«Жаңа есім – 2023» анықталды

«Жаңа есім – 2023» анықталды
ашық дереккөз
«Жаңа есім – 2023» анықталды
Шығармашыл жастардың «Жаңа есім – 2023» жобасы биыл облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен облыста төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоба ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңдерінен тұрады. Биылғы іріктеу кезеңдеріне аудандарға қарасты барлық ауылдың талантты жастары қамтылып, жобаға 500-ге жуық үміткер қатысқан. Жеңімпаздарды марапаттауға арналған гала-концертті тараздықтармен бірге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, өңірімізге арнайы келген Грекия мемлекетінің делегациясы да тамашалады. Құрметті қонақтар қатарында Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиопулос Георгиос, Қазақстан- Грекия Іскерлік Кеңесінің тең төрағалары Ламнидис Томас, Жақсыбек Құлекеев, Грек Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Кеңесшісі Бақытжан Сүйіндіков бар. Кеш «Жаңа есім» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жобаның маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады. – Ауқымды байқаудың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен жеңімпаздар барлық қошеметке лайық. Халқымызда «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген жақсы сөз бар. Бұл байқау сіздердің таланттарыңызды шыңдай отыра өрістеріңізді кеңейтіп, үлкен сахнаға жол салуға мүмкіндік береді. Сіздер осы жобаның кейінгі өнерпаз-қатысушыларына үлгі боласыздар деп сенемін. Шығармашылықтарыңызды дамыту жолында мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер. Баршаңызды жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Еркін Үйсімбаев. Жоба қорытындысымен «аспапта орындау», «эстрада» және «хореография» жанрлары бойынша барлығы 16 үміткер жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарға диплом, статуэтка мен қаржылай сертификаттар тапсырылды. Сондай-ақ, жоба аясында қатысушылардың жаңа әндері енген «Жаңа есім – 2023» CD жинағының таныстырылымы өтті. Шара ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаз өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Ән әуелеп, биден шашу шашылды. Гала-концерт барлық қатысушылардың бірлесіп шырқаған «Жаңа есім» финалдық әнімен түйінделді.  

Ясира МҰҚАНОВА,

оқушы.

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар