Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам

Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам
ашық дереккөз
Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам
Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Еліміздің өте мемлекетшіл, отаншыл, еңбекқор, іскер қайраткерінен, арда азаматынан қапыда айырылып қалдық. Ол кісінің ел үшін жасаған еңбегін ел жақсы біледі. Бердібек Машбекұлы 2020 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың сәуір айының 7-не дейінгі аралықта Жамбыл облысын абыроймен басқарды. Ол келгенде «Қордай оқиғасының» оты лаулап, халқы дүрлігіп тұрған шақ еді. Біріншіден Алланың, екіншіден Мемлекет басшысының қолдауымен және тікелей тапсырмасымен «кризис-менеджер» Сапарбаевтың шұғыл, батыл іс-қимылдарының арқасында ондағы келеңсіз жағдай тұрақталып, бәрі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда Қордай ауданы танымастай өзгерді, қаншама елді мекенге таза ауыз су, көгілдір отын желісі тартылып, жолдар жөнделді, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, спорт сарайлары мен алаңдары соғылды. Сол үшін де халықтың Бердібек Сапарбаевқа айтар алғысы шексіз. Отарда Күнсұлу Закарияның басқаруымен Қазақстанның «QazVak» ковидке қарсы вакцинасы шығарыла бастаған еді сол тұста. «БиоФарм» зауыты іске қосылғанша Бердібек Сапарбаев апта сайын сонда барып, жұмысын үнемі бақылап тұрды. Сол сияқты Байзақ ауданында да көп жұмыс атқарылды. Бүгінде барлық қала, аудандарда халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсартатын игілікті істердің атқарылғанын көріп отырмыз. Бердібек Машбекұлы аудандарды апта сайын аралап, тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көргенше, қолымен ұстағанша тыным таппайтын. Мұхаммед (с.ғ.с)пайғамбарымыз: «Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам» деп айтқандай, осы кісінің халыққа жасаған көптеген игілікті істері өте көп болды. Соның ішінде елге қатты ұнағаны «Асар» жобасы. Сол екі жылда Бердібек Машбекұлының халыққа жанашырлығының, табандылығының арқасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен 233 отбасы баспаналы болды. Бұл керемет сауапты іс емес пе, қаншама мұқтаж жандар алғысын айтып, батасын берді. Ол жұмыс қазір де барлық қала, аудандарда жалғасын тауып келеді. Қазақстанда Премьер-Министрдің орынбасары, министр, бес облыстың әкімі қызметтерін мінсіз атқарған Бердібек Машбекұлын кеше ақтық сапарға шығарып салдық. Кеңсай-2 зиратынан ұлының қасынан топырақ бұйырған екен. Бердібек Машбекұлының қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен отбасына, жары Қалдығайшаға, бауыры Нұрлыбекке, қызы Ақботаға және ұлы Жансұлтанға қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жәннатта болсын. Алла алдынан жарылқасын!  

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар