- Advertisement -

Ауылдағы әсерлі кеш

85

- Advertisement -

Биыл Т.Рысқұлов ауданының құрылғанына – 85 жыл. Осы орайда, ауданда түрлі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауыл жобасы» аясында «Ауылым – алтын тұғырым» атты мерекелік іс-шара Тереңөзек ауылында өз жалғасын тапты. Тереңөзек ауылында Д.Қонаев, Әбжапар, Жарлысу, Ақыртөбе және Тереңөзек ауылының өнерпаздарының қатысуымен өткен мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Әуелі Тереңөзек ауылдық клубының алдында көпшілік «Дәстүрді дәріптейік» тақырыбы аясында қазақтың ұлттық дәстүрі мен спорттық ойындарын тамашалады. Келушілерге жүн түту, ұршық иіру, тері сабау, келі түю, қымыз салу сияқты ұлттық дәстүрлер көрсетілді. Сонымен қатар, ауылға жиналған көпшілік қазақша күрес, асық ату, арқан тарту және бестас сияқты ойын түрлеріне куә болды. Мерекелік іс- шара аясында көпшілік «Өнерлілер өрісі» тақырыбында ел ішіндегі қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. Сол сияқты, керуенді қарсы алу, «Ашамайға мінгізу» сияқты салт-дәстүр түрлері де дәріптелді.

Бұдан кейін «Ауылым – алтын тұғырым» атты мерекелік іс-шара Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Әуелі Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдас Қайнарбеков сөз сөйлеп, көпшілікті ауданның 85 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, Тереңөзек ауылының бай тарихын, шежірелі өлкесін, ауылдан шыққан еңбек адамдарын еске алып, әңгіме өрбітті. Ал, ауыл өнерпаздары ауылдың алты ауызын шырқап, мың бұралған бишілер кеш көрігін қыздырды. Ауыл ақсақалы Кеңес Дабылбеков, Әбжапар ауылынан келген Жорабек Әбдікәрімов және өзге де азаматтар жастарға жақсы сөзін айтып, баталарын берді. Сонымен қатар, ауылға жиналған көпшілік кітап көрмесімен танысты. Кітап көрмесіне Т.Рысқұлов ауданынан шыққан танымал бірнеше қаламгердің кітаптары қойылған. Бұл ретте Тереңөзек ауылдық клубының меңгерушісі Кемел Дабылбеков аталған іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, барлық ауыл өнерпаздарын ұйымдастыра білгенін де айта кеткен жөн.

 

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support