Әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді

Әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді
ашық дереккөз
Әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді
Әулиеаталықтардың әлеуетін арттыру бағытында өңірде қандай жұмыстар атқарылуда? Сан салаға бөлінген қаражат қалай игерілуде? Өңір тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында облысымызда нендей жұмыстар қолға алынды? Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров осы сауалдардың түйінін тарқатты. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, өңірдің білім саласына 317,7 миллиард теңге қарастырылған. Бұл облыс бюджетінің 52,2 пайызын құрайды. «Облыста өткен үш жылда білім саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге ұлғайды. Ағартушы салада еңбек етіп жатқан азаматтардың еңбекақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен 123,7 миллиард теңге бөлініпті. Жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 48 671 баланы ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтамасыз ету мақсатында 5,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аз қамтылған отбасынан шыққан, бастауыш сыныптарда оқитын 70639 және мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 11 326 баланы ыстық тамақпен қамтуға 3 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Тараз қаласында орналасқан Президент резиденциясы жергілікті әкімдік меншігіне беріліп отыр. Балаларға арналған 40 орындық облыстық «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығын ашуға 610,8 миллион теңге бөлінді. Мектептерді жаңғырту мақсатында 30 мектепті модификациялық кабинеттермен және білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2,3 миллиард теңге қарастырылды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Мұнымен қоса, бүгінгі таңда өңірде 25 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін аталған білім мекемелерінің 14-і пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін қазынадан 19,3 миллиард теңге қаралған. Жаһанда медицина саласы жыл өткен сайын өркендеп, жаңа технологиялармен толықтырылуда. Сондықтан да басым бағытқа ие саланы қажетті құрал- жабдықтармен қамтамасыз етуге жергілікті билік тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатқа қарастырылған қаражат сомасы тағы да едәуір артып, 3,8 миллиард теңгені құрады. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда орталық ауруханалар құрылысы мен көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде. Бұған қоса, медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 10 аудандық ауруханаға 20 реанимобиль алуға 390 миллион теңге, 20 санитарлық автокөлік алуға 261,2 миллион теңге қарастырылды. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласының медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 91,9 пайыздан 96,6 пайызға дейін артады деп күтілуде. «Өңірдің медицина саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің біліктілігін арттыра отырып, қызмет сапасын жоғарылату үшін 1236 маманды, 10 дәрігерді шетелде оқыту жоспарланып отыр. Ал, салаға жаңадан қосылған 67 маманды қолдау мақсатында 53,6 миллион теңге бөлінді. Сол арқылы әр маманға 800 мың теңгеден көтермеақы төлеуге мүмкіндік туып отыр», – дейді Нұржан Календеров. Бүгінде спорт саласына да елеулі көңіл бөлінуде. Нұржан Календеровтің айтуынша, өңірдің спорт саласын өркендету мақсатында 13,3 миллиард теңге қарастырылған. Оның 6,9 миллиард теңгесі салада еңбек ететін 2872 штаттық бірліктегі мамандардың жалақысын төлеуге бағытталған. 1,2 миллиард теңгеге 119 спорттық секция ашылып, онда бүгінгі таңда 6818 балаға спорттың 17 түрінен жаттықтырушылар бекітілген. Сондай- ақ, өңірде 23 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандардың 16-сы осы жылы пайдалануға берілмек. Ол үшін 3,5 миллиард қаражат бөлініп отыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейін 59 пайызға, спортпен шұғылданушылардың үлесін 42 пайызға жеткізу көзделген. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүргізу мақсатында қазынадан 13,5 миллиард теңге қарастырылған. «Саладағы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында нақты шаралар қолға алынып отыр. Мәселен, «Бизнес-Бастау» жобасы аясында тиісті азаматтарға қайтарымсыз грант беру үшін 1,5 миллиард теңге жоспарланған. Қысқасы, алдағы уақытта 54,2 мың адам жұмыспен қамтылады. Мүгедектігі бар азаматтарға өмір сүру сапасын арттыру үшін қазынадан 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 3 әлеуметтік қорғау саласы нысанының құрылысына 3 миллиард теңге жоспарланып, жыл қорытындысымен Тараз қаласында 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының, әлеуметтік бейімдеу және Шу ауданы Төле би ауылында 48 орынға арналған балаларды оңалту орталықтары пайдалануға берілетін болады», дейді Нұржан Сәбитұлы. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында 35,9 миллиард теңге жоспарланған. Алдағы уақытта 27,4 миллиард теңге шамасында субсидия бөлініп, 8 мыңға жуық шаруа қожалықтар субсидиямен қамтылмақ. «Қазіргі таңда 15 жобаға 5,2 миллиард теңге бөлініп, жыл қорытындысында 11 жобаны аяқтау көзделуде. Оның ішінде суармалы егістік алқабын ұлғайту мақсатында 2 каналды қайта жаңғырту жұмыстары, 2 су жинау тоғанының және 1 қысымды су құбырының құрылысы аяқталады. Ал, табиғатты қорғау саласына 3,9 миллиард теңге қаралып, оның 2,2 миллиард теңгесі саладағы 1018 маманның жалақы қорына бағытталды. Ветеринария саласына 4,5 миллиард теңге бағытталып, оның 3,5 миллиард теңгесі эпизоотияға қарсы шараларға жұмсалмақ. Биыл саладағы 1281 маманға патогендік биологиялық агенттермен жұмыс жасағаны үшін 1 сәуірден бастап негізгі жалақысына 50 пайыз үстеме қосылды. Аймақта 2019 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп отыр. Жоба басталғалы 18,3 миллиард теңге несие бөлініп, 24 ауылдық округтегі 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады. Ал, биыл қосымша 24 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек, 26 ауылдық округтегі 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіру көзделген. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сонымен қатар, осы жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 миллиард теңге бөлініп, 183 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі 57 пайыздан 63,2 пайызға жететін болады», – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Әулиеаталық әлеуметті толғандыратын басты мәселелер – ауыз су, көгілдір отын, автомобиль жолдарының сапасы. Халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында 54 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 32 елді мекен қамтылып, өңір халқының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 92 пайыздан 96,5 пайызға дейін арттырылмақ. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 16 жобаның құрылысына 11,8 миллиард теңге жоспарланып, нәтижесінде жыл қорытындысымен 18 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға 24,7 миллиард теңге бөлініп, оның 1,8 миллиард теңгесіне Тараз қаласындағы «Саңырақ батыр», «Шостакович», «Мәмбет батыр» және «Ташкент» көшелерін жаңғырту аяқталып, «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына асфальт төсеу жұмыстары басталады. Сондай- ақ, Талас ауданы Қаратау қаласындағы «Шахтер» және «Б.Момышұлы» көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 21,1 миллиард теңгеге облыстық, аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 479 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 3,3 километр көше жолдары құрылыспен, 11,4 километр жол қайта жаңғыртумен және 777,3 километр жол орта жөндеумен қамтылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетпек. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыстың 239 елді мекені даму әлеуеті жоғары болып іріктелген. Аталған елді мекендерде халықтың өмір сүру деңгейін өңірлік стандарттарға жеткізу үшін 2023 жылы 94 елді мекенде 275 жобаны іске асыру үшін 15,3 миллиард теңге бөлінген. «Жалпы бөлінген қаржыға 6 мектепке жапсарлас ғимараттың, 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, 15 мәдениет үйінің, 6 денсаулық сақтау нысанының, 1 қосалқы электр стансасының құрылыс жұмыстары және 7 білім нысанын газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік нысан қалпына келтіріліп, 308 километрге ауылішілік көшелері орташа жөндеуден өтетін болады. Осы жұмыстарды жүзеге асыру нәтижесінде 920 жұмыс орны құрылады. Ауылға жұмыс істеуге келген жастарға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмайды. Өткен жылы «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 291 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1,3 миллиард теңге несие берілді. Аудандық бюджет есебінен 511 маманға 156,8 миллион теңге біржолғы көтерме жәрдемақысы төленді. Биыл 204 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1,1 миллиард теңге бюджеттік несие, 525 маманға 188 миллион теңгеге біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу жоспарланған», дейді Н.Календеров. Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров бірінші кезекте әлеуметті толғандырған мәселелерді шешу жолдарына жергілікті атқарушы билік айрықша назар аударатынын атап өтті.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар