Сайын даланың сарыны

Сайын даланың сарыны
ашық дереккөз
Сайын даланың сарыны
Ұлттық Домбыра күніне орай Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Күмбірле, домбыра» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шара барысында қалалық мәдениет үйінің «Домбыра» үйірмесі Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым», Сүгір Әлиевтің «Ыңғайтөк», Жамағат Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуені», Қуаныш Нүкішевтің «Шабыт», Мұрат Сыздықовтың «Мұраттың төкпесі» атты күйлерін нақышына келтіре орындады. Одан бөлек «Отаным» әнін Берік Жорабеков, «Самға» әнін Рахматулла Ұлмекен, «Ақбай» әнін Ахмет Назым, «Таразым» әнін Ақтөре Асқар, «Қазақстаным» әнін Алихан Уәлиханұлы, «Алтын бесік» әнін Диана Тұрсынбек секілді талантты өнерпаздар орындап, кеш көркін қыздырды. – Үйдегі немерелерімнің алдыңғы үшеуі домбыра үйірмесіне барып жүр. Қалғандарының әлі жасы жете қойған жоқ. Домбыра – әр қазақтың шаңырағын шаттыққа бөлейтін ұлттық аспап. Екі ішектен төгілген әуеннің үні ұлт үшін қашанда бөлек екені сөзсіз. Қазір немерелерімнің қатар отырып шерткен күйлері құлағымыздың құрышын қандырып, тыңдаушысын қанаттандыра түседі. Нағыз қазақтың аспабының болашағы қашанда жарқын болып, үні үзілмесе екен деген тілегіміз бар, – дейді көрермен Разия Бекбауова.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар