«Ұлы даланың» мәселелері назарға алынды

«Ұлы даланың» мәселелері назарға алынды
ашық дереккөз
«Ұлы даланың» мәселелері назарға алынды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы 15-ші «Ұлы дала» шағынауданы және «Бурыл» тұрғын алабындағы бірқатар құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті. Әуелі «Ұлы дала» шағынауданында салынатын 1200 және 2000 орындық жайлы мектептердің жобасы мен құрылыс аумағын көрген аймақ басшысы маусым айында басталуы тиіс жұмыстардың әлі күнге дейін қолға алынбағанын қатаң сынға алып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Жалпы, биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс бойынша 7 мектептің құрылысы жүзеге асады. Сонымен қатар, облыс әкімі Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы No16 жер теліміндегі 1200 орындық мектептің, бес қабатты 10 тұрғын үйдің және саябақтың құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Саябаққа мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары салынып, орындықтар қойылады. Аталған шағынаудандағы «Otbasy банк» арқылы пайдалануға берілетін көпқабатты үйлердің аулаларының жағдайымен танысқан аймақ басшысы автотұрақтардың көлемін арттыру қажеттігін баса айтты. Ал, осы аудандағы No21 жер теліміндегі 1200 орындық мектептің құрылысын мердігерге жаңа оқу жылына дейін аяқтап, тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ, Нұржан Молдиярұлы «Бурыл» алабының тұрғындарымен кездесіп, шешілмей жүрген түйткілді мәселелерін тыңдады. Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, тұрғындар күрмеуі қиын жол мәселесін және абаттандыру секілді өзге де түйткілді сауалдарын жолдады. Өз кезегінде аймақ басшысы аталған мәселелер 1-2 жылда шешімін табатынын, қазіргі таңда тиісті шаралар қолға алынып жатқандығын атап өтті. Облыс әкімі барлық құрылыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау керектігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

«Aq jol»-Aqparat. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар