Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті

Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті
ашық дереккөз
Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті
Облыс бойынша елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан биыл 54 сумен жабдықтау нысанының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттерден 13,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 47 нысан жыл соңында аяқталса, 7 нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі. Жалпы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға жеткізілмек. Аталған жобалардың барлығын биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқтап, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына косымша ұсыну жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірдегі елді мекендерді толық ауыз сумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Осыған орай, «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында облыс бойынша елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етудің барысы туралы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысына әр ауданның партия төрағалары мен аудан әкімдері «zoom» платформасы арқылы қатысып отырды. Әуелі сөз алған комиссия төрағасы Гулам Умаров күн тәртібінде қаралатын мәселемен таныстырды. Кеңес отырысы барысында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ермек Карентаев облыстағы елді мекендердің ауыз сумен қамтылу деңгейі туралы баяндама жасады. Ал, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков аудандағы Бесағаш, Түркісіб елді мекендерін ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде кеткен кемшіліктерге анықтама берді. Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы туралы мәліметімен бөлісті. Зерделеу барысында облыста елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстарда бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Мысалы, Бесағаш, Түркісіб елді мекендеріне ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, қорытындысына сәйкес «Көлсай строй» ЖШС мердігер болып анықталған. Келісімшарт құны 1 миллиард 296 миллион 760 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, өткен жылы 8 қазанда аяқтау жоспарланған. Алайда, мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын жүргізу талаптары сақталмағандықтан актілер толтырылып, ескертулер берілген. Өткен жылы 9 наурызда аталған басқарма тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, 11 наурызда құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді шеттету туралы 19 бөлімнен тұратын нұсқама берілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 312, 315 баптары бойынша мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі мәрте айыппұл салынды. Себебі, жұмыстардың белгіленген кестесінен 1,5 айға кешігуде. Аталған мәселе бойынша партия облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы «Көлсай строй» ЖШС мердігеріне Бесағаш ауылына биылғы жылдың 20 сәуіріне дейін, Түркісіб ауылына 20 маусымға дейін ауыз су қосу туралы ұсыныс берген. Нәтижесінде партияның араласуымен Бесағаш елді мекеніне таза ауыз су берілген. Сұрақ-жауап кезеңінде комиссия мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алды. Отырыс соңында, партия облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының Қаулысы қабылданды.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар