Зейнеттегі велошабандоз

Зейнеттегі велошабандоз
ашық дереккөз
Зейнеттегі велошабандоз
Ақтөбелік Жұмабай Отарғалиевтің бала арманы велосипедпен жер-жерге саяхат жасау еді. Енді міне зейнетке шыққан шағында тақымына екі дөңгелекті «темір тұлпар» алып мінгелі де алты жылдың жүзі болыпты. Сол уақыттан бері темір тұлпарынан түспеген қария ел-елді аралап, Қазақстанның әрбір қуанышына, мерейтой, атаулы даталарда сапарға шығып, саламатты өмір салтын дәріптеп жүр. Алты жылдан бері 20 мың километрден аса жол жүріпті. Теміржолда түрлі лауазымда жұмыс істеп, бар ғұмырын жолға арнаған Жұмабай ақсақалды Тараз вокзалында Жамбыл магистральді желі бөлімшесінің директоры Сұлтан Бурамбаев, Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсен Сыдықов күтіп алды. Осы жолы сапарын велошабандоз Бейбарыс Сұлтанның 800 және Астана қаласының 25 жылдығына арнапты. Биыл Әулиеата-Бішкек телімінің құрылысы басталғанына 100 жыл толып отырса, одан бөлек Шу-Мойынты телімінің іске қосылғанына 70 және Сары-Шаған станциясына 70 жыл. Бұл жаңалықты естіген велошабандоз өзінің бағытын өзгертетінін айтты. – 2017 жылы алғаш рет велосипедпен Шалқардан Ақтөбеге дейін бардым. Бұл шамамен 350 шақырым, мен оларды 4-5 күнде жүріп өттім. 2018 жылы Ақтөбедегі үйден шығып, Атырауға бардым. Мен жол жүру барысында теміржолды бағыттап жүріп отырамын. Себебі, онда бәрі мені біледі. Жол жүрердің алдында тоқтай алатын, шай ішіп, тағам жейтін, түнейтін жерлерді белгілеп, кесте жасаймын. Көліктерді ұнатпаймын, қайда барсам да, менің негізгі тұлпарым, айнымас серігім – велосипед. Мен оған энергиядан өзге ештеңе жұмсамаймын. Моторлы көлік сатып алсаң, оның машақаты көп, майын ауыстыру керек дегендей. Шығыны да аз емес. Жамбыл жеріндегі миссиямды Шу-Мойынты телімінің қосылғанына 70 жылдығына арнағым келеді», – деді ол. Сөйтіп, ендігі бағытын Тараз-Түріксіб-Шу-Сары-Шаған-Мойынты телімдері бойынша өзгертті. Жұмабай Отарғалиев Ақтөбедегі «VELO PULSE» велокомандасына қосылып, олармен бірге қала бойынша түрлі шараларға қатысып, саяхат та жасайды. Саяхатшының велосипедпен жүрген ең ұзақ сапары шамамен 20 күнге созылыпты. Осылайша Астрахань шекарасына дейін Қызылорда бағытында жүріп өткен ол бүкіл Қазақстанды темір тұлпарымен аралағысы келеді. Жуырда Атырау қаласынан жолға шыққан ақсақал Таразға табан тіреді. Мұнда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековпен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, теміржол ұжымы және тараздық жас спортшылар велошабандозға құрмет көрсетті. – Жастарға үлгі болып жүрген әр сапарына сәттілік тілейміз. Станция басшыларына жолшыбай маршруты хабарланып, құлағдар болып отырады. Темір тұлпардың қанаты талмай, ел аралап жүргені бүгінгі жастарға үлгі. Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың көркіне куә болған спортшы зейнеткердің алдында әлі алынбаған асу мен қаншама шақырым жол бар. Жақсылық жолсерігі болсын, – дейді «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы Жүк тасымалы Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсенбай Сыдықов.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар