Таразда велоспорттан республикалық ашық турнир басталды
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:59
- 64
2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында тасжолдағы велосипед спортынан өтіп жатқан бұл додаға еліміздің барлық өңірлерінен, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 135-тен астам спортшы қатысуда.
Дінмұхамед Ұлысбаев өз мансабында велоспорттан 2016 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен. Сонымен бірге Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы атанып, Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жүлдеге ие болған. Жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.
– Дінмұхамед Ұлысбаев – халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, қазақ спортының мерейін үстем еткен біртуар тұлға. Оның спорттағы қажырлы еңбегі мен бағындырған биіктері келер ұрпақ үшін қашанда өшпес өнеге, үлгі болып қала бермек. Мұндай жарыстардың өтуі – ел есіндегі саңлақтарымызға көрсетілген шынайы құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Олай болса, барша қатысушыларға сәт сапар тілей отырып, даңқты спортшы Дінмұхамед Ұлысбаевты еске алуға арналған республикалық жарысты ашық деп жариялаймын, – деді Ғали Әуелбайұлы.
Турнирдің ұйымдастырылуына мұрындық болған №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықовтың айтуынша, Дінмұхамед Ұлысбаев та сол мектептің түлегі болған.
– Біз үшін бұл доданың орны бөлек. Велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының иегері Дінмұхамед Ұлысбаев – біздің мектептің мақтанышы, өз түлегіміз еді. Ол осыдан үш жыл бұрын, нағыз толысқан, үлкен белестерді бағындыратын шағында денсаулығына байланысты өмірден озды. Сондықтан бауырымызды еске алуға арналған бұл республикалық турнирді ұйымдастыруды біз өзімізге парыз санадық. Жарыстың басты мақсаты – Дінмұхамедтің есімін ұлықтау ғана емес, сонымен бірге кейінгі толқын жастарға жол сілтеп, оларға үлкен мотивация сыйлау.
Биыл алғаш рет өтіп жатқан турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 135-тен астам таңдаулы спортшы қатысуда. Өзіміздің спорт мектебінен де 20-дан астам шәкіртімізді қостық. Алдағы уақытта турнирді дәстүрлі шараға айналдырып, жыл сайын өткізіп тұру жоспарымызда бар. Сол арқылы өңіріміздегі велоспорттың деңгейін көтеріп, Дінмұхамедтей саңлақтардың жолын жалғайтын чемпиондарды тәрбиелегіміз келеді, – деді ол.

Бес күнге созылатын бұл бәйгеде спортшылар түрлі дистанциялар бойынша бақ сынайды. Мәртебелі меймандар қатарында Дінмұхамед Ұлысбаевтың анасы Рабиға Әденова да болды. Ол ұлын сағынышпен еске алып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.
– Димашымның арманы өте көп еді. Италияда өткен жарыстарда жеңіске жетіп, Қазақстанның көк байрағын желбіреткенде, Азия чемпионы атанғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Оның ең үлкен мақсаты –Олимпиада шыңын бағындыру болатын. Маған: «Анашым, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысып, бағымды сынап көргім келеді», – деп айтушы еді. Алайда жиырма төрт жасында сұм ажал оны ортамыздан әкетті, – деді Рабиға Әшірәліқызы.
Айта кетейік, Дінмұхамед Ұлысбаев 2023 жылы АҚШ-та жүрек жеткіліксіздігінен 24 жасында қаза болған. Турнир жас жүйріктерге жігер беріп, қазақ спортының жаңа есімдерін танытатын өнегелі шараға айналмақ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




