«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ісіне береке дарыған «Бекен»

Ісіне береке дарыған «Бекен»
ашық дереккөз
Ісіне береке дарыған «Бекен»
Ықылас танытып, ыңғай білдірмесең, еңбекте береке болмайды. Бұл – «Бекен» шаруа қожалығының төрағасы Нұржаппар Исахметовтің өмірдегі басты ұстанымы. Содан болар, оның тірлігі тындырымды, шаруасы мығым. Әкеден қалған кәсіпті жалғастыруды мұрат тұтқан Нұржаппар түлік басын асылдандырып ғана жатқан жоқ, шабындыққа шалғы салып, бақша өнімдерін түптеп, қара жерден нәсібін айырып отыр. «Бекен» – аудандағы алғашқы болып ашылған шаруа қожалықтың бірі. Атакәсіптен хабары мол, мал танып өскен Орынбасар Исахметов ойсыл қараның тұқымын көбейту жолында аз бейнет тартқан жоқ. Ел тәуелсіздігін алған қысылтаяң уақыттың қиындығына төтеп беріп, шаруадан шашау шығармады. Табандылық танытып, қолдағы кәсібін сақтап қалды. Мұны қатар жүрген замандастары әлі күнге айтып отырады. Араға уақыт сала қоңсы қонған «Дәулет» шаруа қожалығымен бірігіп, іріленді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, соншалық қажыр-қайрат жұмсалып құрылған қожалықтың тізгіні бүгінде ұлы Нұржаппардың қолында. Бала шақтан шаруаның қыр-сырына қанығып, көңілге тоқып өскен ол талай жылдан жиналған тәжірибесін іске жаратып отыр. Кәсіп кеңейсе, жауапкершілік күшейеді. – Шаруа қожалықтың құрылғанына 30 жылдан асып барады. Қазір иелікте 150-ге жуық асыл тұқымды ірі қара, 700 бас қой-ешкі және жылқы малы бар. Ет бағытында жұмыс жасайтындықтан Меркі ет комбинатына жылына 200-300 бас тоқты өткіземіз. Сиыр мен жылқы етін нарыққа, яғни базарға шығарамыз, – дейді шаруашылық жайымен бөліскен Нұржаппар. Төскейге өргізіп отырған осынша мал басына қыстық азықты шаруа қожалықтың өзі әзірлейді. Қазір игеріп отырған 4,5 мың гектардың 300 гектары шабындық болса, 270 гектары суғармалы алқап. Ал, қалғаны жайылымға бөлініп отыр. Қайбір жылдары Нұржаппар Орынбасарұлы Жалпақтөбеден келген дүнгендермен бірігіп, 130 гектарға пияз отырғызғаны бар. Тамшылатып суару технологиясын пайдаланып, мол өнімге қол жеткізген сонда. Баптай білсең, құмдақ жерге де көкөністерді егуге болатындығын олар осылайша ісімен дәлелдеп берген. Қазір қожалық басындағылар қысқы мал азығын әзірлеуге кіріскен. 15 гектарға жүгері, 100 гектарға жоңышқа отырғызған. Алайда, күннің райы қарайласып тұрғанымен, ағын судан мәселе туындап отыр. Шаруаның айтуынша, бұл түйткіл соңғы екі жылда дала жұмыстарына кедергі келтіріп жатқан көрінеді. – Алқапқа келетін су мөлшері төмен. Салдарынан шабындық көлемін азайтуға тура келді. Жоңышқаға орақты биыл кеш салдық. Алғашқы орым аяқталуға жақын. Бұрындары егілген жоңышқаны күз айларына дейін төрт, тіпті бес рет орып алатынбыз. Қазір ағын су тапшылығынан орым екі есеге азайды, – дейді шаруаның өзі. Гектарына 30-40 центнерден жүгері, 200-250 түк жоңышқа жинайтын шаруа келер жылдағы жағдайға алаңдаулы. Нұржаппар жағдай бұлай қайталана беретін болса, шаруа қожалығы үлкен қиындыққа тап болатындығын жасырмайды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын білдірген Нұржаппар Исахметов: «Уақ мал мен сиырға, тыңайтқыш пен дизель отынына субсидия аламыз. Оның өзі үлкен көмек. Қазір қолда 15-ке жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оларды науқандық жұмыстарға пайдаланамыз», – дейді. Шаруа қожалығында 4 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Ал, маусымдық жұмыстарға қосымша 7-8 адам тартылады. Еңбекақылары 200-300 мың теңге көлемінде. Қауырт жұмыс білек күшімен жеңілдейді. Мұны жақсы түсінген Нұржаппардың інісі Ержан мен үлкен ұлы Нұрхан қолқабыстарын тигізіп, істің басында жүр. Биыл аталған қожалықта 100 бас аналықтан 95- 100 бас төлге қол жеткізген. Өздері мұны Жаратқанның берген ризық-несібесіне балап, шүкіршілік етеді. О бастан «Бекен» шаруа қожалығы қайырымдылық шараларынан тыс қалып көрген емес. Қандай да бір игі істердің басында Нұржаппар бастаған шаруа қожалық мүшелерінің есімдері аталады. Мәселен, қожалық жылда Ақкөл ауылындағы мұқтаж отбасыларына 1 сиыр, 10 қой-ешкі үлестіреді. Бұл бұлжымайтын дәстүр.  

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар