Жүк вагоны рельстен шығып кетті

Жүк вагоны рельстен шығып кетті
ашық дереккөз
Жүк вагоны рельстен шығып кетті
Күні кеше, нақтырақ айтқанда 17 шілде күні сағат 01:29 шамасында Шу ауданы, Аспара станциясында «Тараз-Шу» бағытындағы жүк пойызының вагондары жолдан шығып, соның салдарынан жолаушылар пойыздары тоқтатылды. Анығында 1 электровоз, 1 тепловоз, 4 вагон рельстен шығып кеткен. Вагондағы бір күзетші дене жарақатымен Шу қалалық ауруханасына жеткізілген. Болат жолдың 50 метрі зақымдалып, 12 жолаушы пойызы өзінің барар бағытына жету уақытынан кешікті. Орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов пен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков оқиға орнында барлық тиісті шараларды қолға алды. – Түннен бері осындамыз. Түске дейін екі жолдың біреуі іске қосылып, жолаушы пойыздардың жүруі қайта қалпына келтірілді. Екінші жолда жұмыстар жалғасуда. Қосымша мәлімет беріледі. Техника да, мамандар да жеткілікті. Жолда қалған жолаушыларға су таратылып, қажетті көмек көрсетілуде, – деді Шу ауданының әкімі. Қазіргі таңда «Қазақстан теміржолы» мекемелерінің жүзге жуық қызметкерлері жұмылдырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдар ашылып, пойыз қатынасы жолға қойылуда. Оқиға салдарын жоюға Шу және Тараз станцияларының қосымша пойыздары жұмылдырылды. Компания жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Облыстық Төтенше жағдай департаментімен жедел штаб құрылып, азаматтарды психологиялық қолдау үшін «Жедел желі» іске қосылды. Сонымен қатар, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы облыста жүк пойызының рельстен шығып кетуін тергеп-тексеретін арнайы комиссия құрды.

Дайындаған Қ.РАХМЕТУЛЛИНА.

Ұқсас жаңалықтар