«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауырт шақ

Қауырт шақ
ашық дереккөз
Қауырт шақ
Жаз айлары – жер жыртып, егін салатын, төрт түлік мал өсіретін шаруа үшін нағыз қайнаған қауырт шақ. Ел ырысы – алтын дәнді ысырапсыз жинап алу үшін, ерте көктемнен бел жазып тыным таппайтын еңбек адамдары үшін егін орағы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, егін ору науқаны басталғанына екі аптадан аса уақыт өткен. Қазіргі кезде жауапты науқан Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарында қызу жүріп жатса керек. 4 шілдеде облыс бойынша жиналатын 378,8 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 29,1 мың гектары орылып, жалпы түсім 34,3 мың тоннаны (бункерлік салмақта) құраған. Ал, облыс бойынша әр гектардан алынған өнім гектарына 11,8 центнерден, Т. Рысқұловта – 14,5, Байзақта – 12,6, Шуда – 12,1 және Жамбыл ауданында гектарына 11 центнерден айналған. Облыста егін орағымен қатар, мал азығын дайындау да қарқын алғанын 352,6 мың гектар алқаптың шөбіне шалғы түскенінен аңғарамыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Биыл облыста 2,6 миллион тоннадан астам мал азығын дайындау көзделсе, оның ішінде 2,2 миллион тонна пішен, 105 мың тонна пішендеме, 438 мың тонна сабан, 102 мың тонна сүрлем бар. Қазіргі уақытта барлық аудандарда шөп ору науқаны басталып, қызу жүріп жатыр. Облыста 184,7 мың гектар көпжылдық және 27,9 мың гектар біржылдық шөп, 135,4 мың гектар табиғи шабындық, 4 мың гектар сүрлемдік жүгері ору жоспарланған. Бүгінгі күні 183,1 мың гектар көпжылдық шөп, 22,3 мың гектар біржылдық шөп және 76,6 мың гектар табиғи шабындық орылса, 1,2 миллион тонна пішен, 15,4 мың тонна пішендеме, 30,6 мың тонна сабан дайындалып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. Айта кету керек, облыста өткен жылдан қалған қолда бар мал азығы 218,7 мың тоннаны құрайды. Биыл – қоян жылы. Әрине, бетін аулақ қылсын дейміз, сонда да бірнеше жылда қайталанып келетін жұт осы қоян жылында орын алатыны жеке шаруашылық құрылымдарының басшыларынан бастап, аудан әкімдерінің есінен шықпаса дейміз. Азықтық арпа-бидайдың, жүгерінің мол қорын жасап, сай-сала, арық-атыздағы, өзен-көл жағалауларындағы көк құрақтың бір талын қалдырмай орып, жинап алу маңызды. Қыстың көзі қырауда мал қолға қарап қалатын күндерде төрт түлікті өлім- жітімсіз шығару үшін жемшөптің мол қорын мықтап тұрып жасау керек.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар