Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен

Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен
ашық дереккөз
Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен
«Формат-Принт» баспаханасынан құқық қорғау саласы мен Ұлы Отан соғысының ардагері Серікбек Орынбеков туралы естеліктер топтастырылған «Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен» атты жинақ жарық көрді. Милиция (қазіргі полиция) майоры Серікбек аға Орынбеков тірі болғанда бұл күндері 100 жасқа толар еді. Ол Сарысу ауданы, Маятас ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің (ҚазМУ-дің) заң факультетіне түсемін деп арман қуып жүргенінде кенеттен сұрапыл соғыс басталып, тыныш өмірді астаң- кестең етті. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген үндеуге үлес қосқан ел-жұрт уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етіп, ер-азаматтар, жалынды жастар елін басқыншы фашистерден қорғауға майданға аттанып жатты. Оңы мен солын тани бастаған С.Орынбеков те армияға алынып, қолына қару ұстап, аласапыран соғыс даласынан бір- ақ шықты. Жан беріп, жан алысқан, оқ пен оттың ортасында жүріп, кескілескен соғыс қасіретін басынан кешіріп, екі рет жарақат алып, әскери госпитальдарда емделіп, 1944 жылы соғыс мүгедегі болып елге оралады. «Денсаулығымды түзеймін, емделемін» деп жүруге уақыт жоқ, халқына қызмет етіп, жеңіске үлесін қосу үшін Сарысу аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрып, қызу еңбекке араласып кетеді. Соғыс жеңіспен аяқталып, ел есін жинай бастаған кезде бала кезден арманы болған ҚазМУ-дің заң факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны сәтті тәмамдайды. Алдына қойған мақсаты орындалған ол тергеуші, аға тергеуші, Қаратау қалалық, Талас аудандық ішкі істер бөлімдері басшысының орынбасары, кейінірек Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімін біраз жылдар абыроймен басқарады. Бірақ, сан етінде жүрген қорғасын оқ уақыт өте келе мазасын алып, денсаулығына кері әсер бере бастайды. Республикалық әскери госпитальға барып, жылдар бойы денесінде жүрген оқты алдырады. Қызметке қайта кірісіп, жастарды қамқорлығына алып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, зейнет жасына жеткенше адал еңбек етеді. Әрине, мемлекет оның ұзақ жылдардағы ерен еңбегін орынды бағалап, бірнеше орден, медальдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттап, атақтар береді. Серікбек аға Орынбеков жұбайы Дауылкүл Жиенбаева екеуі 3 ұл, 5 қыз өсіріп, оларға жақсы, өнегелі тәрбие, барлығына жоғары білім береді. Бұл күндері олар еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада абыроймен еңбек етіп, өскен-өркендеген отбасылар. Үлкен ұлы Мұханмадияр Мәскеу Мемлекеттік университетінің философия кафедрасын үздік тәмамдап, кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алып, ҚазМУ-дің кафедра жетекшісі болды. Екінші ұлы Мадиярбек спорт саласында ұзақ жылдар абыроймен еңбек етті. Кенже ұлы Бекболат мемлекеттік қызметте еңбек етті. Бүгінде еліміздің Парламенті Сенатының депутаты. Қыздарының бірі – ғалым, екіншісі – ұстаз, үшіншісі – заңгер, құқық қорғау қызметкері. Әке мен шешенің сенімін ақтап, отбасының туын жықпай келеді. Өмір сабақтастығы деген, сірә, осы болар! Бұл кітапқа облысымызға белгілі полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев, полиция полковниктері Нұржан Дүйсебаев, Қалдыбай Тұрманов, Нұрлыбай Айтжанов, ішкі істер қызметінің ардагерлері Төлеу Үшқоңыров пен Болат Төлебаев, еңбек ардагерлері Жандарбек Каленов, Жұмабай мен Сырғакүл Жиенбаевтар бастаған әріптес- замандастары, бұрынғы қызметтестері, іні- бауырлары мен ұрпақтарының жүрекжарды, сағынышқа толы естеліктері енгізіліп, отбасы архивтерінен алынған хаттар, құжаттар көшірмелері, қолжазбалары мен өлең шумақтары келтіріліп, көптеген фотосуреттермен безендіріліпті. «Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен» атты кітапты әділдікті ту еткен өнегелі өмір иесі, ұлағатты әке, айналасына жан шуағын төге білген ардақты Серікбек Орынбекұлына ұл- қыздарының лайықты ескерткіші деп ұғамыз. Саналы ғұмырын құқық қорғау қызметіне арнаған абзал жан Серікбек Орынбековтің өмір белестері, қажырлы еңбек жолы, қызметке деген адалдығы мен әділеттілігі қазіргі жас ұрпаққа зор тағылым, бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері көпшілікке үлгі.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар