Әннің де естісі бар, есері бар...

Әннің де естісі бар, есері бар...
ашық дереккөз
Әннің де естісі бар, есері бар...
Бір ән көңіл құсын көкке көтеріп, жаныңды жадыратады. Енді бір ән жүрегіңе сағыныш ұялатып, алыстағы арманды аңсатып, көкейдегі шеріңді жібітіп, көзге жас, кеудеге мұң үйіреді. «Құлақтан кіріп, бойды алған» әннің мәні мен мәтіні кейде әлдекімге деген шексіз махаббатыңды сезіндірсе, кей-кейде өкпе мен ренішке толы жанжараңды тырмалап, көзіңе жас толтырады. Жанды рахатқа бөлеп, мелодияның мәнін, сөздің қасиетін ұғындыратын әсем әндердің бүгінгі келбеті қандай, құны қанша? Болмашыны «заманауи, ерекше» деген түйсікпен қабылдап, құлаққа түрпідей тиетін сөздерге құрылған өресі тар ән тыңдап, биік өнердің құнын түсіріп, сиқын қашырып жүрген жоқпыз ба, осы?! «Ит жоқта, шошқа үредінің» керімен әннің мәтінін ақындықтан ада, поэзияның иісі мұрнына бармайтын, тіпті екі ауыз сөз құрап, өлеңшіге де жатпайтын, кім көрінген жазып жүргені рас. Қазіргі әндердің мәтінінде жұтаң сөзді былай қойғанда, анайы сөздер өріп жүр. Құлаққа түрпідей тиетін әдепсіз сөздердің жиынтығын «ән», «өлең» деп, соған елітіп, есіре билеп жүргендерге қарап бас шайқаудан басқа амалың қалмайды. Алайда, сондай әндерді дәріптеп, хит атандырып жүрген де өзіміз екенін ұмытпайық... «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар» деп ұлы Абай айтпақшы, естігенде төбе шашыңды тік тұрғызатын анайы сөздерді әдейі қолдану сәнге айналып бара жатыр. Себебі, сондай «ерекше» әндердің құлақ «тескен» сөздері бүгінгі хиттің шарықтау шегі. Мысалы, Kalifarniya-ның орындауындағы миллиондаған қаралым жинаған «Пуэрто-Рико» әнінің «Сен менің зайыбым, мен сенің айғырыңмын» деген сөздерін тыңдап тұрып ұяласың. Негізі, ән – мәдениет пен өнердің тоғысқан тұсы. Сондықтан, оның тәрбиелік мәні, айтар ойы болуы керек. Әрі-беріден соң бұл – сазгер, ақын, әнші үшеуінің біріге жазған дүниесі, оның үстіне, бүкіл халықтың игілігіне ұсынылатын ортақ шығарма, яғни келер ұят та бәріне ортақ... «Маған, негізі, сенің к...ің ұнайды, Бірақ мен сені толықтай қалаймын Мен сенен ұялмаймын...» деген танымал әнді естуіңіз бар шығар? Бұл ән қанша жерден сорақы бола тұра, түнгі клубтарда дамылсыз қойылып, жастардың үздіксіз тыңдап жүретін әніне айналғалы қашан?! Ерсі, бірақ жеткіншектердің аузынан түспей айтып жүр. Әннің орындаушысы рэпер Мади Қадырханов. «Бұл әннің қайырмасын музаның сыбырлауымен мен жаздым. Музам ұятсыздау екен. Иә, қыздардың ұнамды жерлері өте көп және бұл солардың бірі. Одан трагедия жасаудың қажеті жоқ, себебі, бәрі де оны біледі, қарайды, айтады. Ұлы сөзде ұят жоқ. Поэзияда жасыруға, алдауға болмайды», депті ол өзінің бір сұхбатында. Бүгінде бұл әннің де «тамыры» жуандап, жастардың жүрегінде жатталып қалған. Бояуы сіңіп қойды. Бейбіт Көшқалиев есімді әншінің «Лаула» атты әні бар. Көпшілікке «Бүйтіп, бүйтіп, бүйтіп биле» деген қайырма сөзі ұнаған. Лаула, лаула қараңды, Әнге бөлеп санаңды. Тиме, тиме, тоқтатпашы әнді, Жаула, жаула жанарды. Тоздыр бірге табанды Биле, биле, дене қыздыр алаңды, – деген мына сөздерден кім, не ұғады? Ал, әншінің өзі сұхбатында: «Ерболат Қарақойшы деген ақын жігіт «Аяқты қимылдат» деген ән екеуін құрастырып, бір нәрсе жасады. Қызығы сондай, бір ерекшелігі бар. «Бүйтіп биле» деген ақтаулық Назаров Қуаныш есімді жігіт бар. Соның сөзін қосып, ұрлап алдым», – деген екен. Бейбіттің сұхбат берген ойына қарап, ойының қай деңгейде екенін ұққандай боласың. Ал, өкініштісі сол, бұл әнге де сұраныс жоғары. Санасы әлі жетіле қоймаған бүлдіршіндердің кез келгенін түрте қалсаң, осындай сорақы әндердің қайырмасын жаңылмай шырқай жөнеледі. Енді осы әнді тыңдап, жаттап өскен балада қандай идеал, нендей ой болсын? Қайда барсаң да еститінің – осы ессіздік. Бүгінде ұлтқа жабысқан дерт әннен келіп қана қоймай, асқынып бара жатыр. Есті ән ұйықтап жатқан сананы оятып, жүрек қылын тербеп, адамды түрлі қиялға жетелеп, тебірентіп, тербетсе, мән- мағынасы түсініксіз әндер бетіңді қызартады. Жас әнші Нұрболат Қанайдың «Ол қыз» атты әнін желі қолданушыларының бірі ырғақты ән десе, ал енді бірі ән жезөкшелерге арналған және ешқандай да тәрбиелік мәні жоқ деп сынаған. Бұл әннің толық мәтінін тыңдап, оқып, түсініп көруге тырысқанымыздан нәтиже шықпады. Кетті, лақты ол тыңдамай, неге? Бидің үстіне би сұрайды, неге, Ол қыз, ол қыз? «Тууу» деген сөзі уууу, Ішіп алып қуууу. Енді сол баланы тууу. Әкесі білсе, оның құлағынан бұрайды, Шешесі біліп қалып, «қаншық» деп сабалайды. « К е т е м і н ү й д е н , с е н д е р түсінбейсіңдер мені!» Деп өзінікін қуып, шәйіп ол айқайлайды. Нұрболат Қанайдың өзі осы әні туралы былай деген екен: «Бұл ән белгілі бір кейіпкерге арналмаған. Ол жай ғана ойдан құрастырылған оқиға. Керісінше, мен жас қыздар осындай теріс жолға түсіп кетпесін деген мақсатта шығарғанмын», – депті. Мәселе бұл әннің қалай, кімге арнап шығарылғанында емес. Ұйқасы жоқ, ұйпа-тұйпа ессіздігі, «қаншық» деп сабалайды» деген сорақылығы бір шошытса, жастардың жаппай тыңдап жүргені жанға батады… Ал, танымал «Ninety One» тобының жігіттері, «Құрттың ғой тағы» деп шырқап, тіпті жаға ұстатты. Ән айтылған сәтте бұл сөздің дыбысталуы өзгеріске ұшырап, бейпіл сөз естігендей боласың. Құрттың ғо тағы! Құрттың ғо тағы! Құлшынысым болды, сен құрттың ғо тағы! Ойлама мені осал біреу деп, жылап, Көз сүртпеймін, мен жай істеймін! Қиялдың бәрін кейін беремін үндеп. Міне заманауи әндердің сиқы... Сайқымазақ, шетелге еліктеген, өз білгенін істейтін, тәрбиесіз жастар сахнаға шығып кеткендей. Ал, мұндай сорақы әндерді тыңдайтындардың өзінде сауат жоқ-ау, сірә. – Қазіргі заманауи әндер ақша табудың жолымен кетті. Ал, жақсы әндер шулы әндердің тасасында қалып қойды. Ал, сол шулы әндерді ақпарат құралдары рейтинг көтеру үшін эфирге әдейі шығаратын сияқты. Анайы әндерге тыйым салыну керек. Совет одағы кезінде қандай ән эфирге шығатын болса, тыңдалып болып, көрерменге жол тартатын. Қазір бір-біріне ұқсайтын той әндері қаптап кетті. Ал, анайы ән кейде әлдекімдерге ұнайтын сияқты, айтыла қалса жұрт ду көтеріліп, билеп кетеді. Жаман әндердің хит болатын себебі, ритмика. Биге ыңғайлы болған соң, билегеніне мәз болады. Ал, сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Жастар тозып бара жатыр ма, әлде миының жеткен жері сол ма, әйтеуір анайы ән естісе еліте жөнеледі. Анайы, ұятсыз әндерді насихаттауға тыйым салыну керек, – дейді танымал сазгер Әуесхан Салабеков. Бір ұлтты жердің бетінен ұрыс- керіссіз жою үшін мән-мағынасы жоқ ән тыңдату керек екен. Сонда сол есер әндерді тыңдаған халық өзінен өзі азғындап, азып-тозып, жоқ болып кетеді екен. Мағынасы майысқан, анайылығынан өзге алып-қосары жоқ есер әндерге қайткенде тыйым болар екен?!  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар