Бірлігі бекем, тірлігі түзу Ақермен
Меркі ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда, баспасөзге жауапты өкілдер Ақермен ауылдық округі барлық негізгі көрсеткіштер бойынша ауданда алдыңғы қатарда тұрғанын айтты. Сондықтан да аталған ауылдық округтегі жұмыстарды арнайы барып, көруді жөн санадық. Ақермен ауылдық округі аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Дегенмен, меркілік елді мекендердің орналасу жағдайына үңілсек, бұл алыс ауылдардың қатарына жатады. Құрамына төрт елді мекенді қамтитын аталған ауылдық округте бүгінде 2412 тұрғын бар. Округті осы ауылдың тумасы Ғани Байдәулетовтің басқарғанына бес жылға жуықтаған. Биыл қаңтар айындағы ауылдық округ әкімін сайлау кезінде де көпшілік Ғани Ізбасарұлына сенім білдірген екен.
Мұнда ауыл тұрғындарына бір орта, бір бастауыш мектеп, бір дәрігерлік амбулатория, екі медициналық пункт, бір мәдениет үйі, кітапхана, екі бөбекжай-бақшасы, мешіт, «Қазтелеком», «Қазпошта» акционерлік қоғамының ауылдық бөлімшелері қызмет көрсетеді. Ақерменге биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алу мүмкіндігі бұйырыпты. Қазіргі таңда 104 үй аталған жеңілдетілген бағдарлама бойынша несиелерін алып үлгеріпті.
Айта кетерлігі, Ақермен ауылдық округі толығымен ауыз сумен қамтылған. Округтегі 17 көшенің 4-еуіне биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша асфальт төсеу көзделуде. Ауылдық округі бойынша абаттандыруға 250 000 теңге қарастырылып, 2 шақырым арықтар мен каналдар, 7 шақырымды құрайтын 17 көше, барлық скверлер мен алаңдар қоқыстан тазартылып, 80 түп ағаштар және гүлдер отырғызылыпты. Күл-қоқыс орындары тазартылған. Округ аумағы жалпы алғанда таза деуге болады. Кентай, Алтын арық, Ақкөз-Қайнар ауылдарына жалпы көлемі 28500 мың теңгеге кіші футбол алаңы мен «Street Workout» спорт алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Кентай, Ақкөз-Қайнар ауылдарына жалпы көлемі 9993,5 мың теңгеге балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға беріліпті. Ақермен, Кентай және Алтын арық ауылдарының 426 үйінің 336-сына көгілдір отын кіргізілген. Қазіргі уақытта, әр үйге газ кіргізу жұмыстары жалғасын табуда. Ақкөз-Қайнар ауылына табиғи газ құбырлары тартылып, 8 үйге көгілдір отын кіргізілгені де – игі іс. Округ аумағында тұратын аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөнінде округ әкімі аппаратының жанынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді. Биылғы жылғы қаңтар-маусым айларында округ аумағында тұратын 12 отбасына тағайындалып, 2 миллион 401 мың теңге төленіп отыр екен. Жалпы, ауыл тіршілігіне ілгерілеушілік бар.
– Біздің барлық тәулігіміз осындай қарбаласпен өтеді. Себебі, төрт ауылдың тынысын тең бақылап отыру оңай шаруа емес. Аудандық мәндегі 4 көше биыл жөнделсе, алдағы жылдары 12 көшені күрделі жөндеуден өткізсем деген жоспар бар. Алдағы уақытта да игі істер жалғасын таба береді деген ойдамын, – деді округ әкімі Ғани Ізбасарұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді