Бақ қонған байтақ өлке

Бақ қонған байтақ өлке
ашық дереккөз
Бақ қонған байтақ өлке
Расында да, әрбір адам үшін туған жерден қадірлі мекен жоқ. Дана халқымыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаса керек. Ал, туған жердің табиғатын танытып, қадірлеу әр азаматқа парыз. Жуалының топырағы қасиетті болмаса, қиын-қыстау жаугершілік заманда халқына қорған болған батырлардың бірнеше шоғыры, қазақ халқының қаһармандығын т анытқан даңқты қолбасшы, Бауыржан Момышұлындай, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазадай бірегей тұлғаларды тудырмас еді ғой?! Ғажайып аңыздарға толы абыз далада таңғажайып мекендерде аз емес. Олардың әрқайсысы бір-бір туристік орынға сұранып-ақ тұр. Жұлдызы биік өлкедегі сондай жер жұмағының бірі – Берікқара шатқалы. Берікқара өңірінде туған белгілі ғалым, ұстаз, тарихшы болған азамат Әбдіқадір Жүргенов өзінің «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын» атты кітабында сол төңіректің тамылжыған табиғатын, өр мінезін өзінше өрнектей келе, өткен ғасырдың 20-30 жылдары әр сайдың бойын ата-бабалары қоныс етіп, аң-құсын қорғап, тал-дарағын аялап, өсіріп, күн кешкен еді деп жазады. Иә, Қаратаудың қойнауындағы құтты мекен – Берікқара шатқалынан тұмса табиғатты көруге болады. Сайдың суы мөп- мөлдір. Шатқалдың іші сыңсыған ағашқа, аң-құсқа бай. Жалпы, бұл шатқалда әлемде сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі бар. Шатқалдың 19 шақырымының өн бойында ағаштың сирек түрінен ақ шаған ағашы кездеседі. Табиғат жанашырларының айтуынша, шатқал ішінде мұндай ағаштың түрі тек Американың Колорадо аймағында ғана кездеседі екен. Бүгінде Берікқара аймағы да түрленіп келеді. Бұл маңдағы тау аңғарынан демалыс орындары ашылған. Мұнда мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып жеміс- жидек егіп, оның өнімін сатып пайда табушылар да аз емес. – Қарт Қаратау қойнауының туризмін дамыту үшін кешенді бизнес-жоспар жасап, оны саяхатшылардың игілігіне айналдыратын уақыт жетті. Сонау Күйік асуынан бастап Созақ ауданының аумағына дейінгі алып аймақта, адам баласы сүйсінер небір ғажайып асулар, өсімдіктер, аңдар кезігеді. Оларды қырып- жоюға емес, тамашалауға жағдай жасау керек. Адамзаттың алтын бесігі – Қаратау екендігін бүкіл әлем білуі тиіс, – дейді табиғат жанашыры, аймақтың қорықшысы Рүстембек Назарбеков. Ендігі кезекте Берікқара шатқалының тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Иә, бұл жердің негізгі көркі – табиғаттың байлығы. Шатқал ішіндегі сыңсыған ағаштары мен еліміздің басқа аймақтарында кездесе бермейтін өсімдіктер дүниесі. Тауды еркін жайлаған аң-құстар дүниесі да өз алдына бір бөлек әлем. Бұл маңнан 40 жылдай уақыт бұрын табиғи қорық құрылған. Берікқара шатқалының аумағынан республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорықша жұмыс істейді. Оның аумағы 17,5 мың гектарды алып жатыр. Берікқара шатқалы Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, согдиана шағаны (ақ шаған ағашы) және тағы да басқа ағаштар өседі. Мұнда әсіресе, кейінгі жылдары белгілі болған Берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені, қазір теректің бұл түрі тек Қазақстанда, оның ішінде, Берікқара шатқалында ғана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан Берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар төрт жыл сайын осында келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қорықшада торғайдың сирек кездесетін, қауырсындары құлпырып тұратын түрі – жұмақ шыбыншысы деп аталатын құс ерекше қорғалады. Әлем ға лымдары ерекше назар аударып отырған Берікқара терегі туралы айтар болсақ, Берікқара терегі талдар тұқымдасының терек туысына жататын ағаш. Қаратау жотасындағы Берікқара шатқалының солтүстік беткейінде 1000- 1200 метр биіктікте топтана өскен кішкене тоғайы белгілі. Теректің биіктігі 10-12 метрге дейін жетеді. Бұталары жайыла өскен. Берікқара терегі қос үйлі өсімдік болғандықтан, тұқымынан және вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді. Сәуірде гүлдейді, маусымда жемістенеді. Берікқара терегі – сирек кездесетін, жойылып бара жатқан эндемик түр болғандықтан, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. 1970 жылдан Берікқара ботаникалық қорықшасында қорғалады. Иә, сан ғасырлық тарихы бар біздің қазақ жерінде ел туралы да, жер туралы да аңыз-әпсаналар өте көп. Жер туралы аңыздың бірі дәл осы Берікқара шатқалына қатысты айтылған. Жергілікті халық арасындағы аңыз-әңгімелерде жаугершілік заманда жұртты бастап жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егіншілікке, отырықшылыққа үндеп, арық қаздырып елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есіміне байланысты қойылған атау делінсе, осы Билікөл өңірінен шыққан жазушы Кәрім Баялиев «Жаңарған Жамбыл өлкесі» атты кітабында жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл шатқалда берік қамал болған деп көрсетеді. Сондықтан, елді жаудан аман алып қалған осы қамалды «Берікқара» атаған деп көрсетеді. Берікқара атауына байланысты осы өңірде көктем, күз айларында тұратын алапат желдің атын да жұрт осылай «Берікқара желі» деп атайды. Берікқара шатқалында «Қызыл кітапқа» енгізілген ағаш-бұта және шөптердің сирек тұқымдары кездеседі. Жабайы алманың сирек түрі, зерафшан аршасы, жіңішке штубендорфия, речель алмұрты, кәдімгі пісте, рауғаш, Тянь-Шань жоңышқасы, кәдімгі таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі бар. Өлкетанушылардың айтуынша, сирек кезде сетін терек шатқалдың терең түкпірінде өседі. Оның өзі төрт-бес түп қана. Бір айта кетерлігі, мұндай терек тек Американың шатқалдарында ғана кездеседі екен. Иә, «табиғатты көргің келсе, тауға бар» деген тәмсіл бар. Қарт Қаратаудың бауырында орналасқан табиғаты көркем әрі жұмбақ сырға, шежіреге толы әйгілі Берікқара шатқалында бұрын кеңестік кезеңде «Ветерок» аталатын балалар лагері жұмыс істеп тұрған. Кейін Одақ ыдырап, еліміз өз алдына егемендік алғаннан кейін ондағы лагерь өз жұмысын тоқтатып, ғимараттарының біразы адам қолымен қиратылып кетті. «Бүлінгеннен бүлдіргідей зат алма» дейтін ырымшыл халықтың өкілі болсақ та, тоқырау жылдары бұл лагерьдің де дәурені аяқталып, осындағы ғимараттың құрылыс материалдарын адамдар бұзып алып кетті. Осынау бай өлкенің тұмса табиғатын, аң-құстары мен өсімдіктер дүниесін көзіміздің қарашығындай сақтасақ қана, елдік мұраттың орындалып, туған жер мен табиғат ананың алдындағы парызымызды ақтаған болар едік...  

 Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар