Жемісті жетпіс жоба – инвестиция игілігі

Жемісті жетпіс жоба – инвестиция игілігі
ашық дереккөз
Жемісті жетпіс жоба – инвестиция игілігі
Былтыр Тұрар Рысқұлов ауданында жалпы құны 451,8 миллион теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылса, биыл 6,5 миллиард теңгеге 70 жоба ел игілігіне айналып, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында аудан аумағында 195 ірі және шағын инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Ернар Есіркепов жан-жақты тоқталып өтті. Жалпы, ауданның сан саласында нәтижелі жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар да ауқымды. Алдымен аудан әкімі жыл басынан бері жоспарлы жұмыстарды саралай келіп, биыл пайдалануға берілетін нысандарды тілге тиек етті. – Биыл бірінші жартыжылдықта ауданымыздағы 3 елді мекенге, атап айтқанда Жаңатұрмыс, Қазақ, Сәлімбай ауылдарында орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлердің алғашқы нүктесі пайдалануға берілсе, екінші нүктесін жыл соңына дейін пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлерін мұқтаж 20 отбасыға табыстайтын боламыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Көкдөнен ауылдық округі Жақсылық ауылынан 75 орындық балабақша ашылды. Бүгінгі таңда Шолақ Қайыңды ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Аудан тұрғындарының жүйелі спортпен шұғылдануын және инфрақұрылымды дамыту мақсатында құны 856,5 миллион теңге болатын 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, Көгершін ауылынан 90 орындық мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Ақыртөбе ауылынан мәдениет үйінің және Жаңатұрмыс дене шынықтыру- сауықтыру кешені құрылысының жұмыстары басталатын болады, – деді Ернар Серікәліұлы. Аудан басшысының айтуынша, ауданда қант өнеркәсібін дамыту мақсатында егін алқабының көлемі екі есе артыпты. Одан бөлек, ауданда жұмыссыздықты азайту мақсатында әкімдік, Құлан агротехникалық жоғарғы колледжі және аудандағы ірі жұмыс беруші кәсіпорындармен үш жақты меморандумға қол қойылған. Осы бағытта жалпы 150 білімі жоқ жұмыссызды оқытып, жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр екен. Өз сөзінде аудан әкімі каналдардың мәселесін де атап өтті. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданы бойынша 18 канал бар болса, оның 11-і аудан әкімдігінің теңгерімінде. Оның біреуін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бүгінгі күнге құрылыс бөлімі арқылы конкурсқа құжаттары әзірленіп жатса, қалған 10 каналға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 50,5 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Сонымен қатар, аудан әкімі игілігі мол инвестициялық жобаларға да кеңінен тоқталып өтті. – Бүгінгі күнге ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 6684 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылған адамдар саны өткен жылдың қорытындысымен 7293 адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 5,1 пайызға өскен. Аудан бойынша 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 61,9 миллиард теңгені құрайтын 195 ірі және шағын инвестициялық жобалар айқындалып, былтыр жалпы құны 451,8 миллион теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде тұрақты 106 жұмыс орны ашылды. Биыл құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын 70 жоба жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күнге 237,1 миллион теңгеге 14 жоба толық іске асырылып, нәтижесінде 29 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды, – деді бұл туралы аудан әкімі. Ернар Серікәліұлы өз баяндамасында аудандағы өзекті мәселенің бірі – жайылым жерлердің тапшылығы екенін айрықша атап өтті. Бұл бағытта елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде 143 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталыпты. Аудан басшысы бұл ретте биыл қосымша елді мекендердің жайылымын ұлғайту үшін 9,0 мың гектар жер учаскесі қосылып берілетінін жеткізді. Аудан әкімі басқосу барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан сан салаға қатысты айтылған сауалдарға жауап берді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар