Орманды алқаптарда өрт оқиғасы тіркелмеді

Орманды алқаптарда өрт оқиғасы тіркелмеді
ашық дереккөз
Орманды алқаптарда өрт оқиғасы тіркелмеді

Су айдындарында да оқыс жайлар орын алмаған

Қазіргі уақытта су айдындарында адам өлімінің орын алуы мен табиғи өрттердің пайда болу мәселелері өзекті болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл басынан бері 45 адам, оның ішінде 14 бала суға кетіп қаза тапқан. Ал, еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері – жабдықталмаған орындарда шомылу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, мас күйде және өз күштерін бағаламай шомылу. Мәселен, соңғы үш жылдағы мәліметке көз жүгіртсек, елде 1103 адам, оның ішінде 321 бала суға кеткен. Атап айту керек, облыс аумағында биыл су айдындарында шомылумен байланысты оқыс оқиғалар тіркелмеген. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде шомылу маусымында 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болған, оның 2-еуі бала болатын. Бүгінде облыста жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау және бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия жұмыс істеуде. Шомылу маусымында облыстың су айдындарында қайғылы оқиғалардың, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шараларының жоспары әзірленіп, өкілетті мекеме басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданған. Бекітілген жоспарға сәйкес, оқу жылының соңына дейін барлық білім беру орталықтарында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ өткізілді. Сонымен қатар, мектептерде қашықтықтан ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар өтіп, ата-аналарға балалардың суға кету себептері мен олардың өмірі үшін жауапкершілік тәртібі түсіндірілді. 24 сәуірден 24 мамырға дейін барлық білім мекемелерінде онлайн режимінде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында облыстық акция өтіп, тәрбие сағаттары, шығармашылық конкурстар, ашық сабақтар мен пікір-сайыстар, семинар-тренингтер ұйымдастырылды, әлеуметтік желі арқылы 4 бейнеролик таратылды. Облыс аумағы бойынша су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы басқа тақырыпта 300-ден астам ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стенд орнатылды. Барлық су айдындарында түгендеу жүргізілді, оның нәтижесі бойынша меншік иелеріне және әкімдіктерге қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша ұсынымдар берілді. Шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 250 рейдтік іс-шара, 25 жиналыс ұйымдастырылды. Профилактикалық іс-шаралар өткізу барысында тұрғындарға 5 мыңнан астам жадынама таратылды. Биыл жазғы шомылу кезеңінде облыстың су қоймаларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары жалғасуда. Міне, өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте осылар туралы және басқа да мәліметтермен бөліскен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев тұрғындарды шомылу маусымының басталуына байланысты суда барлық сақтық шараларын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты өрт қаупі де артатыны белгілі. Алысқа бармай-ақ, Абай облысындағы алапат орман өртін, оның соңы қандай ауыр қайғылы жағдайларға әкеп соқтырғанын айтсақ та жеткілікті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары, жергілікті атқарушы органдармен және тиісті ұйымдармен және мекемелермен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың бірлескен жоспарлары туралы облыстық азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев баяндады. Руслан Исмагилұлының айтуынша, орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімінің қаулысына сәйкес, мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген. 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері жалпы көлемі 3,048 миллион гектар мемлекеттік орман қоры аумағын күніне 3 рет әуеден күзетуде. Облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін биыл 47 миллион 478 мың теңге (48 ұшу сағаты) бөлінсе, орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 88 миллион теңге қарастырылған. Мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге бөлініп, 10 трактор, 12 өртті сөндіруге қажетті техника, сондай-ақ 10 мотопомпа алу жоспарлануда. Жалпы, Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерде 15 орман өрт сөндіру стансасы құрылған. Олар 135 адаммен, 18 өрт сөндіру автомобилімен, 36 трактормен, 174 аспалы өрт сөндіргішпен, 24 мотопомпамен және 246 радиостансамен жасақталды. Өткен жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес 3 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылса, биыл 3 елді мекенде (Жамбыл ауданының Өрнек ауылы, Талас ауданының Майтөбе ауылы, Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылы) өрт сөндіру бекетін құру жоспарланып отыр. Облыстың ауылдық округтерінде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылған. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталды. Биыл сәуірде облыстың барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-техникалық жаттығу өткізілсе, мамыр айының соңында Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша арнайы тактикалық жаттығу өткізілді. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдың 1074 километр қашықтықта, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдың 712 және 840 километр теміржолдың 104 километр қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жырту жұмыстары 30 мамырға дейін толық аяқталды. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда орманды далалық алқаптарда өрт және жану оқиғалары тіркелмеген. Былтыр облыста 407 гектар жерде 48 жану және 162 гектар жерде 2 орман өрті орын алып, шығын 652 мың теңгені құраған болатын. Сондай-ақ, 15,3 гектар жерде 2 дала өрті орын алып, шығын 2 миллион теңгені құраған. Бақылаусыз ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеудің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар бөлімдері, полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамы күшімен жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылған. Мобильді топтар тәртіп бұзушыларды анықтау және алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгінге дейін 333 рет рейд жүргізген. Рейд барысында анықталған 90 тәртіп бұзушыға қатысты хаттама толтырылды, оның 52-сіне ескерту беріліп, 38-іне 810750 теңге айыппұл салынды. Өңірімізде күннің күрт ысуына байланысты облыстың төтенше жағдайлар департаментінің мамандары суда шомылу кезінде және отты қолдану барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін, бұл өзіміздің және балаларымыздың өмірін сақтауда маңызды екенін ескертеді.

Ұқсас жаңалықтар