- Advertisement -

Әскери бөлімдегі «Ашық есік күні»

189

- Advertisement -

Тәуелсіз ел үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік. Ал, әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен де өлшенетіні мәлім. Біздің елдің Қарулы Күштер жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Десе де, бүгінгі жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейтіні ащы шындық. Жалынды жастардың басым бөлігі әскерге барған кезеңде көптеген мүмкіндіктерімізді жоғалтамыз деп ойласа, енді бірі қазіргі заманда әскердің маңыздылығы жоқ екенін алға тартады. Оның үстіне, әскери бөлімдердегі өлім-жітімнің көбеюі де еркін қоғамда өскен жігіттердің қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге тосқауыл болып отыр. Осынау олқылықтардың алдын алу әрі әскердің беделін арттыру мен әскери қызметті насихаттау мақсатында барлық әскери бөлімдерде «Ашық есік күні» ұйымдастырылуда.

Сондай шараның бірі – Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінің өңірлік департаментіне бағынысты инженерлік техникалық қамтамасыз ету бөлімінің аумағында өтті. Сарбаздардың ет-жақындарымен сенімді диалог орнатуды көздеген шараға «Көктем-2023» шақырылымындағы ата-аналары қатысты. Бұл күні әскери қызметшілер ата-аналарға әскери бөлімнің күнделікті қызметімен таныстырып, әскери қарулардың мүмкіндіктері мен сипаттамаларын түсіндірді. Ата-аналар сондай-ақ, балалары тамақтанатын асхана мен казармаларын аралап көрді. Басқарма бастығының тәрбие, идеология және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полковник Дархан Ахметов мұндай іс-шараның әскери бөлімдегі ата-аналар мен жас сарбаздар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сөзінше, ата-аналардың қолдауы – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізеді.

– Бүгін сіздерге әскердің қыр-сыры жөнінде толыққанды ақпарат беруге тырыстық. Өз Отанының тыныштығын көздің қарашығындай қорғау – әрбір жігіттің қасиетті борышы. Әрине, әскердегі өмір қиын да қызық. Мұнда тәртіп қатаң. Бұйрық талқыланбайды. Біздің елге бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз, – деді Дархан Шаймұратұлы.

Бұдан кейін ата-аналар Шекара қызметі облыс бойынша департаментінің басшылығына көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Өз кезегінде әрбір сауалға тұщымды жауап берген әскерилер азаматтық борышын өткеріп жүрген сарбаздардың туған-туыстары мен ата-аналарына әрқашанда есігі ашық екендіктерін жеткізді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support