- Advertisement -

Балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?

93

- Advertisement -

Жасөспірімдер арасында суицид, зорлық-зомбылық, түрлі психологиялық дертке шалдығу сынды жаға ұстатарлық оқиғалар жиілеп барады. Ата-аналар бұл тақырып көтерілген беттен жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып, қателікті балаларға ысырып тастайтын сияқты. Айналасынан титтей жамандық көрсе, әңгімесін «Қазіргі жастар бұзылған» деп бастап, «Әке- шешесі не қарап отырмен» аяқтайды. Шынында, ата- аналардың басым көпшілігі баламен қалай жұмыс істеу керектігінен бейхабар.

XXI ғасыр адам баласын ғана емес, психологиясын да шыңдайтын заман. Оған себеп – жастар ерте есейіп келеді. Біз сәтін салған күнді күтіп жүргенде, барлығы кеш болып жатады. Бала не орны толмас қателік жасайды, не басын өлімге тігеді. Ғалымдар өтпелі кезең туралы бекер айтпаса керек.

Негізі өтпелі кезең – қыз бала бойын, ер бала – ойын түзер уақыты. Жалпы айтқанда, жасөспірімдердің жетілу сатысының маңызды бөлігі. Бірақ, көп жағдайда бұл мәселенің ата-аналарды толғандырмайтыны өкінішті-ақ. Бәлкім, осы себептен болар, жастардың жақынынан көре алмаған жылылықты даладан іздеп, өздеріне зиян келтіретіні. Ащы болса да шындық, кейбір балалар анасымен етене жақын араласып, ішіндегі сырымен бөліспейді. Не болса да іштен тынады.

Уайым деген кесел бар. Ол ешқашан жас таңдаған емес. Қаншама адам осы уайымның кесірінен өмірімен қоштасып жатыр. Қазіргі ата-аналар баланы дүниеге әкелген соң, тек тамақ, не ақшамен асырауды ойлайды. Ішкі сезімдері жайлы сұрауға уақыттары жоқ. Жасы 16-17- ге келген жасөспірімге: «Сенде барлығы жақсы ма? Менен ештеңе жасырма. Қандай жағдай болмасын, сенімен біргеміз» деп сырласуды әдетке айналдыру артық етпейді. Сәл шалыс басса, психологиялық қысым көрсетуге даяр тұру – үлкен қателік. «Тек сабақ оқы, артық әрекет керек емес, сен әлі кішкентайсың». Дәл осындай сөзді жиі еститін бала, жүрегіндегісін айтуға қорқады, не өзіне-өзі қол жұмсайды. Содан кейін барып «Көремізден» көмек, «Астарлы ақиқаттан» араша сұраудың пайдасы не?

Бала нәзік қана өсіп келе жатқан шыбық сияқты. Сол шыбық өсіп, өркендегенше оны қорғап, баптау керек. Қатты ұстасаң сындырып, көңіл бөлмесең қуратып аласың. «Балама қолдан келгенше қолдау көрсетемін, өзі тыңдағысы келмейді» деген сылтау ғана. Бала естігенін емес, көргенін жасайды.

Біреудің мінін тергенше,

Жамандығын көргенше.

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше, – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлағандай, үлкендер өз кемшілігін түзеп, кішілерге үлгі болса деймін…

 

Әсем АСЫЛБЕК,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика факультетінің 1-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support