Академия түлектерімен кездесті

Академия түлектерімен кездесті
ашық дереккөз
Академия түлектерімен кездесті
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалында Академияның биылғы түлектерімен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары, аталған академияның 2008 жылғы түлегі Еркін Үйсімбаев қатысып, жастарды еркін әңгімеге, ашық сұхбатқа шақырды. Филиал директоры Рауан Садырқұловтың айтуынша, биыл академияны 9 түлек бітіріп отыр екен. Айта кетерлігі, мұндағы Академия түлектерінің табысы да аз емес. Мәселен, Берік Бегалиев пен Алуа Юсипованың магистрлік диссертациялық жобалары республикада «Үздік жоба» деп танылса, Жансерік Аманбай ҚР Мемлекеттік істері агенттігі төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Жиында түлектер өздерінің ойларымен бөлісті. Жансерік Аманбай Академияға екі жыл өте алмай жүріп түскенін әңгімелесе, Әділ Алтынкоп мұндағы артықшылықтарға, осы кезге дейінгі қызметі Талас ауданы әкімінің кеңесшісі болғанына тоқталды. Түлектер Еркебұлан Алтынбеков, Алуа Юсипова, Ақтолқын Шналы, Әсем Жолдыбаева өз ойларымен бөлісті. Әділ Алтынкоп облыс әкімінің орынбасарына ұсыныс ретінде: «Бізде бір идея бар. Бір ауданның басшылық құрамына кілең Академия түлектерін қызметке қойып, тәжірибе алаңы ретінде сынап көрсе» деп өз ойын айтты. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы: «Ұсыныс айтқан жақсы. Бірақ, бұл жердегі білім бөлек, нағыз қызметке барғандағы халықтың талабы бөлек. Басшылық қызметке білімнен де басқа тәжірибе қажет болатын кездер бар. Сондықтан, бұл мәселеге ойланып барып қадам жасау керек. Ал, қызметте төменгі сатыдан бастап сатылап өскен жақсы. Әр қызметте жүргенде керекті тәжірибеңді жинайсың», деді. Академияға құжат тапсырушы үміткер Ғазиза Естаева «Академияның берері көп екенін білдік, түсіндік. Биыл құжат тапсырып жатырмыз. Бұйырса мақсатымызға жетсек, академия мектебінен өтсек дейміз», деп өзінің ниетін білдірді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылады. «Академия үш негізгі нәрсені береді. Біріншісі дос табу, екіншіден білім- біліктілігіңді арттыру, үшіншіден студент ретінде жастық шаққа қайта оралу. Біз Академияда қазіргідей жоғары мүмкіндік жоқ кезде оқыдық. Жеке жатақханасы да жоқ еді. Қазір жылдан жылға білім сапасы да артып келеді. Академияның білімін алғандарыңыз дұрыс. Облысымызда 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметшілер бар болса, биыл академияны бітіріп жатқаны 9 түлек. Бұл саусақпен санарлық қана. Демек, сіздердің артықшылықтарыңыз бар. Алайда, қызметтегі белсенділік біліммен қатар мол тәжірибемен келетінін ұмытпаған жөн», дей келе, Еркін Құлымбайұлы барлық түлектер мен үміткерлерге табыс тіледі.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар