Мемлекеттік тіл мәртебесі мен мәселесі

Мемлекеттік тіл мәртебесі мен мәселесі
ашық дереккөз
Мемлекеттік тіл мәртебесі мен мәселесі
Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Тарих боп қалған өткенімізді талқыламай-ақ қоялық, бүгініміз – ол мына біздер, тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы азаматтары, ал болашағымыз ше – кімдер және қалай болмақ? «Өз еліміз бен жерімізде кенжелеп қалған рухани бітіміміз бен байлығымыз – тіліміздің өркендеуі үшін не тындырып жатырмыз?» – деген сұрақпен күнделік бетін ашар болсақ, тілімізге байланысты қазіргі кезде көтеріліп жатқан мәселелер көп. Мемлекет басшысының өзі тіл мәселесін көтеруді қолға алып, үкімет басшыларынан бастап министрлік, әкімдер, зиялы қауым өкілдеріне дейін тапсырма берді. Оның 2020 жылы «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн» деп айтқаны санамда сақталған. Осы орайда ол қазақ тілі мәселесін шешудің төрт жолын тілге тиек еткен болатын. Оның бірі: «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс» – деген талабы еді. «Тіл туралы» заңымыз қабылданып, күшіне енгеннен бері тіл мәселесі БАҚ беттерінде де өткір-өткір жарияланып, теле-радио және әлеуметтік желілерде де сүбелі ойталқыда болып келеді. Тіпті әрбір мемлекеттік органдарда, мекемелерде де бұл туралы түрлі іс-шаралар атқарылып, тілімізді өркендетуге мемлекет бюджетінен миллиондаған қаржы бөлініп, арнайы мемлекеттік және қоғамдық органдар құрылып, жұмыс істеп жатқаны айтпай-ақ белгілі. Бірақ осылардың өзі не себепті жемісті нәтиже бермей жатқаны көңілді қынжылтады. Қазақ тілі тауқыметін айтып шырылдайтын белгілі ақын Мұхтар Шаханов пен марқұм батыр бабамыз Бауыржан Момышұлынан басқа арамызда нағыз қазақ тілінің жанашыры жоқ па деген ойға қаласың. Тілдің дамуы нақты тарихи қажеттіліктен туындайды. Мұны төлқұжатында ұлты «қазақ» деп көрсетілген әрбір азамат тереңінен түсінуі керек. Осы орайда атқарылуы тиіс шаралар мен мәселелер, орындалуы міндетті талаптар мен тапсырмалар Тараз қаласы №2 сотының ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары мен заң өкілдері арасында жиі өткізілетін дөңгелек үстел, жиналыс кездерінде кеңінен талқыға түсіп жүр. Әрбір Қазақстан Республикасына, еліне қызмет ететін құзырлы орын, қызметкер, тұлға өз ана тілінің – қазақ тілінің қаймағы бұзылмай, қаспағы кетпеуі үшін қажырлы еңбек етіп, тілінің мәртебесін көтеріп, тұғырын биіктетуге міндетті. Сол үшін біздің, яғни заң саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың ең бірінші кезекте осы тілдің тамыры терең жайылуына тынбай еңбек етуі, патриот болуы бірінші сұралатын нәрсе. Қазақстан Республикасында қабылданатын заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары екені баршаға мәлім. Сол себепті де «Тіл туралы» заң талаптарын сақтау және олардың орындалуын қамтамасыз ету, қолға алу құзырлы мекеме басшысы мен оның қызметкерлерінің тікелей міндеті болып саналса, ел азаматы, ұлт патриоты ретінде қасиетті парыз болып табылады. Сол үшін де мемлекеттік қызмет сапындағылардың, құзырлы мекемелердің бұл орайда атқарар еңбегі мен көтерер жүгінің салмағы ауыр. Мұны әрбір қызметкер жан болмысымен сезінуі тиіс. Білімі мен біліктілігі тең болып, алдына келген қарапайым халықтың жанайқайына құлақ түріп, тоқтамды сөз айтып, ашумен келгеннің ақылына жол ашатындай әрекет жасайтын заңгер мамандар керек-ақ. Мұң-мұқтажын айтып, шағыммен келген әрбір адамға дұрыс жөн сілтеу осы кеңсенің қызметкерлерінің басты жұмысы болса, ары қарай арыз-шағымдардың заңды шешімін табуы сол заңгерлердің дайындап берген құжаттарына да байланысты. Мемлекеттік тілде құжаттарды дайындауда кездесетін басты олқылықтардың бірі жоғарыда айтылған кадрларға келіп тіреледі. Адвокаттар мен заңгерлердің көпшілігі, тіпті қазақ мектебін бітірген заңгерлердің өзі де оқыған заң құжаттарының бәрін орыс тілінде ресімдеуге бейім. Мұның себебі – жүгініп келген азаматтардың емес, оларға кеңес беріп, көмек көрсететін заңгерлердің (адвокаттардың) өзі үшін сол тілде жазған ыңғайлырақ, дайын-ұқсас шаблондары бар болғандықтан және оған көп уақыт та кетпейді, аударма жасап, жаңаша нұсқаларды іздеп әуре болмаудың жолы секілді. Бұлай кесіп айтуға сотқа жүгінген тараптардың сот отырыстары кезіндегі анықталып жататын мән-жайлары негіз болуда. Демек, бұл орайдағы жауапкершілік тек сол заңгерлердің азаматтығына сын деп қана айта аламын. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген. Яғни заңның талаптарына сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізу тілі – мемлекеттік тілде қозғалуы тиіс, одан кейін қажетті болған жағдайда орыс тілінде өткізу туралы қаулы шығарылуы тиіс. Тараз қаласы №2 соты қылмыстық санаттағы істерді ғана қарайтын сот. Ал енді, осы сотта қылмыстық істерді қарау кезінде белгілі болатын жайт, ол «Тіл туралы» заң талаптарының сотқа дейін тергеп-тексеру амалдарын жүргізетін орган тарапынан сақталмайтындығы. Бұл дегеніміз, мемлекеттік тілде іс жүргізетін тергеушілердің аздығы немесе олардың істі мемлекеттік тілде жүргізуге ықтиярлықтарының жоқтығы деп түсінуге болады. Іс жүргізу тілін білмесе де, істің тергеуші қалағандай жүргізілуіне қарсы келмейтіндерін тіпті күдіктілердің өздері де және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын қорғаушылары да жоққа шығармайтыны кездеседі. Өйткені, істің тездетіп сотқа жетіп шешімін тапқаны қорғаушы мен қорғалушы үшін тиімді, сондықтан процесуалды әрекеттер кезінде тілге қатысты заңбұзушылықтардың орын алатынына да олар көз жұмып қарай беруге мәжбүр. Көбіне, істі сотта қарау кезінде зерттеу нәтижесі бойынша белгілі болып жататыны, қылмыстық істер жүргізілгенде сотқа дейінгі тергеп-тексеруде немесе оны сот жүргізгенде процеске қатысушылар өз ойын сол тілде еркін жеткізе алатыны немесе жеткілікті білмейтіні тексерілмейді, ал іс жүргізуші өзіне ыңғайлы тілді қолданатын көрінеді. Сотта анықталған жайттан мысал ретінде де айта аламын. Мысалы, қылмыстық іс орыс тілінде қозғалған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары орыс тілінде жүргізілген. Іс бойынша жәбірленуші тараптың да, сотталушының да, куәнің де ұлты – қазақ, соған қарамастан тергеуші қылмыстық іс жүргізу тілін анықтау туралы қаулыда «күдікті орыс тілін еркін меңгерген» деген желеумен істі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде жүргізген. Ал сот отырысында сотталушы орыс тілінде еркін сөйлеп, түсінісе алмайтынын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеушінің айтуымен істі орыс тілінде жүргізу туралы арыз жазғанын айтып, сол себепті істі өзі еркін сөйлеп, түсінісе алатын қазақ тілінде жүргізуді сұраған. Сондай-ақ, басқа сотқа қатысушы тараптардан да сотталушының бұл өтінішіне қарсылық болмаған. Осының салдарынан сот ҚПК-тің 30-бабының 2-бөлігінің талабына сай іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыру туралы қаулы қабылдады. Демек, бұл орайда о баста тергеуші тарапынан кеткен кемшіліктің, заңдылықтарды орындауда танытқан салғырттығының салдарынан бір жұмысты екі жұмыс етіп, босқа созбалаңдыққа жол беруге тура келді. Мемлекеттік тілде іс жүргізу көрсеткіштерінің төмен болуының бірден-бір негізгі себебі де жоғарыда айтылып кеткен жайттардан. Тергеушілер үшін кететін кемшіліктерді жоюдың оңай әрі бір амалы – кәсіби аудармашы (тілмаш) көмегін пайдалану. Алайда, қазіргі кезде кәсіби аудармашы түгілі, жай аудармашының өзін табу қиын. Әр сала бойынша аудармашыларды дайындау дұрыс жолға қойылмаған. Заңның бұзылуына жол бермейтін, онын сақталуына қадағалау жүргізетін басты құзыретті орган ол – прокуратура. Десек те, мемлекеттік органдар арасында өткізілетін түрлі жиындарда соттың тарапынан қадағалаушы орган – прокуратура тарапына да қатысты сын-ескертпелер айтылып жататынын жоққа шығармауымыз керек. Жалпы, сотқа келіп түскен істердің қай тілде қаралатыны (соттың іс жүргізу тілі) тек сотқа іс түскен соң ғана анықталатындықтан, көп жағдайда «Тіл туралы» заң талаптарының әу бастан сақталуы судьяға байланысты емес. Әйтпесе, нақты сот тарапынан іс жүргізу тілінің бұзылуы еш талқысыз, мәні бойынша дұрыс қабылданған сот шешімінің күшін жоюға әкеп соғады. Сол себепті судьялар мұндай қателікті жібермеуге тырысады. Тіл мәселесіне келгендегі тағы бір мәселе – аударманың дұрыс жасалмауы. Құжаттағы орыс тіліндегі сөздерді дәлме-дәл «сол қалпында» аударудың салдарынан сөйлемнің мағынасы жоғалған жағдайлар да істі жіті зерделеу кезінде кездесіп жатады. Бұл кемшіліктер әсіресе, іс материалдарына тіркелген сот сараптамаларынан, яғни сарапшылар тарапынан кетіп жататыны анық. Бұл орайда есте сақтайтын негізгі қағида – сөздерді дәлме-дәл аудара салу емес, айтылып тұрған ойдың мағынасын дұрыс сөйлем құрау арқылы жеткізу. Әр салада әртүрлі баспалардан шыққан сөздіктер қолданылады. Салалық терминдердің аудармаларындағы бірізділіктің, жүйеліліктің жоқтығы да жұмыста өз кедергісін келтіруде. Сондықтан жұмыс барысында тек терминологиялық комиссия бекіткен аударма сөздерін қолданған жөн, оның өзінде сол термин сөздердің аудармалары сөйлемнің мәтіндік қана емес, мәндік құрылымына да сәйкес жасалуын қолға алу керек. Тіл мәртебесі мен мәселесі туралы қанша талқылаулар мен үгіт-насихаттар жүріп жатса да, тек соңғы орынға ысырылып, онымен тіке айналысатын бөлімнен ұзап шықпай, кабинет ара әңгіме не болмаса қағаз жүзіндегі көрсеткіш ретінде қана қалып жататыны да өтірік емес. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру әрбір мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген заңгерлердің басты міндеті және ел алдындағы парызы екенін естен шығармауымыз керек. Тіл біліктілігі – мәдениеттілігіміз бен ұлтжандылығымыздың нышаны. Әрбір ісіміз мемлекеттік мүддені ұлықтап, халықтық, ұлтымыздың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиемен бағытталғаны дұрыс. Ал ол үшін барлық жерде мемлекеттік істі мемлекеттік тілде жүргізу қажет деп есептеймін. Қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде. Құнарлы тілдің құнын көтеріп, күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге өзіміз үлес қоспайынша, оны өзгелерден талап ету қисынсыз.  

Ербол ДҮЙСЕНБАЕВ,

№2 сотының төрағасы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар