Асханасыз мектептердің ахуалы қандай?

Асханасыз мектептердің ахуалы қандай?
ашық дереккөз
Асханасыз мектептердің ахуалы қандай?
Ұл-қызының денсаулығына алаңдайтын ата-ана үшін мектеп асханасының алар орны ерекше. Мектеп – бала ағзасына физикалық және психологиялық жағынан үлкен жүк. Осы тұста көп күш жұмсайтын оқушы үшін оның дұрыс тамақтануы өте маңызды. Шындығында асқазан-ішек жолдарының ауруы балалық шақта дұрыс тамақтанбаудан болады. Осыған дейін еліміз бойынша 7 облыстың бастауыш сыныбының балалары тегін ыстық тамақпен қамтылып келді. Жаңа оқу жылынан бастап барлық өңірдің мектептерінде 1-4 сынып оқушыларына ыстық тамақ беріле бастайды. Бұл тізімге біз де қосылдық. Алайда оған мектептеріміз толық дайын ба? Бүгінде облысымызда 446 мектеп бар болса, соның 36-сында асхана жоқ. Қыркүйектің қарасы жақындап қалды. Бұл мәселе шын мәнінде шешімін таба ала ма? Бастауыштың балалары толық тамақпен қамтыла ма? Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан оқушыларды тамақтандыруға 3,5 миллиард теңге бөлінген. Тамақтың құны орта есеппен 450 теңгені құрайды. «Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралардың 77-тармағында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту туралы тапсырма берілген. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған Жамбыл облыстық мәслихатының шешімі негізінде 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінді», дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева. Қаржы бөлінгені көңіл қуантады, әрине. Бұл кезде асханасыз 36 мектептің балалары қалай, қайда тамақтанады? Мәселе – сонда. Сала мамандарының айтуынша, 15 мектептің мәселесі 2023- 2027 жылдары құрылысы жүретін 14 мектеп пен 1 мектепке жапсарлас құрылыс жүргізу есебінен шешіледі екен. Яғни, бұл да дәл биыл шешімін таба қоймайды. Ал, қалған 21 мектептің мәселесі, тіпті, қиын жағдайда. Өйткені олар орналасқан ауылдарда демографиялық өсім жоқ болғандықтан, құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр. «2023-2024 оқу жылында асханасы жоқ мектептерде оқытылатын оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара қолға алып отырмыз. Мәселен, асханасы жоқ 17 мектептің бір оқу кабинеті ыңғайластырылған асханаға айналуы мүмкін. Бүгінде мұндай тәсіл Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу ауданында жүзеге асырылуда», дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек. Мәселенің бұлайша шешілуі олқылықтың орнын толтыра ма? Оқу кабинетін асханаға айналдыру қаншалықты талапқа сай? Сарысу, Меркі аудандарындағы мектептерге модульді асхана қойылса, Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарындағы 11 мектепке жақын орналасқан оқу орындарынан ыстық тамақ тасымалданып жеткізілетін болыпты. Бұл жерде де шикіліктің исі шығады. Ол тамақ басқа ғимараттың асханасынан екінші бір ғимаратқа тасымалданып жүргенде, ыстық тамақ деген маңызын жоғалтып алмай ма? Дәл қазір облыстағы ахуал осы болып тұр. Жаңа оқу жылына аз ғана уақыт қалғанын ескерсек, жоспарланған жапсарлас құрылыс жобалары жүзеге асып үлгермейтіні анық. Тасымалданатын тамақтың жайы тағы бар. Бұл – жаңа оқу жылында бастауыш сыныптың барлық баласы түгелдей дерлік ыстық тамақ ішіп отырмайды деген сөз. Бір оқушы ыстық тамақ ішсе, енді біріне ол әзір мүмкін емес. Сондықтан жоспарлы құрылыстың жайы біржақты болғанша асханасыз мектептерге модельді асхана орнатпаса бұл мәселе әзір шешімін таппайтын сияқты...  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар