«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айы оңынан туған Айбол

Айы оңынан туған Айбол
ашық дереккөз
Айы оңынан туған Айбол

Анталиядағы фестивальға жолдама алды

№43 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 8 сыныбының оқушысы, Отар ауылындағы «№3 балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының» «Дәстүрлі ән» үйірмесінің шәкірті Айбол «Балапан» арнасы республикалық телевизиялық «Айгөлек» балалар ән-би байқауының дипломанты атанып келді. «Айгөлектің» жартылай финалында әлем жұлдызы Мэрайя Кэридің «I can live» әнін қазақ тілінде құйқылжыта орындады. «Айгөлек» балалар ән-би байқауының гала-концертіне қонаққа шақырылып, «Алау» тобымен жұптасып, «Домбыраның үні» атты тамаша әнді шырқады. Дүйім жұртты өнеріне тәнті еткен Айбол 2015 жылдың мамыр айының 3-10 күндері аралығында Түркияның Анталья қаласында өтетін екінші «IAF» халықаралық өнер фестиваліне шақырту алып, дайындық жұмыстарына кірісіп те кетті. Бұл фестивальдің мақсаты – этникалық өнерді насихаттау, түрлі ел халықтарының арасында бейбітшілік пен достық қарым-қатынасты нығайту. Мәртебелі өнер додасына жолдама алған жас өреннің талабы жемісті болғай дейміз. Айбол «Айгөлекке» бірден шықпады. Өзінің қажырлы еңбегінің, таудай талабының әрі анасы, әрі ұстазы, «Дәстүрлі ән» үйірмесінің жетекшісі Гүлнар Бөлекбаевамен бірге шүмектеп төккен тердің арқасында танылды. Анасының айтуынша Айбол 1-ші сыныпта әскери гарнизонда «Балалар күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауда халық әні «Құралайды» орындап, бірінші орынды алғаннан кейін өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше оянған екен. Осыдан кейін Айбол табиғат берген дарынымен 3-4 сыныптарында «Қордай жұлдыздары», «Патриоттық әндер» т.б. аудандық фестивальдарға қатысып, облыс көлемінде ән байқауларынан да жүлделі оралды. Одан өзге Көкшетау қаласында өткен «Шабыт» республикалық балалар шығармашылығы байқауында «Жас әнші» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Ол дәстүрлі әннен өзге ағылшын, француз композиторларының туындыларын да нәшіне келтіре орындайды. Спортпен де шұғылданады.

Жанат Сейітова, №3 балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі

Отар ауылы, Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар