«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа өмірге жолдама

Жаңа өмірге жолдама
ашық дереккөз
Жаңа өмірге жолдама
Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің түлектеріне салтанатты түрде дипломдар табыс етілді. Өскелең ұрпақтың өміріндегі айтулы шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, білім биігінен қанат қаққан жастарға сәттілік тіледі. «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға сондай-ақ, өңірімізге белгілі ғалымдар, білім, өнер бәсекелерінде табыстарға қол жеткізген жеңімпаздар қатысты. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің видео құттықтауымен ашылды. Айта кету керек, биылғы оқу жылында аталған білім ордасын 220 студент, сондай-ақ, GPA деңгейіне жеткен 21 магистрант үздік бітіріп отыр. Бұдан бөлек қоғамдық, ғылыми, әлеуметтік-мәдени жұмыстарда әртүрлі жетістіктерге жеткен студенттер мен спорттық және ғылыми салаларда айтулы табыстарымен көзге түскен ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастар да шараға қатысты. Бүгінгі таңда мемлекетімізде білім аламын деген жастар үшін мол мүмкіндіктер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет және жергілікті билік тарапынан білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарына бакалавриатқа 30 грант, резидентураға 30 грант бөлінген. Келер оқу жылына жергілікті бюджет есебінен бұл бағытта 90 орын грант бөлінуде. Өңірдегі жоғары оқу орындарының ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің алар орны ерекше. Алпыс жылдан аса тарихы бар оқу ордасының өткені мен бүгіні қаншалықты мақтаныш болса, келешегі де біздер үшін соншалықты маңызды болмақ. Бүгінгі таңда университет қабырғасында он бес мыңнан астам жас білім алуда. Биыл 3 800-ден аса түлек оқу бітіріп жатса, соңғы бес жылда университет қабырғасында 25 000-нан астам маман даярланған. Олар еліміздің түкпір- түкпірінде ел болашағы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл бір ғана өңірлік университет үшін аз еңбек емес. Осы орайда студенттерге білім беруде аянбай, ардақты ұстаз атанып отырған университеттің 936 оқытушы- профессорлар құрамына ризашылығымды білдіргім келеді. Қазіргі таңда университет ұжымы мен студенттер құрамы әйгілі тарихи тұлға Мұхаммед Хайдар Дулати есімін әлемге танытып, биіктерден көрініп отыр. Айталық, ағымдағы жылы университет әлемдік 5 000 үздік жоғары оқу орындары арасында Халықаралық «QS World University Rankings» агенттігінің рейтингісі бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Айрықша атап өту керек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі жұмыс берушісі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында «Қос диплом» бағдарламаларын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампус «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы ТМД-дағы алғаш жүзеге асырылып отырған жаңа жоба. Жаңа оқу жылында Тараз қаласындағы №7 мектеп- гимназиясында пилоттық режимде екі Д.И.Менделеев сыныптарын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механизациялау институты» Ұлттық зерттеу университеті арасында да қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Мұндай бірлескен жобалар өңірімізге қажетті білікті мамандарды даярлауда өз нәтижесін береді деп сенеміз. Жалпы, бұл игі шаралар білім мен ғылымның ілгері дамуына жетелейтіні сөзсіз, – деп Нұржан Молдиярұлы алғашқы үздік дипломдарды иелеріне өзі табыстады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма Төрағасы- ректор Мұхтар Байжұманов сапалы да білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау жолындағы іргелі оқу ордасының жетістіктерін айрықша атап өтіп, биылғы түлектерге толағай табыс тіледі.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар