«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мердігерлерге қойылған талап та, жауапкершілік те жоғары

Мердігерлерге қойылған талап та, жауапкершілік те жоғары
ашық дереккөз
Мердігерлерге қойылған талап та, жауапкершілік те жоғары
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданындағы жұмыс сапары барысында «QazaqSoda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізіп жатқан құрылыс жұмысының барысымен танысты. «Yildirim Holding Kazakhstan» компаниясы ұсынған жобаның жылдық қуаты 500 мың тонна кальцийленген сода, тұз өндіруге бағытталған. Жоба құны 325 миллион долларды құрайды. Компанияның бас директорының орынбасары Халил Акынның айтуынша, жоба іске қосылғанда 500 жұмыс орнын ашу көзделген. Ал, өнім ішкі нарық пен Орталық Азия, Ресейге өткеріледі деп жоспарлануда. Облыс әкімі нысанға электр энергиясы жеткізілгенін, су тартылып жатқандығын, табиғи газ бен темір жол мәселесін шешу бойынша жұмыстар қолға алынғандығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау керектігін баса айтты. Келесі кезекте аймақ басшысы Жаңаталап орта мектебінің асхана, спорт зал және акт залының құрылыс жұмыстарын көрді. Мердігер «Сұлтан Б» ЖШС мәжіліс залы құрылысын жаңа оқу жылы басталғанға дейін, ал спорт залды ағымдағы жылдың қараша айына дейін аяқтауды жоспарлауда. Нұржан Нұржігітов ең басты талап – құрылыс сапасы мен уақыт кестесінің сақталуы екендігін айрықша атап өтіп, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Мектептің айналасын абаттандыру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі Игілік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Басқосу барысында тұрғындар ағын су, ауылдық мәдениет үйін кеңейту секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Айта кетерлігі, ауыл көшелерінің басым бөлігі асфальтталып, жарықтандырылған. Облыс әкімі тұрғындардың сауалдарына облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді. Нұржан Нұржігітов 2026 жылға дейін облыс аумағындағы 257 су каналы жөндеуден өтетінін, оның ішінде Сарысу ауданындағы каналдар да бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, келер жылы округте мәдениет үйі салынатынын жеткізіп, аудандағы жауаптыларға құжаттама жұмыстарын осы жылы аяқтауды тапсырды. Аймақ басшысы ауылдықтарды мәселелерді шешуде жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс істеуге, ұйымшылдық танытуға шақырды. Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов «Нұртілеу» ауылшаруашылығы кооперативінің жүгері алқабымен танысты. Кооператив басшысы Нұртілеу Оспанов «Ауыл аманаты» жобасы аясында 21 ауыл шаруашылығы техникасы мен агрегаттарын алғандығын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі Донда Сенбир атындағы орта мектеп ғимаратымен танысты. Бұдан соң аймақ басшысы Жайылма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Содан кейін аймақ басшысы Жаңатас қаласы, 4-шағынауданынан салынатын жеке меншік мектептің және «Химик» тұрғын үй кешені мен қонақүйдің жобасымен танысты. Сондай-ақ, аудан әкімі Сәкен Мамытов 4, 5-шағынаудандардың инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым жобасы туралы баяндады. Облыс әкімі жеке меншік мектептің құрылысын бастамас бұрын барлық құжаттама мәселелерін жан-жақты шешу бойынша салалық басшыларға нақты міндеттер жүктеді. Бұдан соң аймақ басшысы «ЕвроХим- Тыңайтқыш» ЖШС Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын алып зауыттың құрылыс жобасымен танысты. Жылына 660 мың тонна фосфор кені, оның ішінде 640 мың тонна көлемінде фосфор ұнтағын және 1 миллион тонна минералды тыңайтқыштар өндіруге қуатты химия кешенін 2026 жылы іске қосу жоспарлануда. Салынатын әлеуметтік нысандар қатарында 300 адамға арналған вахталық қалашық, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені, заманауи қонақ үй және демалыс аймағы бар. Жалпы, ірі жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартылады. Нұржан Нұржігітов құрылыс жұмыстары кезінде құрылатын жұмыс орындарына жергілікті тұрғындарды тартуды, алдағы уақытта зауытта жұмыс жасайтын мамандарды да жергілікті тұрғындар арасынан даярлау керектігін баса айтты. Көптен бері жоспарланған жобаны тезірек жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау қажеттілігіне тоқталды. Келесі кезекте «Шоқпар жел электр станциясының» құрылысымен танысты. 100 мегаватты электр энергиясын өндіруге бағытталған жобаның қазіргі таңда құрылыс- монтаж жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі жобаның маңыздылығын айтып, бұл бағытта аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сарысу ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар