«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төл тілім төрге озсын деп...

Төл тілім төрге озсын деп...
ашық дереккөз
Төл тілім төрге озсын деп...
Әр халықтың өзіне тілі мен салт-дәстүрі құнды. Тіл туралы сөз қозғалса, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры Алмасбек Белботаевтың ертеректе айтып берген әңгімесі ойыма оралады. Сол кездің өзінде «Япырым-ай, бұл ана тілдің жолындағы қандай қайсарлық» деп толқыған едім. Жақында тіл ғалымы Алмасбек Батанұлының шаңырағына барып, осы оқиғаны қайта көтеріп, талай жыл бұрын өтіп кеткен жағдаяттарды қозғадық. Ағай талай нәрсені жадында жаңғыртып, толғанысқа түсті. Ол кезде Алмасбек Батанұлы Алматыда тұрады. Қазақ ұлттық академиясының тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып істейді. Ол кезде Алматы қаласы – республикамыздың астанасы. Күндердің бір күнінде Алмекең бас қаланың «Тастақ» деген шағынауданынан көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтер алады. Жаңа қонысқа барғанына көп ұзай қоймаған оның есігін екі жігіт қағады. Бірі – әдебиетші, жас ғалым Едіге Тұрсынов болса, екіншісі – Ғылым академиясының химия институтында жұмыс істейтін Сағынбек Бекмолдинов деген азамат. Ол жігіттер сол кезде табанға тапталып жатқан қазақ тілінің мәселесімен келген екен. Сонда Едіге тұрып: «Алмеке, өзіңіз тілдің төңірегінде еңбек етесіз. Құрдымға кетіп бара жатқан төл тілімізбен бүгін күреспесек, ертең кеш болады» десе, Сағынбек Бекмолдинов «Осы «Тастақ» шағынауданында да қазір тұрғындар көбейіп келеді. Біздің талап – осы аймақтан қазақ тіліндегі балабақша, орта мектеп ашқызу. Жұмысымыздың басын осы шағынауданда қанша қазақ отбасы бар. Олардың мектеп жасындағы балаларының саны қанша? Бірінші сыныпқа баратын қанша қазақ жеткіншегіміз бар? Міне, осыларды анықтау» деп сөзге қосылады. Сол кезде Алмасбек Батанұлы: «Жігіттер, талаптарың оң болсын. Мен бұл бастамаларыңды қолдаймын. Ниеттеріңе өз еркіммен, азаматтық болмысыммен қосыламын. Сіздермен біргемін», дейді. Мұнан соң үшеуі жұдырықтай жұмылып, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін бірге күреседі. Бұл айсыз қараңғыда жолсыз жермен, тікеннің арасымен жүргендей жұмыс еді. Партизандардың алдыңғы шепте жүріп, қалың жаудың қимылын бақылағанындай қадам ғой. Қиындығын біле тұра бұл азаматтар тәуекел етті. Қазіргі таңда төл тіліміздің тынысы ашылып, жақсы жетістік болып жатса, осындай патриот кісілердің белсенділігінің жемісі. Бұл кісілер патриот десең – патриот, партизан десең – партизандар ғой. Әсіресе, «Мен химикпін. Тіл жағында не шаруам бар?» демеген Сағынбектікі қандай – ерлік! Үшеуі тіл үшін күресуін күресті. Бірақ, бұл жерде басқа мәселелер туындайды. Қазақтың құнарлы сөз байлығы үшін атқа мінген үшеуге «Тастақтағы» бүкіл көпқабатты үйлердің барлық пәтерлеріне кіріп, тізім алу оңайға соқпайды. Бұл ретте оларды уақыт, айлықсыз жұмыс, бірнеше үйді аралау шаршатпайды. Өзіміздің қазекеңдер кері сөйлеп, тілдің аса қажеттігін түсінбей, төл тілімізді қорлағаны шаршатады. Сонда да бұлар мақсаттарынан бас тартпайды. Ол кез туралы Алмасбек Батанұлы: – Айтуын айтқанымызбен ол жұмыс оңай болған жоқ. Негізгі жұмысымыздан соң, кештетіп әр пәтердің есігін қағамыз. Біреу түсінеді, бір қандастарымыз қарсы болады. Тіпті, қарсы болғандардың ішінде білім саласында істейтін қандастарымыз да болды. Шүкір, бірақ, біздің бастамамызды түсінгендердің қарасы көп еді. Біз үйме-үй тізім алып жүріп, «Тастақтан» бірінші сыныпқа баратын 7-8 қазақ сыныбын дайындадық. Бізге Алматы облыстық атқару комитетінде қызмет істеген Ғалым Омаров, Алматы қаласы, М.Әуезов аудандық атқару комитетінде қызмет еткен Жібек Әмірханова көп көмектесті. Жазушы-ақын Сейфолла Оспанов және белсенді Захардин Қыстаубаев ата-аналар комитетінің құрамында жүріп тілектес болды. Біз қазақ мектебі, балабақшасы ашылу керектігі жөнінде 3-4 жаңа ұсыныс хаттар әзірлеп, Орталық партия комитетіне, Алматы қалалық партия комитетіне, білім басқарамасына үнемі жолдап отырдық. Содан оқушылар саны жетіп, амалсыз 7-8 сынып ашылды. Ал, келесі жылы қазақ сыныбына баласын берушілер қатары күрт артып, жаңа сынып саны еселей түсті. Тіпті, қаланың басқа жағынан баласын оқуға жетектеп келгендер де көбейе түсті. Нәтижесінде «Тастақтан» қазақ мектебінің және «Ертөстік» қазақ балабақшасының ашылуына қол жеткіздік. Ол балабақша мен мектеп әлі де бар. Әрине, атауы, ғимараты өзгеруі мүмкін, бірақ, Тастақтағы қазақ тілді балабақша мен мектептің ашылуына ықпал еткенімізді ашық айта аламын. Әсіресе, жаңағы Едіге Тұрсынов пен Сағынбек Бекмолдиновтың табанды еңбегін айтпай кетуге болмайды. Біздің бұл ісіміз «энтузиаст» деген ұғымға келеді. Бұл «энтузиаст» терминінің мағынасы – өз бастамасымен жақсы нәрсені ойлап, орындау деген ұғымды білдіреді. Белгілі әдебиетші Жаңғара Дәдебаевтың сол «Тастақта» тұратынын кейінірек білдім. Әйтпесе, ол кісімен де бірге мүдделес болар ма едік, – деді ол. Әйгілі ақын Шона Смаханұлы төл тіліміз үшін күресіп, Алматы қаласында бірқатар қазақ мектептерінің ашылуына ықпал еткені белгілі. Алмасбек Белботаевтардың бастамасын Шона Смаханұлы естіп, қолдап, ризашылық білдірген. Шона ақын Алмасбек Батанұлымен бір кездескенінде: «Әуелі бірінші сыныптарды қазақшалауға күш салыңдар, бастаманы осылай көтеріңдер. Сонда он жылдың ішінде ол мектептер өзінен-өзі қазақ тілді білім ошағына айналады» деп бағыт-бағдар беріпті. Бірақ, қазақ халқы намысшыл ғой. Он жылды күтіп жүрмей-ақ, екі-үш жылдың ішінде қазақ тілді мектептер ашыла бастаған. Қазір ойлап отырсақ, барлық кісі желтоқсаншы, барлық адам батыр, шешен болған заман. Дегенмен, КСРО дәуірінде бұлай тыңнан түрен салып ізденіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресу – нағыз жанашырлық, нағыз мықтылық. Сол ізгі бастаманы көтерген жоғарыда аты аталған үш кісіге қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Сол үшеудің бірі Алмасбек Белботаев Тараз қаласында қатардағы тұрғынның бірі болып қарапайым ғұмыр кешіп жатыр. Алматыда төл тілім деп шырылдаған А.Белботаев Таразда да кейінгі 21 жыл бойы бірқатар университеттер мен институтта қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында жүздеген, мыңдаған студенттерге қазақ тілінің ережелерін, қыры мен сырын үйретті. Тілдің дамуы жолында аянып қалмады. Бәлкім, атақ қуған біреу болса, енді кеудесін орден-медальға толтырып алар ма еді? Ал, Алмасбек Батанұлы «Біздің мұнымыз ерлік емес, азаматтық парызымыз» деп жылы жымиды. Бірақ, тілдің төңірегіндегі жетістіктер өзінен-өзі келмейді. Күрестер арқылы келеді. Сондықтан, төл тіліміз төрге озсын деп күрескен Алмасбек Батанұлы секілді патриот, табанды кісілерге қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Ол біздің өз жақсыларымызды бағалағанымыз, тіл үшін күрескен тұлғаларға деген құрметіміз болар еді. Ал, Алмасбек Белботаев ең бастысы мемлекеттік тіліміздің биік тұғырдан көрінгеніне қуанады. Сөйлескен кісі оның әр сөзінен мемлекеттік тілге деген құрмет пен жанашырлықты сезеді.  

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар