«Театрдан ой-сана өзгереді, көзқарас қалыптасады»
Мәлік Ақүрпеков: «Театрдан ой-сана өзгереді, көзқарас қалыптасады». Аймақ тарихымен тағдырлас, қашанда бір саты биік тұратын киелі сахна төрі – Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы биылғы маусымды жемісті аяқтады. Ал, шығармашылық тайм-аут алған өнер иелері ала жаздай қандай шаруамен айналысады, алдағы жоспарлары қандай, жаңа маусымға не ұсынады деген сауалдар әрбір өнерсүйер қауымды алаңдатары анық. Осы тұста белгілі актер, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпековпен сұхбаттастық. – Таяуда өңір руханиятының қарашаңырағы шекара асып, бір емес, екі елде шығармашылық іссапармен болды. Сіздер алып барған қойылым несімен ерекшеленді және әу бастан жалпы төскейде малы, төсекте басы қосылған қырғыз ағайындармен сахнадағы рухани байланыс дәл қазір қандай деңгейде даму үстінде? – Ақпан айында көршілес Қырғыз елінің Талас облысы заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына қонақ ретінде шақырған болатын. Талас облыстық Қапар Медетбеков атындағы музыкалық драма театрының ұжымы күтіп алып, біздің репертуарымызда 2009 жылы қойылған «Ана – Жер- ана» қойылымымызды көрсеттік. Соны Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов ағамыздың режиссерлігімен қойып қайттық. Сол кезде өз тарапымнан «қатар жатқан облыстармыз, басқа өңірлерден Таласқа келу қиын, ал бізге ары кетсе бір-ақ сағаттық жол, сондықтан қанша дегенмен театрының тілі, үні бір, айтар ойы бар ұжымбыз, сондықтан шығармашылық байланыста болайық», деген ұсыныс жасадым. Ол ұсынысым көршілерімізден жақсы қолдау тапты. Басқосу барысында қырғыз театрының жас режиссері Нұрбек Үрматжанұлы «Онда мен сіздерге «Жәмилә» спектаклін қойсам» деген ұсынысын айтты. Жәмилә қырғыз қызы болғанымен, Данияр қазақ жігіті, сол сәтте мен бірден «онда Жәмиләні қырғыздың артисі, ал Даниярды қазақ актері ойнасын» дедім. Себебі, Шыңғыс Айтматовтың ұлты қырғыз дегенімізбен, оны адамзаттың әдеби-рухани өмірінен бөліп қарай алмаймыз. Тірісінде тау тұлға қазақтың мәдениетімен, әдебиетімен, көрнекті өкілдерімен тығыз байланыста болғаны тарихтан белгілі. Қазақ жерінің киелі топырағында жүріп те «Адамзаттың Айтматовы» қаншама туындылар жазды. Сол үрдісті үзбейік деп актерлер мен театр өнері тарапынан сол сабақтастықты көрсетейік деген ой айттық. Жәмиләға кастингтер ұйымдастырылды. Ақыры Мейірім Атамтаева деген талантты актриса ойнады. Басында біздің Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымына сахнасы тұрмақ, елі басқа артист келіп, біздің ұжыммен мәдени үндесіп, жақсы дүние туғыза ала ма деген күдік те болды. Қанша дегенмен өнер адамдары бір-біріне қолдау болды. Жәмиләні ТМД елдері арасында біраз елдер сахналады. Енді бұл жерде сенің айтатын ойың не болады, қалай ерекшеленеді, соны көрсететін режиссердің шешімі, көзқарасы қандай болады, осы сұрақтар мазалады. «Айтматов шығармашылығындағы Толғанай Сыбанқұлды соғыстан күтіп жүреді, Жәмиланың күйеуі Садық та соғысқа кеткен. Барлығы соғыстың тақырыбы. Осы тағдырлас образдардың барлығын «Жәмилаға» сыйдырамын», деді жас режиссер. Сол идеяны естігеннен кейін қойылымды қойсын деп келісім бердік. Суретшісі – Рахат Сапаралиева өзіміздің осы театрда талай еңбек сіңірген майталман. Бір жарым айдай өңіріміздегі өнер шаңырағында бірлесіп қызмет жасады. Премьерасы 12-мамырда болды. Оған Қырғыз Республикасындағы Ш. Айтматов академиясының профессоры Адалжан Ахматалиев ағамыз өзінің делегациясымен келіп қатысты. Өнер мерекесіне ұласқан шараға Талас облыстық Қапар Медетбеков атындағы театрдың директоры бастаған ұжым, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, тамаша туынды көрерменге жол тартты. Біз солай Шыңғыс Айтматовтың алдындағы қазақ елі тарапынан өзіміздің өнердегі перзенттік парызымызды орындап, үнімізді қостық деп ойлаймын. – Әр елде өміршең қойылымдар, туындылар бар. Бірақ батыстықтар, мұхитасты елдер ондай шығарма авторының мерейтойын күтпей- ақ, жылда көрермен назарына ұсына береді. Ал бізде ше? Мәселен ендігі Шыңғыс Айтматовтың атын немесе шығармасын бес жылдан кейін, яғни жүз жылдығында бір-ақ естиміз ба? – Жоқ, себебі Шыңғыс Айтматов әдебиетке, оның ішінде театрға өлмейтін, өшпейтін мол дүние қалдырып кетті. Сол мұраларды ешқашан ескерусіз қалдырмауымыз керек. Мұндай қойылымдарды ол кісінің айтулы күндерінсіз-ақ халық назарына ұсынуға болады. Жоғарыда атап өткенімдей, екі елдің шығармашылық топтары бірлесіп сол сарынды сахнада көрсеттік. «Жәмиләні» біраз елден көрдім. Бірақ бұл қойылым өте өзгеше болды. Көпшіліктің жүрегін тербеді, көзге жас алдық. Қойылымның өзіндік дәмі де, мәні де керемет әсерлі болды. Күзде оларда үлкен шаралар өтеді екен. Сол кезде қырғыз ағайындар бұл спектакльге Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық лауреаттықты ұсынамыз деген ниеттерін жеткізді. Бұйырса, күзде сондай да жаңалығымыз бар. Одан соң мамыр айында қырғыздық «Тау театрларының» фестиваліне арнайы қонақ ретінде шақырды. Оған да барып қатыстық. Өзіміз деңгейлес театрлардың спектакльдерін көрдік. Біздің «Жәмиләмыз» сахнаға шыққанда жұрт өте жоғары деңгейде қабылдады. Қырғыз Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Қайрат Иманалиев ізгі лебізін айта келе, Жәмиләның енесі болып ойнаған театрымыздың мақтанышы, халық артисі Мәкен Рахымжанова мен Сейіттің рөлін сомдаған жас актеріміз Әнуарға «Манас» медалін тақты. Қырғыз ағайындар «Ұлы жазушының 95 жылдығына орай күзде Бішкекте халықаралық театр фестивалін ұйымдастырамыз, соған қазірден бастап жолдама береміз», деді. Бұл театрымыз үшін үлкен белес. Таутұлғаның ғасырлық тойына дейін де, одан кейін де өнер шаңырағымызда жазушының қойылымдары көпшіліктің назарына ұсыныла беретін болады. – Румыния сапары театр жастары үшін нағыз әлемдік сахнада бақ сынайтын мүмкіндік болғаны белгілі. Әулиеаталық актерлердің өнерін сырт көз қалай бағалады? – Театрымыздың шығармашылық ұжымына тікелей қолдау білдірген облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке айрықша алғыс айтқым келеді. Әрине, тікелей облыс басшысының өзі театрға демеу болып, өнер шаңырағына деген көзқарасының ерекше болғаны бізге үлкен қолдау. Румынияға тек театрымыздың жас актерлары барды. Әлемнің отыз елінің театрлары өнер көрсеткен сахнада біздің артистеріміз керемет шеберліктерін шыңдады. Аталған фестиваль талабы бойынша алдын ала қойылымның видеосын, аннотациясын жібердік. Олар соны көру арқылы шақыру, шақырмауын шешеді. Қуандық Қасымов ағамыздың режиссерлігімен сахналанған «Қозы Көрпеш» спектаклін апардық. Елу минуттық қойылымға эпостық жанр мен фольклорымыздың барлығын сыйдырдық. Бастысы – шетелде спектакльдің құндылықтарын байқадық. Әр елдің қойылымын көргеннен кейін Молдовандар, Болгарлар, Египет, Корей елінің көрермендері бізге «түп тамырларыңыздан үзілмеген мықты ел екенсіздер» деген баға берді. Жалпы, жаһанданудың қоғамға тигізетін әсерлері көп. Көптеген елдер сол жаһанданудан руханияты ақсап, жоғалып кетіп жатады. Бізде «Рухани жаңғыру» бағдарламалары арқылы өткенімізді өшірмей, әлі де қозғау салып қаза береміз, сол арқылы мол мұраларымыз тарих бетіне шыға береді. Бізді көпшіліктің сондай үлкен бағасы марқайтып тастады. Бұл байқауда орын берілмейді екен. Тек үздік қатысушылардың еңбегі арнайы сертификаттармен марапатталады. Еуропаның өнерімен танысуға, ол жақтың актерлерінің шеберлігі, спектакль қою стильдері, трактовкаларымен танысу бізге үлкен әсер сыйлады. Әлемдік театрлардың бүгінгі бағыт-бағдарын білдік. – Театр өнеріндегі еуропалық әріптестеріңізден қандай да бір артықшылықтар, я болмаса кемшін тұстарды байқай алдыңыз ба? – Біз әр қойылымға шығармашылық көзқараспен қараймыз, өзіміздің деңгейімізде саралаймыз. Еуропалық қойылымдардың басым көпшілігінде шешімдерін түсіне алмайсың. Жоғарыда атап өткенімдей, біз қазақ пен қырғыздың жобасын әзірледік десем, бұл жақта Корей елі мен Румынияның Буландра театры бірігіп, Шекспирдің шығармаларын шығарды. Қойылым барысында кәрістер кәрісше, румындар өз тілінде сөйлеп жүр. Ұйымдастырушылардан сұрадым: «Бізде қырғыз бен қазақта тілдік барьер жоқ, түсіне береміз. Ал, сіздердің қойылымды көрермен ретінде мен түсінбеймін. Менің жағдайым қалай болады? Оған қоса кейбір репликалардың аяғын «жеп» қойып жатты. Мысалы, кәріс артисі сөйлеп жатып, сөйлемін аяқтамай оның айтарын румын актері басып кетіп жатыр. Себебі, артистердің өзі тілдік тұрғыда бір-бірлерін түсінбейді. Сол себепті бір-бірлерінің сөзінің қашан аяқталатынын күтпейді, әрқайсысы өздері жаттап алған сөздерді айтып үлгеруге тырысып жатыр. Мысалы бір актер «сен қашан келдің?» деп айтатын болса, «сен қашан...» деп жатқанда анау актер жауап беріп жатыр. Сөйтсем олар «Бұл біз үшін тек бизнес қой» деп жауап берді. 20-30 адам ойнап жүрген қойылым арқылы олар эксперимент түрінде ақша жасауды мақсат еткен. Бұл көңіліме қонбады. Бірақ тамсанған тұстарым да аз емес. Себебі, бізде актерлік мектеп деген ұғым бар. Еуропалық үлкен театр мектептерінің алдын көрген актерлардың шеберліктерінде бізде жетіспей жататын нәрселерді де аңғардық. Түркі дүниесінен тараған қазақы руханиятта, қазақы театрда эмоция басым. Ал, еуропалық шебер актерлер іште жүріп жатқан нәзік сезімдерді үнсіз-ақ жеткізетін иірімдерді мықты меңгерген. Молдованың спектаклін бір ғана актриса керемет алып шықты. Өзімен сөйлессек, театр өнерін Англияда оқып келген екен. Әрине, біз ол жағынан сорлап қалдық деп отырған жоқпыз, жалпы театрдан бөлек, адамдарын, қоғамын алсақ та айырмашылық болуы заңдылық. Қарапайым мысал ретінде біздің қайғыруымыз бен қуанғанымыз, ағылшындардың мұңаюы мен шаттануынан мүлде бөлек. Сол жағынан өзіңді ақтайсың. Жалпы, театрымызда екі-үш айда үлкен серпіліс пайда болды. Артистер көріп өседі. Сыртқа барып келгені де үлкен мотивация болды. Күзде Айтматовтың фестиваліне барғанымыз да жастарға жігер сыйлайды деп отырмыз. – Өнер нәзік сала болғандықтан үнемі қолдауға мұқтаж екені даусыз. Күні бүгінге дейін екі облыстық театрдың бір ғимаратта отырғаны, артистердің айлық жалақысының аздығы секілді қордаланған мәселелер қалай шешілуде? – Бұл мәселенің барлығы облыс басшылығының назарында. Елу жылдан аса уақыт бойы бір шаңырақтың астында жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай, қазіргі уақытқа ілесу процестері жүріп жатыр. Еліміздің экономикасы әлсіреп тұрған уақытта халқымыз ала дорбасын арқалап базарға саудаға кетіп жатса, қазір елдің көбісі рухани орындарға, концерттерге, театрға бет бұруда. Рас, қазір бір ғимараттың ішінде отырғандықтан әрбірінің өз жоспарлары бар, сондықтан кедергі болады. Мысалы, бір айда төрт апта болса, соның екі аптасында орыс, екі аптасында қазақ театры жұмыс жасайды. Әрбіріміздің уақыт еншімізде он екі күн ғана. Сол уақытта халыққа қойылымдар көрсетіп үлгеруіміз керек. Одан бөлек репертуарлық саясатты қараған кезде мен үнемі көркемдік кеңеске және көрермендер ісі жөніндегі орынбасарларыма «театр облыста біреу болғандықтан біз өңірдің барлық жұртшылығын спектакльмен қамтамасыз етуіміз керек. Балабақшадағы баладан бастап, зейнеттегі ата-апаларымыздың барлығы көруге мүмкіндік алуы қажет» деп айтамын. Сондықтан түске дейінгі уақытта балаларға арналған қойылымдар қоямыз. Одан кейін қалай бағыт берсең солай өсетін тал секілді мектеп оқушыларының талғамына сай түстен кейін қойылым сахналанады. Студенттер, ересектер кешқұрым уақытқа келеді. Жалпы, қызметке келгеннен кейін көркемдік жетекшілердің барлығына міндет қойдым, бізде мысалы облысқа қарасты он аудан бар болса, өз тәжірибемде спектакльді тек аудан орталығына қойып кетеміз. Сондықтан 2026 жылға дейін 144-тен аса ауыл клубтарын қамтысақ деген нақты жоспар жасадық. 2021 жылдан бері Меркі, Қордайдың ауылдарын аралап шықтық. Халықтың да көретін дүниесі, алатын әсері болуы керек. Қазір әлеуметтік желіде түрлі нәрселер көрсетіп жатыр. Оған тосқауыл қою мүмкін емес. Бірақ қимылсыз отыруға болмайды. Әлеуметтік желілердің тиімділігін пайдалануға басымдық беріп келеміз. Оның бәрі театрдың өз жемісі. Әкелеріміз кезінде «ауылға театр келетін, ол кезде клуб жоқ, есік жасап қояды, сабан шөппен қоршап қояды, оны аттап өтуге де болады, бірақ театрға деген халықтың махаббаты бөлек болатын» деп айтып отыратын. Шымкент, Түркістан, Алматы облыстарына да шығып жатырмыз. Алда Қарағанды, Астанаға баруды жоспарлап отырмыз. Өнер адамдарының табысы тұрмыстық қажеттіліктерге сай келмейтіні де жасырын емес. Айлықтары 150 мың теңгенің көлемінде болса, пәтердің ақысының өзі 60-70 мыңнан кем емес. Бірақ мәселе назардан тыс деп айтуға болмайды. Кезең кезеңімен шешіледі деген үміттеміз. Түптің түбінде ғимарат мәселесі де шешіледі деген сенімдемін. Тараз қаласы үлкейеді деп жатырмыз. Екі әкімшілікке бөлінеді деген жоспары бар. Әрбірінің өз талабы бар, мәселен 100 мыңдық халқы бар қалада төрт театр болса санаға сыймауы мүмкін. Халқымыздың саны артуына, қала аумағының үлкеюіне байланысты балабақша, мектептермен бірге театр ғимараты да салынады деген ойдамыз. – Репертуарларыңызда өскелең ұрпақ тағылым алатын қандай қойылым немесе үлгі тұтатын қандай кейіпкер бар? – Қоғамда қазір қатты белең алып тұрған нашақорлық, қарттар үйі мен жетімдер, сыбайлас жемқорлық мәселелері репертуарлық саясатымызда бар. Жақында облыс прокуратурасымен бірлесіп жастардың аудиториясына бір ай нашақорлыққа қарсы қойылымдар көрсеттік. Болат Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымын қойдық. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты театр үлкен тәрбие ошағы екені белгілі. Ұрпақ арқылы қоғам қалыптасады. «Періште қонған үй» деген қойылымымыз арқылы да көп дүниелер айтылды. Мәселен, біреу бір баламен қиыншылықтардан шыға алмай жүрсе, біреу көп баламен сол қиындықты жеңіп жүргенін көрсете білдік. Оған қоса тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін, бастарын бәйгеге тігіп, қылыштың қырында жүріп, ел үшін қалай күрескендігін көрсететін қойылымдарды да сахналап келеміз. Одан бөлек, балалардың шығармашылығына келген кезде, рас, өзіміз халық ауыз әдебиетіндегі ертегілерді естіп өстік. Қазір мысалы Алдар көселер жоқ. Себебі қазір ертегілердің ақсап тұрған уақытысы. Ұжым алдында осы мәселені көтердім. Жазғы уақытта біз кейіпкер іздейміз. Шетелдің «Өрмекші адамын», «Бетманын» алып, құрастырудан ешқандай пайда жоқ. Алысқа бармай- ақ, осы Тараздың аумағында Ақыртас, Айша бибі мен Қарахан секілді небір кейіпкерлер бар. Біссімілләсін «Ақыртас туралы аңыз» қойылымынан бастадық. Белгілі тарихшы Сауран Қалиев ағамызбен сөйлесіп біраз мағлұмат, кітаптар алып, пьеса жазу тілін білетін Сәнтөре Пірманов ағамызбен бірлесіп сахнаға шығардық. Балалар жақсы қабылдады. Ертең ол балалар Ақыртасқа барғанда «театрда көрген оқиға осы жерде болған екен» деген түсінік қалыптасады. Сол секілді «Төрткүл Ханзадасын» 2022 жылы шығардық. Бұл арқылы бір жағынан балаларға танымдық сабақ береміз, екінші жағынан ертегімен қамтимыз. Бала естігеннен көргенді тез қабылдайды. «Төрткүл ханзадасы» деп тақырыбын өзім қойдым. Одан соң ханзаданың прототипін іздедім. «Неге осы тек Тараз төңірегінен шықпаймыз, ел аумағын қамтысақ қалай болады?» деп ойладым. Негізі «Төрткүл Ханзадасы» деген анимациялық мультфильм түсірілсе, оның прототипі етіп қазір әлемге танымал Димаш Құдайбергеновты қойса, музыкалық-анимациялық керемет дүние шығары сөзсіз. Ең қаралымы жоғары, екіншіден туризмді дамытудың мықты жолы болар еді. Кезінде қазақы фильмдерге Әміре Қашаубаевтардың даусын пайдаланды ғой, сол секілді Димаштың өз даусын пайдаланса тіпті қатып кетеді. Бұл әрине министрлік деңгейінде қолға алынатын мәселе, дегенмен осыны Жамбыл облысынан бастап жіберсе, керемет дүние болатыны анық. – Өнер ошағынан өнеркәсіп орындары маңыздырақ бүгінгідей нарық заманын театрсыз қалай елестетер едіңіз? – Шерхан Мұртаза ағамыз «театр көбейсе, түрме азаяды» деп жақсы пәлсапалық ой айтып кетті. Одан асырын ешкім айта алмайтын шығар. Түсінгенім, адамның материалдық жағдайы көтерілген сайын рухани жағы құлдырай береді. Ал руханияттың бірі – осы театр. Бұрынғы уақытпен салыстырсаң, адамдардың, ата-анамыздың, дос- жаранның, көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасы бірінші кезекте тұратын. Қазір соның барлығы үзіліп, алыстап бара жатқан секілді. Адамзат қазір жұмыстың көп болуынан қоғамдық механизмге ілесіп жүріп руханиятын қалдырып бара жатқан сыңайлы. Бәлкім қоғам театрсыз да өмір сүруі мүмкін. Бірақ сонау ежелгі замандардан бері өлмей келе жатқан өнер тоқтаған емес. Адам құлазығанда, жанына бір нәрсе керек кезде мешітке барып жұбанып жатады. Театрға келген кезде де ой-сана өзгереді, көзқарас қалыптасады. «Бұл тек менің ғана басымдағы қиындық емес екен ғой, оны жеңуге болады» деген рух пайда болады. Себебі, сахнада шынайы адамдардың тағдыры көрсетіледі. Театр әр уақыттың тыныс-тіршілігінің шырақшысы. Біз әрдайым халықтың жан дүниесімен бірге жүреміз. Қазіргі уақыттың театры таланттан бөлек, фактура, пластикасы, одан бөлек интелектісі жоғары өнер адамын талап етеді. Халықтың талғамы өте жоғары. Сондықтан да театрсыз қоғамды елестете алмаймын. Соғыс уақытында да театр тоқтаған жоқ. Фронтқа барып та артистеріміз жауынгерлердің рухын көтерді. Зауыттың жоқтығы, кәсіпорынның жоқтығы қоғамға ауыр соққы бола қоймас. Ал, театр секілді өнер ошағының болмауы халық руханиятының жойылуына әкеп соғады деп санаймын. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді