«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегімен ерекшеленген жан

Еңбегімен ерекшеленген жан
ашық дереккөз
Еңбегімен ерекшеленген жан
Ел экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Аудан халқының басым көпшілігі де осы салада еңбек етуде. Соның бірі – Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылындағы «Артем» шаруа қожалығы. Шаруашылық басшысы Александр Дрокиннің айтуынша, қожалықтың құрылғанына сегіз жыл болыпты. Негізгі бағыты – егін шаруашылығы. – Биыл 300 гектар алқаптың 50 гектарына жүгері, қалғанына арпа және бидай тұқымы себілді. Өткен жылы жүгерінің әрбір гектарынан 6 тонна, арпа мен бидайдан 2 тоннадан өнім жинаған едік. Биыл да мол өнімнен үміттіміз. Сол үшін егістікке тыңайтқыш та септік. Тыңайтқыш сіңірілмесе, жердің өнімділігі төмендейді. Сондықтан, биыл біз аммофос тыңайтқышын көбірек қолдануды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде жүгері алқабына 550 килограмм аммофос тыңайтқышы сіңірілді, – дейді қожалық жетекшісі. Қожалық мүйізді ірі қара бордақылаумен және аналық басын көбейтумен айналысады. Бүгінде шаруаның қора-жайында сексенге жуық бұқа бордақылануда. Ауыл шаруашылығына қажетті техникалары да шаруасына жарап тұр. Үш комбайн, төрт «МТЗ» тракторы және төрт «К-700» тракторы маусымдық жұмыстарға араласуда. Осы уақытқа дейін жұмысы бір жүйеге түсіп, жақсы нәтижеге жетіп отырғаны – диқаншылықтың арқасы деп біледі шаруа. Қожалықта алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Олардың әрқайсысы жұмысына адал, жауапкершілігі мол қарапайым еңбек адамдары», дейді шаруашылық жетекшісі. Александр Дрокин шаруашылыққа қатысты өзекті мәселелердің де барын жасырмады. Солардың ең негізгісі – су мәселесі. «Өткен жылы егіс алқабын суару үшін екі километрге жуық арық қаздық. Болашақта тамшылатып суару әдісін пайдаланып, өнімділікті арттырсақ деген ниетіміз бар. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Сонымен қатар, аммофос тыңайтқышын алғанға мемлекеттік субсидияға қажетті құжаттарымызды өткізіп қойдық», – дейді ол. «Жақсының аты жария» демекші, ерте жастан еңбекке араласып, қарапайымдылығымен өзгелерге үлгі болған Александр Дрокин ауыл арасында жомарттығымен де танылған. Ол әрқашан көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, қайырымдылық шараларының басы-қасында жүретін қасиетімен де ерекшеленеді.  

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар