Мемлекеттік қызметкерлер үшін үлгі тұтарлық азамат еді

Мемлекеттік қызметкерлер үшін үлгі тұтарлық азамат еді
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызметкерлер үшін үлгі тұтарлық азамат еді
Қазақ қоғамында, мемлекеттік саясатта өзіндік орны бар арда азамат Бердібек Машбекұлынан қапияда айырылып қалдық. Көзіміз көргенмен, көңіліміз сенер емес. «Әлі де ортамызда жүретін жөні, ойып алар орны бар еді» дейді құрғыр көңіл. Ұл-қызының, немерелерінің қызығын көретін шағы да еді. Сұм ажалға қарсы тұратын шара бар ма? Қазақстанда Премьер-Министрдің орынбасары, министр, бес облыстың әкімі қызметтерін мінсіз атқарған Бердібек Машбекұлымен 2000 жылдардан бері таныспын. Ол кезде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтінмін. Ол өзі бір қиын кезең еді. Сол тұста зауыттың сыртқы экономикасында мәселелер бар болатын. Бекең ол кезде кеденде жұмыс істейтін. Серіктестіктің сол тұстағы мәселелерді шешуде үлкен көмегі тиді. Бердібек Машбекұлының сол кезден-ақ іскерігін тани түскен едім. Қандай қызметте жүрсе де, қандай бір жоғары лауазымда отырса да Бердібек Машбекұлы қарапайымдылығынан танған емес. Қашан көмек сұрасаң да, жоқ демейтін. Өзіне таныс емес сала болса да оның жұмысын білмеймін деп қарап тұрмайтын, іскерлігімен жол тауып, тындырымдылығымен тындырып шығатын. Облысқа әкім болып ауысып келгенде де өзінің іскерлігімен көзге түсті. Пандемиядан елді аман алып шықты. Қордай мәселесінің түйінін орайлы шешті. Мен ол кісінің ең бірінші кезекте адамгершілік қасиетіне тоқталар едім. Ешқашан шаршамайтын. Біздің өңірдегі мәселелерді шешуге атсалысты. Үлкен жұмыс атқарды. Кеше ол кісіні ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне, жерлеу рәсіміне қатыстым. Ол жерде іскерлігі, елімізді өркендету жолында істеген еңбектері айтылды. Барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін үлгі тұтарлық азамат еді. Жастардың ол кісіден үйренері көп-ақ еді. Жұмыс істеп жүргенде бір байқағаным, ол кісі үнемі қалың қойын дәптерін жанынан тастамайтын, өзімен алып жүретін. Халық тарапынан түскен ұсыныстарды, жақсы орамды ойларды түртіп алып отырушы еді. Мен Бердібек Сапарбаевты мемлекеттік қызметкерлердің ішіндегі шығармашыл адам деп білем. Артында істері қалды. Халық өзін қатты сыйлайтын азамат еді. Бақұл бол, аға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!  

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның Еңбек Ері.

Ұқсас жаңалықтар