүк және жолаушы тасымалдары қарқынды өсіп, жолаушы тасымалының саны ұлғайды.
Міне, осы айтулы күнге орай, сарышағандықтар кенттің 70 жылдығын Көлік және транспорт қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен қатар атап өтті. Сарышағаннан үш шақырым қашықтықтағы Балқаш көлінің жағасына киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттар ұйымдастырылды.
«Туған жерім – тұғырым» атауымен өткен шарада алдымен Жамбыл бөлімшесінің директоры Молдахмет Қажабеков пен Жамбыл магистралдық желі бөлімшесінің директоры Сұлтан Борамбаевтың құттықтау хаттары оқылды.Сарышаған жол дистанциясында 40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жолшы Ербеусін Сүйіндіков пен Шу локомотив пайдалану депосы Сарышаған айналым депосының тепловоз машинисі Мұхтар Құтжан «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін кеудесіне қадады.
Мұнда бәйге, палуандар күресі, қол күрес және ақындар айтысы ұйымдастырылып, бәйгенің бас жүлдесіне «Lada Granta» автокөлігі тігілді. Бас жүлдені сарышағандық Балғынбай Шалғынбаевтың тұлпары иеленді. Бас-аяғы бәйгеге 46 тұлпар қатысып, сәйгүліктер 31 шақырымды еңсерді. Ал, ақындар қатарында Дидар Хамиев өзінің арнауында еңбекқор болат жолдың майталмандарын тілге тиек етті.
– Бұл күнге дайындық өткен жылы басталған еді. Осыдан үш жыл бұрын Сарышаған мешіті бой көтерген болатын. Сарышаған станциясының 70 жылдығына медресе, дәріс бөлмелері және 250 адамға арналған асхана салынды. Осы ұйымдастыру шараларының басында жүрген өзімнің ұстазым, бүгін ғана «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған Мұхтар Құтжан ағамыздай аға буынға алғысымды айтамын, – деді Шу локомотив пайдалану депосы Сарышаған айналым депосының машинисі Азамат Оспанов.
Ерман ӘБДИЕВ, журналист.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді