«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отыз гектар жоңышқалықты жаңбырлатып суарады

Отыз гектар жоңышқалықты жаңбырлатып суарады
ашық дереккөз
Отыз гектар жоңышқалықты жаңбырлатып суарады
Мемлекет басшысының төрағалығымен жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында су қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатер деңгейінің артып келе жатқаны сөз болды. Президент экономиканың барлық саласында, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінде суды үнемді пайдалану және су шығынын азайту үшін жүйелі тәсілдер қажет екенін атап көрсетті. Себебі, тоғандардың және су ресурстары шығынының негізгі бөлігі осы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Су үнемдеу технологиясын енгізу және суды тиімді тұтынуды экономикалық тұрғыда ынталандыру шараларын дамытумен қатар, су шаруашылығы инфрақұрылымын, атап айтқанда, суды пайдалану мөлшерін есептеу, мониторинг жүргізу және болжам жасау ісін цифрландыру ісі жақсарып келеді. Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне дейін шығарылған су қауіпсіздігін шешуді Түркістан ауылдық округінің Асхат Сейілбеков басшылық жасайтын «Әбілқайыр» шаруа қожалығы қолға алды. Ол былтыр «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалынан 7 миллион теңгеге лизингке жаңбырлатып суару құрылғысын алады. Биыл іске қосып, отыз гектар алқабын жаңбырлатып суара бастады. Округ бойынша су үнемдеу технологиясын пайдалана бастаған шаруаға басқа да әріптестері қызығушылық танытып, егін алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізуге ниеттеніп отырған көрінеді. – Асхаттың шаруашылығында 188 гектар егістік, 130 гектар жайылымдық жер бар. Іскер, жаңашыл жігіт. Осыдан екі жыл бұрын сыйымдылығы 300 тонна астық сақтайтын қойма алды. Ал, биыл лизингке тағы да «Беларус-952,2» әмбебап тракторын алып, шаруашылығын заманауи үлгідегі техникамен қамтамасыз етуде. Қырықтың қырқасына енді шыққан азаматтың алар асуы, шығар шыңы әлі алда, – дейді ауылдық округ әкімі Ақан Шортанбаев. Ауданның басқа ауылдық округтерге қарағанда жауын-шашын мол түсетін Көсегенің көк жонындағы іргелі шаруашылық алғашқылардың бірі болып су үнемдеу технологиясын енгізіп жатқанда, басқа шаруашылық құрылымдары да өміршең жобаны қолға алулары қажет- ақ. Оның үстіне, қай заманнан шалғайдағы Сарысуда су тапшы болып келгені шаруа қауымның есінен шықпаса дейміз.  

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар