- Advertisement -

Білімге құштар балалық

74

- Advertisement -

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар шарқ ұрып балаларын мектепке дайындап жүр. Ұсталмаған қаламсап пен ұшталмаған қарындаш таңдап, мектеп сөмкесін, сия тимеген дәптер мен жағасын кір шалмаған ақ жейдесін жаңадан алып, оқушылар мәре-сәре.

«Үлкеннің жүзі кигенше, баланың бірі кисін» деген сөз бар қазақта. Былтыр қыркүйекте жаңадан алған киімі әлі ескіре қоймаса да, баласы «қатарынан қалмасын» деген ниетпен әке-шеше тапқан-таянғанын баласына жұмсайтыны айдан анық. Бірақ, өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бір балақайдың тағдыры мұндай еркелікті көтермейді. Қалағанын алуға жағдайы сәйкес емес. Таңдағанын алып бере қоятын әкесі жоқ болса, енді бірі көпбалалы отбасынан шыққандықтан, әр баласының әуеніне төңкерілуге анасының жағдайы келе бермейді. Дегенмен, ол балалардың да көңілдеріне қаяу түспеуі керек. Ал, сондай балалар қатарынан кем болмас үшін – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жыл сайын жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады.

Биыл аталған қайырымдылық акциясы 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен өткізіледі. Акцияны өткізу бойынша өңірлік іс- шаралар жоспары әзірленіп, облыстық, аудандық, қалалық ұйымдастыру комитеттері құрылды. Акцияны өткізуге атсалысуға аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат жолданған.

Былтыр осы акция аясында демеушілер есебінен 7656 балаға 108 миллион 308 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген болатын. Биыл шілде айының 21-23 күндері Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласының Орталық базарында мектеп жәрмеңкесі өтті. Онда мектепке қажетті құрал-жабдықтар және тағы басқа да тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылған.

– Анам жұмыста, келе алмады. Үйдің үлкені мен болғандықтан, іні-сіңілілерімді мектепке өзім дайындап жүрмін. Өзіммен бірге 5 бауырымның дәптер-қаламдарын сатып алдық. Мектепке қажетті құрал- жабдықтар қыркүйек айы жақындағанда қымбаттап кетеді. Бір үйден 5 баланы мектепке дайындау ата-аналарға оңай емес. Ал, осындай бағасы қолжетімді жәрмеңкелердің бізге пайдасы бар, – деді қала тұрғыны Гүлім Нұрманова.

Осындай жәрмеңке 29 шілдеде «Grand Bazar» сауда орталығының алаңында Тараз қаласында да ұйымдастырылды. Мұндай іс-шара 5-26 тамыз аралығында барлық аудандарда өткізіледі деп жоспарланып отыр.

– Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 48671 балаға 40567 теңгеден 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Бүгінгі күні Тараз қаласында ата-аналардың жеке шоттарына қаржы жіберілуде. Аудандарда 10 тамызға дейін қаржы аударылатын болады. Білім басқармасында 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштері бойынша «жедел желі» телефондары жұмыс істейді. «Жедел желі» телефондары барлық білім бөлімдерінде де қызмет етеді, – деді облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева.

Еске сала кетейік, «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, тұрғындар атсалыса алады. Сонымен қатар, акцияға қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар білім бөлімдеріне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін алуға болады.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support