- Advertisement -

Студенттік құрылыс жасағы қайта құрылды

109

- Advertisement -

«Студенттік құрылыс жасағы» және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобалары аясында алдыңғы жылдары облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен студенттік құрылыс жасақтары Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында қарқынды жұмыс атқарды. Ондағы мақсат – облыста жастарды еңбекке баулу, маусымдық жұмыспен қамту, олардың азаматтық белсенділіктерін арттыру, қоғамның дамуына үлес қосу.

Студенттік құрылыс жасақтары сапында жұмыс атқарған жастарға 4 жыл бойы мердігерлер тарапынан еңбекақы төленіп келген болатын. Бұл өз кезегінде жазғы маусымда студент жастардың уақытша жұмыспен қамтылуына, бос уақытын тиімді пайдалануын және жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді.

Алайда, компаниялардың студенттерді құрылыс нысандарына жұмысқа қабылдау ниеті болмағандықтан, 2021-2022 жылдары аталған жоба іске асырылмаған болатын. Биыл бұл жоба басқарма тарапынан қайта іске қосылмақ.

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні басқарманың үйлестіруімен студенттік құрылыс жасақтары құрылып, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарына маусымдық жұмысқа жолданған.

– Қазіргі таңда облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тарапынан 7 құрылыс нысанына 60 студентті, Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан бір құрылыс нысанына 40 студентті қамту мүмкіндігі қарастырылды. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі жұмыс істеуге ниетті 33 студент анықталып, өз өтініштеріне сәйкес құрылыс нысандарына бөлініс жасалды. Атап айтқанда, Тараз қаласында орналасқан №6 орта мектеп ғимаратына жапсарлас спортзал құрылысына, 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығына, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылында ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысына студенттер жолданған. Сонымен қатар, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы 80 және 300 орындық мектеп құрылысына студенттер жұмысқа тартылды. Ал, Қордай, Меркі аудандарындағы Бәйтерек, Қайыңдысай ауылдарындағы нысандарға баруға ниетті студенттер әзірге жоқ. Бұл ғимараттарға NEET санатындағы жастарды тарту бойынша аталған аудандардың жастар ресурстық орталықтарына тапсырма берілді, – деді Жомарт Дүйсенұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарына Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты және техникалық-кәсіптік колледждерден жұмыс істеуге ниетті жастардың өтініштері жинақталуда. Аталған оқу орындарында студенттерге маусымдық жұмыспен қамту аясында ұсынылып отырған жұмыс орындары таныстырылып, басқарма тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, құрылыс нысандарында студенттік жасақтар жатын орынмен және түскі аспен қамтылатын болады.

Ал «Жасыл ел» жобасын іске асыруға биыл жергілікті бюджет есебінен 136,2 миллион теңге бөлініп, жоба аясында 1900-ге жуық жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 907 жас маусымдық жұмыстарға тартылды.

Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штаб жетекшісі Ермек Қыпшақбаевтың мәліметінше, жоба аясында еңбек шарты негізінде 16-35 жас аралығындағы уақытша жұмыссыз жүрген 300 жасты маусымдық жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Тараз қаласында «Денсаулық», «Тұңғыш Президент», «Мамыр» саябақтарында, сонымен бірге, шағын аудандар аумақтарында тазарту, көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру, су жүйелері маңайын тазалау, тал көшеттерін отырғызу және суару, қоқыстардан тазалау, ағаштарын әктеу, сырлау, сынған, бүлінген ағаш орындықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Айта кету керек, еңбек жасақтарының жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырады.

Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Дамир ҚАНАТОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support