Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
– Тарихи қысқа уақыттың ішінде Қазақ елі барша әлемге танымал, беделді мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бүгінгі күнімізге мың да бір тәуба деуіміз керек. Өйткені, тарих сахнасынан аз ұлттардың қалайша жоқ болып кеткенін білеміз. Қазақстан әлемге өзін дербес мемлекет ретінде танытуымен қатар, кейбір мәселелерде төрелік ете алатындығын да дәлелдеп келеді. Ал тұғыры биік Тәуелсіздігіміз бізге не берді дегенге келсек, ол бізге барынша құлаш жая жұмыс істеуге жол ашты. Ата-бабамыздың өткенін, еліміздің тарихын зерттеуге, бүкпесіз, бұрмалаусыз өз тарихымызды жазуға, сол арқылы болашаққа даңғыл жол салуға мүмкіндік берді. Жалпы, бұл тақырыпта ұзағынан әңгіме қозғауға болады. Бастысы, әрбір қазақтың жүрегінде «Отанымның мүддесі үшін» деген асқақ сезім бар!
Досымжан ТАҢАТАРОВ, ҚР Президенті оркестрінің әншісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері.
– Мен елімнің бодан болған кезін де, Тәуелсіздік алған шағын көруді де Алла маңдайымызға бұйыртқан ұрпақтың өкілімін. Егемендігіміздің бізге бергені көп. Ең бастысы, мен не жасасам да өз елім үшін жасап жатырмын деген мақтаныш сезімін сыйлады. Шексіз бақыт пен қуанышқа бөледі. Өйткені, біз ата-бабамыздың армандаған ақ таңын көрдік, сол күнде өмір сүріп жатырмыз. Ал енді бізден кейінгі ұрпақ та осындай гүлденген, мамыражай кезеңде өмір сүрсе екен деп ойлаймын.
Гүлнұр ӨМІРБАЕВА, сазгер, Мәдениет қайраткері, ҚазМПУ өнер және мәдениет факультетінің деканы.
– Ең әуелі, Тәуелсіз еліміздің тек ұлтымызға ғана емес, осында өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдеріне бергені мол екенін атап өткім келеді. Салт-дәстүрін жалғастырып, мемлекетіміздің Конституциясы бекіткен Заңдардың аясында өз ұстанымдары мен пайымдарымен өмір сүруге әбден болады. Білім алып, ғылымды дамытамын деушілерге де қолдау мен көмек көп. Бабаларымыздан қалған өшпес мұраларымызды жаңғыртуға да жол ашық. Бір сөзбен айтқанда, боламын деген баланың бетінен қақпай, белінен буып жатқан заман бұл. Ал оның барлығы да Тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болып отыр.
Ғалым ҚАРТАБАЕВ, Талас ауданы әкімінің бірінші орынбасары.
– Тәуелсіздік бізге барлығын да беріп отыр. Кешегі әміршілдік-әкімшілік жүйе халқымыздың өн бойындағы асыл қасиеттерін тұмшалап, асқақ мұрат, ой, идеяларына тұсау салып, ұдайы тұқыртумен болған еді. «Ештен кеш жақсы» деген, тәуелсіздігімізді алуымызбен байланысты қазақ елі бәрібір тұтастай болмысымен жарқырай көрініп, тарих толқынының бетіне қалқып шықты! Әлемдегі дамушы елдердің алдыңғы дүрмегіне ілесті! Мемлекет басшысының сарабдал басшылығының, өткен тарихымызды терең білетіндігінің, алысты болжайтын көрегендігінің арқасында. Тәуелсіздік бізге не берді деп емес, керісінше біз оған не бердік дегенді көбірек ойлап, Елбасы жүктеген міндеттерді жауапкершілікпен жұмыла еңсеруге де тиіспіз. Сонда еліміз, жеріміз қазіргісінен де көркейіп, өсіп, өркендей бермек.
Қайрат НҰРМАНБЕТОВ, ТарМУ Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.
–Тәуелсіздік күні – мерекелердің мерекесі, әрбір мамыражай атқан таңымыздың бастауы, еліміз бен мемлекетіміздің бүгінгі күнгі қарқынды дамуының нысана тұтар кезеңі. Қоғамымыздың қай саласын алмайық – бәрі де баянды жаңалықтарға, жаңаруға толы. Небәрі 23 жыл ішінде өркениеттік нышандары – мемлекеттік билігі салаларға тармақталған, көрші елдермен шекаралары анықталған, Қарулы Күштері жасақталған, рәміздері, ұлттық валютасы қабылданған, қысқасы, әлем таныған қазақ мемлекеттілігі өмірге келді. Ата-бабаларымыз қойны-қонышы байлыққа толы атамекенімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат еткен болса, біз келер ұрпаққа осы аманатты шашауын шығармай, толысқан ұлттық ойдың төңірегінде ұйысқан ақыл-парасатымызбен, ілім-білімімізбен, озық технологияларымызбен табыс етуіміз керек. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді