Тарихта аттары алтын әріптермен жазылған және еліне әлемдік аренада лайықты орын алып берген ел басшылары бар. Мысалға айтар болсақ, ол Францияның президенті Шарль де Голль мен Түркияның президенті Мұстафа Кемал Ататүркті, Индияның Премьер-Министрі Махатма Ганди мен Оңтүстік Африка елінің президенті Нельсон Манделаны атап кетсек болады. Бұл басшылардың тарихта есімдері мәңгі қалуында не себеп? Неліктен бұл ел билеушілерін елдегі барлық тап өкілдері мен қоса қарапайым халық та жақсы көрді?
Бұған басты себеп, бұл басшылардың ел тәуелсіздігі жолындағы аянбай еткен еңбегі мен ел экономикасын жақсартудағы үлкен реформаларын атап кетсек болады. Әрине кез-келген реформа, жаңа қадам ол үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл басшылар тұсында мемлекеттің экономикасын дамытуда жасаған көптеген қадамдарды, яғни, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктері, шаруаларға тегін жер тарату мен кәсіпкерлерді алғашқы кездерде салықтан босатуы сол елдердің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосты. Экономиканың дамуы көптеген әлеуметтік салалардың дамуына үлесін тигізді. Елі мен жерінің тыныштығы үшін алпауыт елдерге төтеп берді. Қарапайым халықтың жағдайын жақсартты. Халық өз бағасын берді. Елім деп еңіреген басшыларға ұмытылмас ескерткіштер салынып, олар мәңгілік халық сүйіспеншілігіне ие болып, халық жүрегінен орын алды. Бұл тарапта Қазақ елін де кемеңгер басшы басқаратыны бәрімізді қуантады. Елбасы Ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңінде қолына алды. Алып кеңестер Одағы қан талапайға түскен кезде елдігіміз бен еліміздің кеңдігін сақтай білді. Саясаттан гөрі экономикаға көңіл бөлді. Елбасы таңдаған алдымен экономика содан соң саясат бағыты қазіргі таңда өз жемісін беруде. Бұл бағыттың дұрыстығын сол кездің өзінде ең ірі мемлекет басшылары да мойындаған болатын. Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак «Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жеткен экономикалық жетістіктері – бұл Н.Назарбаев пен оның қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасаған саясаты және осы саясаттың арқасында жеткен экономикалық жетістіктері Қазақстанды Еуропада танымал етті», – деді. Өткен ғасырдың 90 жылдарының басында мемлекет алдында мемлекет экономикасындағы жүйелі саясаттар жасау қажеттігі туындады. Олар жаңа экономикалық реформалар ұсынды. Шыны керек, реформалардың мақсаттары мен мағынасы қарапайым халыққа қиын да түсініксіз еді. Үміттен гөрі, күдіктер басым болды. Дегенмен, Елбасының тікелей қатысуымен мемлекетте ауқымды ақша-қаржы, зейнетақы, саяси, құрылымдық және тағы басқа реформалар жүзеге асты. Осы реформа нәтижелері ел экономикасының жақсаруына, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне алып келді. Қазіргі таңда, әлемде дағдарыс толқындары толастамай тұр. Әлемдік экономикада шикізат бағасының күрт төмендеп кетуі жиынтық сұранысқа әсер етіп, дағдарыс салдарын жеңуге мүмкіндік бермей отыр. Осы орайда көптеген дамыған мемлекеттер экономикасы құлдырауда. Мемлекеттерде шағын және орта бизнес даму көрсеткіштері тежеліп, ел бюджеттеріне түсетін қаржы көздері төмендеуде. Дағдарыс салдарынан мемлекеттер өз шығындарын азайтуға мәжбүр болып отыр. Бұл өз тарапынан мемлекеттік қызметшілердің санын азайтуға алып келуде. Тіпті, көбі трансферттік төлемдердің санын азайтуда. Кәрі құрлықта өкімет саясаттарына қарсы шерулер де толастар емес. Осы жағдайда көптеген әлем мемлекеттері 2008 жылғы дағдарыспен күресіп отырғанда Қазақ елі экономикасы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 2000-2010 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы жылдам дамып отырған үш елдің қатарында болды. Еліміз экономикалық көрсеткіштер бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамындағы елдердің көш басында тұр. Өткен жылы Ресей мемлекетінің жалпы ішкі өнімінің өсуі 3,4 пайызды құраса, сол жылы Қазақстан экономикасының өсуі 6 пайызды құраған. 2014 жылы бұл көрсеткіш 7,5 пайызға жетеді деген де жоспар бар. Бірақ, жақында Еуропалық даму және қайта құру банкінің есебінде бұл көрсеткіш биыл Қазақстанда 5,6 пайыз болады деп көрсетілген. Сонда да, бұл көрсеткіш әлемдік экономикада ең жақсы көрсеткіш болып отыр. Әлемдегі ең үлкен, Ұлыбританияның «Эрнст энд Янг» аудиторлық-консалтингтік компаниясының есебі бойынша болашақта, екі жылдан кейін Қазақстан экономикасының өсімі Қытай мен Үнді мемлекеттерінен кейінгі үшінші орында болады, – деп көрсетілген. Қазақстанның экономикасының өсу факторларының бірі ол тиімді географиялық орналасуы. Экономикасы қарқынды дамып отырған Қытай мен Ресей Қазақстанмен шекаралас жатыр. Оның үстіне бұл мемлекеттер Қазақстанның ең ірі сауда серіктестері. Өзінің табиғи қоры бойынша әлемдегі жетекші ел ретінде Қазақстанға Қытай мемлекеті қатты қызығушылық білдіруде. Қазіргі кезде Қазақстанның 20 пайыз мұнайы осы Қытайға экспортталуда. Экономиканы әртараптандыру мақсатында шикізаттық емес секторларда да Қазақстан Қытаймен экономикалық байланысқа түсуге мүдделі. Кедендік Одақ шеңберінде Қазақстан өзінің қызығушылықтарын жүзеге асыруда. Бұл тұтыну нарығында тұратын халықтың саны 170 миллион екенін ескерсек, Одақ ел экономикасына әсер етпей қоймайды. Кедендік Одақ мүшесі Ресейге дамыған елдер тарапынан жүргізіліп отырған санкциялар Қазақ елі кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік беріп отырғаны сөзсіз. «Бизнесті жүргізу – 2013» жобасы төңірегінде жүргізілген Әлемдік банктің есебі бойынша бизнесті жүргізу мүмкіндігі бойынша Қазақстан 49-орында тұрса, «Инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша 10-орында, «Салық салу» көрсеткіші бойынша 17-орында тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіштер. Осы банк инвестицияны салу бойынша Қазақстанды ең тиімді 20 елдің қатарына қосқан. 2016 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 15 мың долларға жетеді, деп жоспарлануда. Экономикалық жетістіктер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда. Қазіргі таңда орташа еңбекақы қырқүйек айында 118 730 теңгені құрап отыр. Халықтың ертеңге деген сенімі мол. Болашақ жетістіктер ауқымын кеңейту мақсатында жақында ғана Елбасының дәстүрлі Жолдауы халыққа жол тартты. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» аталған Жолдауда көрсетілген ауқымды жұмыстар ел экономикасына әсері ретінде жаңадан ашылатын 200 мың жұмыс орны мен Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артатынын атап кетсек болады. Осы жетістіктердің барлығында Елбасының табанды еңбегінің үлесі мол екені күмән келтірмейді. Жолдаудағы жаhандық үрдістерге өзіндік жауабы әрқашанда дайын, барар жолы айқын Қазақ елін басқарып отырған Елбасына халықтың алғысы шексіз. Көптеген сұраулар нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы әлемде ең танымал саясаткерлер қатарында. Президентіміз арқылы Қазақ елін күллі әлем тануда. Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев «Біздің ел талай революцияны өз басынан өткізді, осындай революцияны өткізген кез-келген елдердің қазіргі жағдайы төмен, сол мемлекеттердің ел болып қалыптасуы да екіталай. Алла Сіздерге жақсы басшы берген екен, мұндай бақыт бәріне бұйырмайды», – деген еді. Оны қарапайым халық жақсы түсінеді. Сондықтан, халық Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін болашақ жетістіктерге бастар жолда Елбасының барлық бастамасын қолдауға дайын.
Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді