«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Пилоттық жобамен кәсіп ашқан...

Пилоттық жобамен кәсіп ашқан...
ашық дереккөз
Пилоттық жобамен кәсіп ашқан...
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды көздеген «Еңбек» бағдарламасы аясындағы пилоттық жобаның игілігін бүгінде көптеген азаматтар көріп отыр. Сол арқылы жеке кәсібін ашып, өрісін малға толтырып отырғандар да бар. Аталған жоба аясында 2,5 пайыздық несие алып, жылқы өсірумен шұғылдануды қолға алған Руслан Әбілдаев Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылында тұрады. Бала күнінен жылқыға жаны жақын Руслан мал бағатын ағасының қасында жүріп, түліктің бабын табуды әбден үйренген. Малсақ жігіт информатика мамандығын оқып, меңгерген. Бірақ, ауылда қарапайым жұмыс істеп келген. Пилоттық жоба жайлы естігенде, өзіне жақсы таныс жылқы өсірумен айналысуға бет бұрады. – Алдымен жоба жайлы мәлімет алуға ауылдық әкімшілікке бардым. Ондағы мамандар толық ақпарат беріп, бизнес-жоспар әзірлеуге, құжаттарды рәсімдеуге бағыт-бағдар көрсетіп, көп көмектесті. Мен бизнес-жоспарымды жылқы басын көбейту және бордақылау бойынша екі бағытпен жасадым. Жаңа кәсіп ашуға берілетін 2,5 пайыздық несиенің қайтарымын бір жыл каникулдан кейін төлей бастаймыз. Осынысымен де бізге тиімді болды. Себебі, жаңадан ашылған кәсіпкерлікте бірден табыс түсіп, айналымға ақша қоя салу оңай емес. Мен екі бағыт бойынша 3,5 миллион теңгеге 4 биені мал басын көбейтуге және 4 жылқыны бордақылауға алдым. Әзірге қора-жай дайын болмағандықтан бірден тауға бағуға жібердім. Биелердің төлдеуі де енді басталады, содан ары қарай шаруаны ілгерілету жоспарым бар. Бұйыртса, бордақылаған жылқылардың етін сатудан түскен табыспен жем-шөбін алып, биелердің төлін бордақыға қойып отырсам деген ойдамын. Кейін қымызбен айналыссам, жер алып, малдың жем-шөбін өзім дайындасам деген ойларым да бар. Сондай деңгейге жеткенде бірнеше ауылдасымды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туар еді, – деген Руслан Бақытұлы өзге малдарға қарағанда жылқының бабы бөлек екенін де айтып қалды. – Жылқы малы кез келген көлшіктен су ішпейді, таза су ішеді. Сосын, тәттіні жақсы көреді. Сондықтан, көбіне қызылша берген дұрыс. Өзім ес білгелі жылқыны жақсы көремін. Жылқышы ағаларымның қасына еріп жүріп, жемдеу тәсілдерін көргенмін. Жылқының қымызы тұнып тұрған дәрумен, көптеген дертке шипа екенін күллі қазақ, тіпті алыс-жақын шетелдіктер де біледі. Мүмкін етінің де, сүтінің де құнарлы болатыны жылқының таза су ішетіндігінен болар. Тағы бір айтайын дегенім, жай ғана жылқы үстінде серуендесеңіз де адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Сондықтан, оны бағу бабы да басқа малдардан бөлекше болады. Әйткенмен, жылқыны жақсы көрген адам үшін бабын табу түк те қиын емес, керісінше жемдеп, суғарып, аяғын жазуға серуендеткеннің өзінен жақсы әсер аласың. Тіпті, кей кісілер жан серігіне айналған сәйгүлігімен сырласып, сөйлескенде, мал да болса адамның тілін түсініп, іс-әрекетімен жауап қататыны да рас. Өзімнің де қазір үйде ұстайтын тұлпарым бар. Көп шаруаларымды сонымен тындырып отырмын. Қолым қалт еткенде ауыл сыртына барып, серуендеп келеміз, – дейді жас жылқышы Руслан. Руслан – қарашаңырақта қалған ата-ананың қолындағы бала. Мемлекеттік бағдарлама берген мүмкіндікті пайдаланып, туған ауылында өз шаруашылығын дамытып, ауылдастарымен бірге өсіп-өнуді көздейді. Мұратына жету жолында еңбектің ешбірінен қашпайтынын үйінің тап-тұйнақтай ауласынан байқадық. Бір жағына биік салынған қора-жай орналасқан шағын ауланың екінші шетін ағаш қоршаулармен жауып, ішіне түрлі жеміс ағаштарын түп-түзу жүйемен отырғызыпты. Арасында биылғы көктемде тіккен жас талдар да бар. Көк шөбі қалың өскен келесі бір бұрышта тауықтары жайылып жүр. Бізге ауласын таныстырып, шаруасының жайын әңгімелеген Руслан «Қорадағы атымның су ішетін уақыты болды» деп асықты. Ауылдағы тұрмыстың әр сәті бағалы екеніне бір ғана малсақ жігіттің еңбекқорлығынан-ақ көз жеткіздік. «Қалауын тапса, қар жанады» деген аталы сөздің дәлелін ауылдағы ағайынның тұрмысы көрсетіп-ақ тұр. Қорасына мал байлап, шағын ауласына бау-бақша баптаған ауылдықтарға мемлекеттен көрсетілген көмек те қанат бітіргендей.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар