- Advertisement -

Ғазиз жүрекпен ғұмыр кешкен жан

13

- Advertisement -

Теміржол деп аталатын саланың қалың ортасында топ жарып, дүйім жұртының алдында дараланған тұлғалар аз болған жоқ. Байзақ Пірманов, Сағымбек Ақшалов сынды саңлақ ағалардың болат жолдың бағына туған ерекше жандар болғандығын айтуымыз керек. Міне осындай айтулы азаматтардың ізін басып, жолын жалғаған кейінгі буын өкілдері де бой көрсетіп, жұртқа жағымды жарқын қолтаңбасын қалдырды. Солардың бірі – Әбдішәріп Бүтіншиев болатын.

Достықтың туын биік көтерген абзал достың шуақты күндері Талас ауданының Үшарал ауылында өтті. Алыс армандарына құлаш сермеп, балалық ұшқыр қиялмен мақсат еткен биіктеріне самғаған сәттері жанына маза бермеген, ертеңіне асыққан, болашағына талпынған. Талаптың тұлпарын ерттеген ұлдың мазасыз шақтарын әкесі Сейітбек ағамыз да сезетін.

Ауыл мектебінде дәріс беретін ұстаздың осы баладан күтері аз болған жоқ. Әрбір ілкімді қадамын жақсылыққа жорып, шығар тауының биік болуын, өмірдің үлкен бәйгесінде алдыңғы лектен көріне беруін бір Алладан тіледі. Әке тілегі, әке үміті алдамаса керек. Әбдішәріп ұлы дүрмектің, сандаған сынақтың бел ортасында төбе көрсетіп, алдағы алар асуларын айқындап, жүрер жолын жарқыратты.

Ол теміржолға бірден келген жоқ. Темірден түйін түйген шебер болудың қарекетімен ғұмыр кешті. Қостанай механикалық техникумын бітірген соң Алматы темір жолында алғашқы қадамын жасап, теміржолшы атанды. Болат жол бойында қара майдың иісін сезініп, осы саланың қайнаған тынымсыз тірлігіне бейімделіп, жастық шағының ең бір жауапты кезеңдерін өткізді. Механик, қауіпсіздік инженері болған жылдардың жүрек жылытқаны, бойға қуат бергені анық. Еңбек ете жүріп, Жамбыл техникалық институтында, Қазақстан теміржолы мамандарын даярлайтын университетте білімін жалғады. «Ел ырысы» акционерлік қоғамында да мамандығы бойынша тер төгіп, бағын сынап көрді.

2002 жылы «Казтранссервис» АҚ Жамбыл филиалы басшысының орынбасары, одан кейін басшысы қызметтерін атқарды. Екі жылдан кейін жаңадан құрылған «Казтеміртранс» АҚ Жамбыл филиалының басшылығына бекітілді. Салмақты саладағы жаңа құрылымды басқару оңайға соқпады. Жүк тасымалдауға арналған вагондарды реттеу, ақауы барларын жөндеп, қалпына келтіру, оларды тапсырыс беретін ірі өндіріс орындарына, түрлі мекемелер мен ұйымдарға уақытылы жіберу, сондай-ақ, жіберілген вагондарды кері қайтару мәселесі осы Жамбыл филиалы ұжымына жүктелген болатын.

Міне, осындай жауаптылығы орасан міндетті тастүйін орындап, тиянақты атқарудың қиындығы жетіп артылатын. Ол үшін осы салада жұмыс істейтін мамандардың іскерлігі мен алғырлығы ауадай қажет болатын. Әбдішәріп күндіз-түні ат үстінен түспей, вагондардың тоқтаусыз қозғалысын қамтамасыз етудің барлық амалын жасап, өзі бас болып, тірліктің тізгінін бекем ұстап, Сағымбек Ақшалов ағасының берген батасы мен тілегін ақтауға барынша күш салды. Бұл талпынысы зая кетпеді. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дегендей, Сейітбек ағаның ұлы 40 жасында еңбегімен қамал алды.

Соңғы жылдары Қазақстан теміржолы «Жамбыл жол бөлімшесі» ЖШС-і директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2021 жылға дейін бұл қызметін сәтті жалғап, құрметті еңбек демалысына шықты. Әу баста болат жолға белді бекем буып келген еді. Сол қалпында, еңсесін биік ұстаған өр тұлғасымен көрінді. Кілең мықтылар шыдас беретін еңбекті еншілеп, ешқашан тоқтамайтын толассыз тірлікте ерекше қажыр-қайрат танытып, қайыспас мінезбен қыруар істер тындырып, төңірегіне шуақ пен жылылық ұялатып, ағалар салған жолды әдемі өрнектеді. Болат жолдың жылнамасына жарқын іздерін қалдырды. Зейнеткерліктің бір жылын өткізген Әбдішәріп ауыр дертпен алысып жүріп, өткен жылы бақилыққа аттанды.

Өмірінің мазасыз шақтары мен қызықты күндері темір жолдың қайнаған қазанында өтті. Өмір бәйгесінде іркіліп қалған сәттері болған жоқ. Тұлпар мінез танытып, қалың дүрмектің ортасынан оза шауып, еңбектің бәйгеторысы атанды. Бедел биігіне көтеріліп, жақсылар мен жайсаңдардың қатарын толықтырды. Ең бастысы – Алланың абыройына бөленді.

Қатар жүріп үзеңгі қағыстырған, жүрегі нұрдан жаралған ардақты азамат жайында өткен шақта сөйлеу неткен ауыр, неткен қиын десеңізші! Алпыстың бел ортасына жақындаған достың арамыздан кеткеніне бір жылдай уақыт болып қалыпты. Жақсы адам бақиға аттанғанда адамның артында үш нәрсе қалады дейді. Олардың бірі – ұрпағы, екіншісі – кісіге жасаған жақсылығы, үшіншісі – жақсы аты мен ізгілікті істері. Құдайға тәуба, Әбдішәріпте осының үшеуі де бар. Жұбайы Баян екеуі екі ұл өсіріп, олардан жеті немере сүйді.

Кезінде ғазиз досқа ғазиз жүректен арнаған өлеңім бар еді. Соны қағазға түсіргенді жөн көрдім.

Жақсы адамдар жүректе жанған шырақ,
Жақсы көрмеу сендерді күнә маған.
Жақсылармен өмірім көркемдірек,
Сендерді көрген сайын арқаланам.

Жамандарды көргенде суып қалам,
Не істерімді біле алмай тұрып қалам.
Жақсылармен өмірім қызықтырақ,
Жақсы адаммен биікке ұшып барам.

Биікте самғай берем ұзақ талай,
Қырандай неге ұшпаймын қалықтамай.
Жақсы адамның сөздері дәрі маған,
Сыйлап өтем жақсыны жаным қалмай.

Шамшырағым жанып тұр жүрегімде,
Білсең ол жақсылардың жаққан шамы.
Жақсы адаммен өмірім бақыттырақ,
Сендей доспен жарасар өмір мәні.

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support