«Қазсушар» құлықсыз болған соң, каналдар «жыры» қайдан бітсін?

«Қазсушар» құлықсыз болған соң, каналдар «жыры» қайдан бітсін?
ашық дереккөз
«Қазсушар» құлықсыз болған соң, каналдар «жыры» қайдан бітсін?
Соңғы жылдары таудан келетін су көлемі азайғанымен қоймай, канал-тоғандардың да кетігі жамалмай, дұрыс тазармай, ондағы су төгіліп, ысырап болуда. Бұл туралы «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор» жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысында кеңінен айтылды. Аталған кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова жиында «Су каналдары мен дренаждық жүйелерді тазарту және ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы» мәселе қаралатынын айтып, салаға жауапты басқармалар мен мекеме басшыларынан тек тақырыпқа қатысты жұмыстарды айтуды талап етті. Бұл ретте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов облыстың су шаруашылығы жүйелерін қайта жаңғырту бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Аталған жоба аясында 6 ауданда 315 каналды қайта жаңғырту көзделіп отыр екен. Басқарма өкілінің айтуынша, бүгінгі күнге 56 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Оның ішінде 13-іне қаржы аудандық бюджеттерден қаралып, 2022-2023 жылдары механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті. 6 каналды қайта жаңғырту жұмыстарына облыстық бюджеттен 312,9 миллион теңге бөлінсе, қалған 37 каналды қалпына келтіру үшін республикалық бюджет есебінен жүргізу мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының теңгеріміне өткізу көзделіпті. Ал, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова: «Біздің басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық- мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 113 су қоймасы мен бөгеттер есепке алынған. Оның ішінде 76-сы су қоймасы. Соңғы екі жылдың көлемінде апатты жағдайда тұрған 23 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл 74,6 миллион теңгеге 10 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, Байзақ ауданындағы «Воинское», «Шаповаловское-1», Меркі ауданындағы «Аспара-1», «Ақермен-1», «Ақермен-2», «Маханды -1», Талас ауданындағы «Ойық», «Жәдік», «Бөлекқызыл», Т.Рысқұлов ауданындағы «Бәйтелі» су қоймалары», – деп атап өтті. Бірақ, аталған кеңестің отырысына «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры тұрмақ, бас инженері Әділжан Әлізақ та, құрығанда бір өкілі де келмеді. Су мәселесі өте өзекті болып тұрған кезде осынау жауапты мекеменің бір өкілінің неге төбе көрсетпегенін, шақыртуға не себепті құлақ аспағанын түсіне алмадық. «Күл болмасаң, бүл болдың» кері ме, бұл? Жиында облыстық мәслихаттың депутаттары Керімқұл Бегалиев, Арылбек Қораласбаев, Мейрамбек Дөненбаев су каналдары туралы өздерінің ойларын ортаға салды. Бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары zoom арқылы жұмыс барысын түсіндіргенімен, жауаптары нақтылықтан алшақ болды. Кеңес отырысын Фарида Амансарықызы қорытындылап, «Қазсушар» республикалық мекемесінің облыстық филиалынан жауапты адам келмегендіктен, мәселелерді толық қарау мүмкін болмағанын айтып, босаңсып кеткен мекеме басшыларына қатаң жаза қолданылуы керектігін ерекше атап өтті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар