Жаз-ата жатқан ағаш төсек

Жаз-ата жатқан ағаш төсек
ашық дереккөз
Жаз-ата жатқан ағаш төсек
Бүгінде Мойынқұм ауданындағы Ж.Қуанышбаев атындағы музейде ХІХ-ХХ ғасырларда ағаштан жасалған бірқатар тарихи жәдігерлер сақтаулы тұр. Солардың бірі – заманында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ағаштан жасалған төсегі. Жаз-ата өмірінің соңғы күніне дейін пайдаланған төсекті атасының атындағы музейге осыдан он жыл бұрын 18 жастағы немересі Еркебұлан Тойшыбайұлы өз қолымен тапсырған екен. Бір қызығы, Тараздың 2000 жылдығына орай облыста өткен үлкен іс-шара кезінде бұл ағаш төсекке сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жатып демалған көрінеді. Қазір аудандық музейді Жаз- атаның келіні, яғни егіз ұлдарының бірі – Тойшыбайдың зайыбы Ләйлә Қожагелдиева басқарады. Директордың айтуынша, бүгінде музейде аңыз адамның көне ағаш төсегінен басқа көзі тірісінде пайдаланған көптеген бұйымдары, мәселен, киген костюм-шалбары, тақиясы, қамшысы мен ақ таяғы, түрлі марапаттары мен құжаттары сақтаулы тұр. Олардың қатарында қой өсірудегі ерен еңбегі үшін алған қос «Алтын Жұлдызы» (көшірмесі) да жарқырайды. – Атамыз көзі тірісінде Еңбек Ері атағымен бірге тапсырылған қос «Алтын Жұлдызды» егіз ұлдарына, бірін Тойшыбайға, екіншісін Қойшыбайға өз қолымен беріп кеткен. Мен олардың көшірмесін жасатып, музейге қойып қойдым. Келушілер мен қонақтарды тарихи жәдігер саналатын атамның көне ағаш төсегі де ерекше қызықтырады. Бұл төсекті «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевқа аудандағы «ПМК- 2006» құрылыс мекемесін ұзақ жылдар жемісті басқарған, ұлты неміс Иван Экгардт сыйға тартқан екен, – дейді музей директоры Ләйлә Қожагелдиева.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар