- Advertisement -

Баға байлауға көнбей тұр

80

- Advertisement -

Мектепке дайындығыңыз қалай?

Мектеп оқушылары үшін қызыққа толы каникул күндері де аяқталуға таяу. Ал, санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Қазір ата-аналар үшін басты мәселелердің бірі – баланы мектепке дайындау. Көпбалалы отбасы үшін балаларын киіндіріп, сөмкесімен қоса, қажетті құрал-жабдықтарын сатып әперу де оңайға соқпайтыны анық. Неге? Себебі, биыл оқу құралдары мен киім-кешектің сапасы жоғары, ал құны қолжетімді ме? Б Бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша керек? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Қымбатшылық қос бүйірден қысқанда…

Әр ата-ана өз шамасына қарай киім іздеп, базарларды шарлап кетеді. Базардағы мектепке қажетті құралдардың құнын анықтау мақсатында біз де «Бек», «Ауыл-Береке» базарларын араладық. Әсіресе, баласын жетектеп, баға сұраған ата-ананың көбі осы базарда екен. Кез келген бұрышта қажетті оқушы құралдары көздің жауын алып, самсап тұр. Қысқасы, бір балаға мектепке қажетті кеңсе тауарларымен қоса есептегенде 80-100 мың теңге жұмсалатынын білдік.

Жіктеп айтқанда, мектеп формасының ең тәуірі жиырма мың теңгені құрайды. Туфлидің бағасы он сегіз мың теңге, жейденің, яғни ақ көйлектің бағасы сегіз мың, арзан деген спорттық киім он екі мың теңге, спорттық аяқ киімнің бағасы орта есеппен алғанда он мың теңгеден жоғары. Ал, осыдан кейін бір баланы киіндіргенге қалайша 50 мың теңге жұмсалды деп айта аламыз?! Одан бөлек, дәптердің бағасы да құбылуда. Базаршылардың бірі 25 теңге десе, енді бірі 30 теңге деп тұр.

Ал, базар көпшілік бағасын қолайлы көріп баратын жер. Десе де, баға мұнда да әрқалай. Сауданың қызып тұрған сәтінде отбасылық бюджеттің мектепке қажетті киім-кешек, заттарын алуға қанша қаржы жұмсағанын білу үшін Ғалия Дүйсенбекова есімді көпбалалы ананы сөзге тарттық.

– Даярлық сыныбына баратын және 2, 5, 8, 10 сыныптарда оқитын бес балам бар. Балаларыма алған киімдер мен мектеп құралдарының бағасымен қосқанда бір балаға 70 мың теңгедей ақша жұмсалды. Киімдерін ақшаны үнемдеп әперген күннің өзінде бес балаға 300 мыңдай қаржы кетті. Көп баланы киіндіру қалтаны жұқартатыны рас. Базардағы баға аспанға «ұшып» тұр. Арзан деп айта алмаймын. Балаларым үшін барлық керекті затын алып бергің-ақ келеді, алайда қаржының жетіспеушілігі, одан қала берді базардағы бағаның қымбаттығы да қынжылтады. Оның үстіне қазіргі балалар киімді өзі таңдайды. Біздің бала кезіміздегідей әке-шешенің сатып алып бергенін қанағат тұтып, бірі-бірімен ауыстырып киетін бала жоқ», – дейді көпбалалы ана.

Қалайда ең арзаны – базарда десек те, қазіргі балалар киімді өзі таңдайтынына не дерсіз. Не десек те, базарда тұрған саудагерлер мектеп оқушыларына қажетті құралдарының бағасы дүкенмен салыстырғанда арзан, сапасы да дүкеннен кем түспейтіндігін де алға тартады. Одан бөлек, «Қыркүйек айы жақындаған сайын, мектеп формасының бағасы қымбаттай түседі. Ол біздің кінәміз емес. Алматы қаласынан сатып алып келеміз. Бізге де ол жақтағы сатушылар қымбат бағада сатады», дейді саудагерлер.

40 567 теңге неге жетеді?

Айта кету керек, әлеуметтік осал топтағы балаларға облыс әкімдігінің білім басқармасы қарасады. Оларға мемлекет және демеушілердің есебінен көмек көрсетіледі.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаеваның айтуынша, биыл «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 48671 оқушыға 40567 теңгеден қаржы бөлінеді. Бұл қаржы тамыз айының онына дейін әр ата-ананың жеке шотына аударылатын болады.

Осыған орай, әлеуметтік топқа жататын аналардың бірін сөзге тартқан едік. Өзінің аты-жөнін айтудан бас тартқан келіншек мемлекеттен бөлінетін қаржының түкке де жетпейтінін айтып шағымданып отыр.

– Менің жеті балам бар. Асыраушымыздан айырылғанымызға үш жылдың жүзі болды. Өзім жалдамалы жұмысшы болып әртүрлі жұмыстар істеймін. Алайда, мектеп қабырғасында оқитын бес баламды жыл сайын мектепке дайындау маған оңайға соқпайды. Ал, мемлекет тарапынан берілетін қаржы тіпті бір баланы мектепке дайындауға да жетпейді. Амал жоқтан, бір киімін алып берсем, екінші киімдеріне қаржы жетпей қиналып қалатынымыз тағы бар. Осылайша, балалар бірінің киімін бірі киюге мәжбүр болады, – дейді ол.

«Адам көркі шүберек» деп бекер айтылмаған-ау, қай ата-ана болмасын баласын ел қатарлы жүрсін деп бар тапқан-таянғанын баласына жұмсайды ғой. Дүкенге келген ата-ананың киім үлгісіне, сапасына және қазіргі баланың киетін киім үлгісіне қарай таңдау жасап, қаладағы бірталай дүкенді аралап, бір күн шаршайтыны айтпаса да түсінікті.

P.S: Қысқасы, ерте қамдансақ та, жаңа оқу жылына дайындық басталып кетсе де отбасылық шығынның шығатыны сөзсіз. Жаңа оқу жылында жаңа киім кигенге не жетсін, шіркін!

Осылай дүкен, базар аралай жүріп, талай жайтқа куә болдық. Әсіресе, ата-анасының таңдаған киімдерін ұнатпай, аузы бұртиып, жылап тұрған талай баланы көрдік. Бірақ, бала бар мен жоқты түсіне ме?

Егер отбасында 2-3, одан да көп бала оқыса, есептей беріңіз. Өйткені, бағаны қалта билейді. Ал, мектеп формасының бірыңғай талапта болғаны дұрыс.

Базар, қала ішіндегі дүкендерді аралап жүргенімізде «Балаңызды мектепке дайындау үшін қанша қаражат жұмсайсыз?» деген сұрақты біраз ата-аналарға қойдық. Олардың басым көпшілігі 100 мың теңгеден жоғары десе, орта санаттағылар 50-60 мың теңге аралығында жұмсайды екен. Ал, үнемшілдер 30-40 мың теңге аралығында ғана деумен шектелді. Алайда, қымбатшылық дендеп тұрған қазіргі заманда 50 мың теңгенің өзі құнын жоғалтып алды емес пе?!

«Білім – қымбат қазына» десек, қоғамда бір мәселеге қатысты бірнеше пікірдің болуы заңдылық. Бұл қоғамдағы адамдардың санасы сергек, елдік, мемлекеттік мүддеге бейжай қарамайтындығын аңғартса керек.

Бірақ, бір баланы киіндіру – бұл істің жартысы ғана. Киімнен басқа сөмке, мектеп құралдары да бар. Қымбатшылықтың да дендеп бара жатқаны көңілге қаяу салады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support