- Advertisement -

Жекеменшік мектеп пайдалануға берілді

104

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына үнемі көңіл бөлу керектігін айтып, жекеменшік білім нысандарына қолдау көрсетіп келеді. Себебі, білім ошақтары қашанда заман талабына сай болуы тиіс. Мұны жергілікті жердегі кәсіпкерлер де жақсы түсінуде.

Қордай ауданында Талғат Нүсіпбаев атындағы жекеменшік негізгі мектеп ашылды. Бұл мектеп қордайлық кәсіпкер, марқұм Талғат Нүсіпбаевтың бастамасы болған екен. Ол кісі көзінің тірісінде «Қордай-балдырған» жекеменшік балабақшасын ашып, аталған балабақша еліміздегі үздік 100 мектепке дейінгі мекемелер қатарына кірген. Облыста үздік үш балабақшаның қатарында болған. Талғат Бақтыбайұлы өзі өмірден өткенімен, оның арманын екі ұлы Бекежан мен Нұржан Нүсіпбаевтар орындап, 1 миллиард теңге қаржыға аталған білім ошағын ашып отыр. Бұл негізгі мектеп 320 орынға арналып, заманауи модификациялық кабинеттермен жабдықталған. Әр кабинетте интерактивті тақта бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін 45 камерамен қамтылған. Мектептің заманауи асханасы, спорт залы, жаттығу залы, футбол алаңшасы бар. Киім ауыстыратын бөлме, ыңғайлы душ қарастырылған.

Мектептің ашылу салтанатында Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай білім ошағының жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң ауыл тұрғыны Спаналы Тұрғынбаев аталған нысанның сапалы салынғанына ризашылық білдірді. Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков кәсіпкер азаматтардың қаржысын мектеп ісіне салуы өте игі іс екенін айтып, жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң мектеп құрылтайшысы Нұржан Талғатұлы қонақтарға алғысын білдіріп, білім ошағының символикалық кілтін мектеп директоры Күлсін Үркімбайқызына тапсырды. Талғат Нүсіпбаевтың немерелері алғашқы қоңырауды соқты. Мектеп лентасын Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай мен аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қиды. Мұнан соң қонақтар жаңа мектепті аралап көрді.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support