Жарыс жолында – журналистер

Жарыс жолында – журналистер
ашық дереккөз
Жарыс жолында – журналистер
Жыл сайын 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылатын Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиадасы – журналистер қауымы үшін үлкен мереке. Биылғы дәстүрлі спартакиаданың жалауы Тараз қаласындағы «Ұлан» стадионында желбіреді. Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бұқаралық спортқа БАҚ өкілдерінің қосып жүрген үлесіне тоқталды. Сондай-ақ, журналистер қауымын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова да құттықтап, билік пен халық арасында алтын көпір болып отырған журналистер қауымының қоғамдағы орны мен рөліне тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін Нұржан Қырықбайұлы спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген бірқатар журналистерді басқарманың Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында «Aq jol» газетінің тілшісі Есен Өтеулиев те бар. Жарыс алаңына бірінші болып білегінде күші бар әріптестеріміз шығып, қол күрестірді. Осы бәсекеде «Taraz Press» командасының намысын қорғаған Серік Тәжібаевқа тең келетін қарсылас табылмады. Екінші орынға «Салық тәртібі» командасының өкілі Айдос Әбілов ие болса, үздік үштікті «Aulieata-Media» командасының ойыншысы Дулат Шықпанбетов түйіндеді. Ал, әйелдер арасында «Салық тәртібі» командасының ойыншысы Гүлдерайым Әлімжанова қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Облыстық «Jambyl» телеарнасының журналисі Ардақ Сапибулла қол күрес спортынан да құралақан емес екенін танытып, екінші орынға табан тіреді. «Jambyl-Taraz» командасының ойыншысы Мираш Жолаева қола жүлдеге қол жеткізді. Мұнан кейін желден жүйрік журналистер спартакиада көркін қыздырды. Эстафеталық жүгіруде «Taraz Press» ойыншылары топ жарса, «Тараз-24» және «Jambyl» командалары жүлделі екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Дойбышылар сайысында «Салық тәртібі» командасының сапында өнер көрсеткен Сүндетулла Әбілов ерлер арасында топ жарса, «Тараз-24» телеарнасының қызметкері Нұрбол Қыстаубеков екінші орынды, «Taraz Press» командасынан Данияр Әлімқұл үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында Әсел Бөлекбаева дара шықты. Ал, «Jambyl-Taraz» командасының ойыншысы Айдана Қуатова күміс медальді мойнына ілсе, «Taraz Press» өкілі Ұлдана Жұбай қола жүлдені қанжығалады. Келесі кезекте спартакиада теннисшілердің бәсекесімен жалғасты. Үстел теннисінде ерлер арасында Нарбол Қашаған шеберлігімен көзге түсіп, чемпион атанды. Ақтық бәсекеде бабы келіскенімен, бағы жанбай, қарсыласына аз ғана ұпай айырмасымен есе жіберген әріптесіміз Ғани Сүгірәлиев күмісті қанағат тұтты. Ал, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «AR-AI» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева әйелдер арасында финалға дейін жетті. Финалда «Taraz Press» командасының ойыншысы Гүлдана Абизаға есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Жасыл алаңда бақ сынаған журналистердің бәсекесі де қызықты өтті. «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі спорттың бұл түріне екі команда қосты. «Aulieata- Media» командасы өз тобында «Тараз-24» телеарнасының жарқылдаған жас жігіттеріне аз ғана доп айырмасымен есе жіберсе, «Салық тәртібі» командасымен 4:4 есебімен тең ойнады. Тек «Jambyl TB» командасынан ірі есеппен ұтылды. Екінші топта өнер көрсеткен «Жас медия» құрамасының да жолы болмады. Ал, кіші футболда «Taraz Press» командасы жасындай жарқылдап, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Сонымен қатар, «Jambyl TB» командасы екінші орынды, «Салық тәртібі» командасы үшінші орынды түйіндеді. Спартакиада арқан тарту бәсекесімен қорытындыланып, «Taraz Press» шешуші ойында «Салық тәртібі» құрамасынан басым түсті. Ал, «Jambyl-Taraz» командалары жүлделі үшінші орыннан көрінді. Тартысқа толы болған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «Taraz Press» командасы дараланса, «Салық тәртібі» командасы екінші орынды, «Jambyl» командасы үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаз командаларды Нұржан Қырықбайұлы марапаттап, Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар