Табандылық табысқа жеткізеді
Жуырда Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округінде гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылған еді. Зауыт алғашқы цехтарын осы айда іске қоспақ ниетте. Жалпы «Kaz Stone Box» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гофрленген картон өндіру зауыты «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылған болатын. Соңғы үлгідегі автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын бүгінгі таңда облысымыздағы жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болып отыр.
Жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаты – 12 мың тонна. Серіктестіктің басшысы Берік Үмітқалиевтің айтуынша, жаңа кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып есептеледі екен.
– Өздеріңізге белгілі, жылдан- жылға қағаздың бағасы қымбаттап жатыр. Мұндай өндіріс ошақтары дүниежүзінде аз. Біздің шығарғалы отырған өнімнің 75 пайызы тастан жасалады. Яғни, Қаратау қаласынан әкелінген тасты арнайы үккіш аппаратынан майдалап алған соң, полиэтилен, полипрофилен қоспасын араластырып, қажетті аппараттарға салып қағаз дайындаймыз. Зауыт өнімі суға, ылғалға төзімді болуымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда зауытта қырықтан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар сенбі-жексенбі күндері демалады. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Бір мезгіл зауыт асханасынан тегін тамақтандырылады, – дейді Берік Аралбайұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда Қытай елінен жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді білікті мамандар жұмысшыларға үйрету үстінде. Ал, осы жұмысшылар аппараттың тілін меңгергеннен кейін, маусым айынан бастап, өндіріс ошағы толық іске қосылғалы отыр. Зауыт өнімін алдымен Алматы мен Түркістан облыстарына өткермек. Содан кейін республикамыздың басқа аймақтарына таратып, Өзбекстан Республикасына экспорттауды жоспарлап отыр екен.
«Бұл кәсіпті бастамас бұрын, Қытай елінде осы істің көзін тауып, кәсібін өрге домалатып жүрген жолдасым Ян Надан кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алдым. Сондай-ақ, дәл осы кәсіпті қолға алып отырған елдерді де зерттей бастадым. Көп ұзамай 2021 жылдан бастап несие алып, зауыттың құрылысын бастап кеткен едік. Енді міне, биыл ашылып, өндіріс ошағын іске қосып отырмын. Осының бәріне табандылықпен жеттім», дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – сапалы қағаз, картон өнімдерін шығарып, тек ел нарығына өткеріп қоймай, экспортқа шығаруды да алдына міндет етіп отырған жайы бар. Биыл өндіріс көлемін он мың тоннаға жеткізіп, келер жылы оны 20-30 мың тоннаға жеткізуді алдына мақсат етіп қойып отыр.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді