Кері байланысты күшейту керек
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл ауданына жұмыс сапары Шайқорық ауылындағы «Н.Шегебаев» шаруа қожалығының жүгері егін алқабын көруден басталды. 9 гектарға дәндік жүгерінің пионер сұрыпын еккен шаруа қожалық әр гектарынан кемінде 5 тоннадан алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, аудан бойынша 2 мың гектарға жуық дәндік жүгері егілген.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұловтың айтуынша, ауданда барлығы 59,9 мың гектар егістік алқабы бар. Оның 31,3 мың гектары суармалы алқап. Ал, 8,2 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген. Одан бөлек, 20 мың гектарға жуық алқапқа дәндік дақылдар себілген. Қазіргі таңда егін орағы қызу жүргізілуде. Бүгінге дейін 16,3 мың тонна дән бастырылған.
Әрі қарай аймақ басшысы Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылындағы «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің қызылша, арпа және жүгері алқаптарымен де танысып, жұмысына оң баға берді.
Кооператив жалпы 160 гектарға қант қызылшасын, 300 гектарға жаздық арпа, 50 гектарға дәндік жүгері еккен. Мұнда агроқұрылым су үнемдеу технологияларын тиімді пайдаланып, ұңғыма қаздыру ісін де мықтап қолға алған.
Сонымен қатар, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нан жаздық арпаның элита тұқымын алған кооператив алдағы уақытта оны жергілікті шаруаларға таратуды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде облыс әкімі қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдаудың ауқымы кең екенін айтты. Аянбай еңбек еткен шаруалардың мол өнімге кенелу мүмкіндігінің жоғары екендігін тілге тиек етті.
Келесі кезекте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға қарасты Қарасу ауылдық округіне атбасын бұрып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Жиында аймақ басшысы әкімдердің тұрғындармен кездесудегі мақсатын айта келе, ағын су мәселесі төңірегінде кеңінен әңгіме қозғады.
– Ауданда биыл ауыл шаруашылығы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда, көріп отырғанымыздай, жыл сайын ағын су тапшылығы күрделеніп келеді. Осы орайда су үнемдеу технологияларын енгізу, ұңғыма қазу жұмыстарына барынша көңіл бөлуіміз керек. Ол үшін шығындардың 50 пайызына дейін мемлекеттен субсидия беру тетігі қарастырылған.
Қазіргі таңда облыс бойынша 57 мың гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғылары енгізілген. Бұл республикалық көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Біздің мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру. Ал, жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен 2025 жылға дейін облыстағы барлық ауылдық округтер қамтылатын болады, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 26 ауылдық округке 2,5 пайыздық несие берілуде. Алайда, мемлекет тарапынан алынған несие мақсатты жұмсалуы тиістігін баса айтты.
Сұрақ-жауап кезеңінде Шайдана ауылының тұрғыны Дербісәлі Мәліков ауылдағы бастауыш мектептің әбден тозығы жеткенін, жергілікті билік өкілдері жаңа мектептің құрылысына ақша бөлгенін, алайда әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталмағанына күйінішін білдірді. Бұл сұрақ төңірегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдрасилова аталған елді мекенде жаңа орта мектептің құрылысы келер жылы басталып, 2025 жылы аяқталатынынан хабардар етті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары 2,5 пайыздық несие берілудегі талаптардың тым күшейіп кеткендігін айтып, шағымданды.
Аймақ басшысы жайылым тапшылығын шешу және «Ауыл аманаты» жобасының шарттарын түсіндіру бойынша тұрғындармен жүргізілген жұмыстың әлсіздігін сынға алып, жауапты мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов көтерілген әрбір мәселе заң аясында, кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді.
Дәл осындай форматтағы кездесу Жамбыл ауылдық округінде де өтті.
Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан қойылған интернет, жарықтың жиі өшуі, өрістегі малдарды кене басуы, қоғамдық көліктің жүруін кешкі сағат 10:00-ге дейін ұзарту, қоқыс шығару, жол жөндеуге қатысты сауалдарға облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жауап берді. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары халықпен жиі кездесіп, өтініштерін тыңдап, мәселелерін шешуге күш салу керектігін, халық пен биліктің арасында мүлде кері байланыс орнатылмағанын қатаң сынға алып, жұмысқа деген жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін ескертті.
«Түсіндіру жұмыстарының жоқтығынан, жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелер қордаланып қалған. Қайталап айтамын, ауыл әкімдігіне жұмысқа деген жаңаша көзқарас керек», деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.
Кездесулерден кейін облыс әкімі ауыл азаматтарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді