- Advertisement -

Келушілер көне жерлерді көруге құмар

27

- Advertisement -

Жамбыл облысы туризмнің сан саласын дамытуға қолайлы аймақ. Өйткені, облыстың көрікті жерлеріне сауықтыру, этникалық, экскурсиялық және экологиялық турлар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бүгінде қордайлық жас кәсіпкер Мақсат Барманқұл Қарасу ауылдық округінде этникалық ауыл жобасын қолға алып отыр. Ол болашақта ауданның көрікті жерлерінің біріне айналарына сенімді.

Мақсат 50 гектар аумақта қазақ ауылын құру үшін ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті. Онда адамдарды қымыз және саумалмен емдеу көзделген. Келушілер жайлы қонақ үйге орналасып, өзенге түсіп, атпен серуендеп, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алады.

Кәсіпкер бұдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында қымызхана ашып, оған халықтың сұранысының жоғары екендігін байқаған. Қордай ауданынан этникалық ауыл салу идеясы ойына осыдан кейін келіпті.

Бірақ, жобаны бастамас бұрын ол даму перспективаларын зерттеп, бизнес-жоспар құрды, құрылыс салу үшін жер іздеді, басқа облыстардағы ұқсас ауылдардан тәжірибе алмасты.

– Бүгінгі таңда елімізде этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Президенттің айтуынша, бүгінде көптеген шетелдік туристер арасында көне жерлерді аралап, тарихи орындарды тамашалауға деген құлшыныс артып келеді. Оларды еліміздің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен ел тарихы қызықтырады. Сондықтан, этноауыл – өткенге саяхаттап, өзіңді нағыз көшпенді ретінде сезінудің, өткен жылдардың атмосферасын сезінудің таптырмас мүмкіндігі, – дейді Мақсат Барманқұл.

Этноауылға келген саяхатшылар қазақ халқының мәдениеті мен өмірін тереңірек тани алады. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға да барлық жағдай жасалған. Туристер қалауына қарай киіз үйге немесе қонақүйге орналаса алады.

Сондай-ақ, кәсіпкер келушілерге көшпелі өмірдің барлық ерекшеліктерін сезіндіру үшін кешен аумағында ат спорты шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұнда ұлттық ән-биімен мерекелік шаралар да ұйымдастырылмақ. Этноауылдың ашылуы алдағы айларға жоспарланып отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support