Ауыл мәдениетінің ауқымы кең
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Сондықтан, кез келген мемлекеттің толыққанды дамуы жолында мәдениет саласы ұмыт қалмайды. Оның ішінде ауыл мәдениетінің де алар орны ерекше. Ауылдың басты мәдени ошағы – ауылдық клуб екені баршаға аян. Өңірімізде жалпы мемлекеттік клуб жүйелерінің әдістемелік-тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастырып, халық шығармашылығының дамуын және жұмыстарын үйлестіріп келе жатқан облыстық халық шығармашылығы орталығының жоспарлары аз емес.
Орталық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы көркем өнерпаздардың шығармашылығын жетілдіру бағытында әдістемелік құралдар әзірлеп, сондай-ақ, олардың өнерін насихаттау және орындау шеберліктерін арттыру мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық іс-шаралар ұйымдастырып, жас таланттардың қатысуларына ықпал етуде.
Қазіргі таңда облыс бойынша 197 мәдениет үйі мен клубтар халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып, бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі мерекелік шаралар мен үйірме жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Оның 70-і қалалық, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері болса, 127-сі ауылдық клубтар.
Жалпы, елімізде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі – мәдениет нысандары жоқ елді мекендерде ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың құрылысы мен күрделі жөндеулері жүргізіліп жатқандығы. Нәтижесінде типтік үлгідегі мәдениет үйлері мен клубтардың саны біршама артуда.
Өңірдегі елді мекендерде клуб қызметкерлерінің бойында өз істеріне деген үлкен жауапкершілік пен шығармашылық құлшыныстары жоғары. Мәселен, ауылдық мәдениет үйлерінің үздіктерінің бірі – Қордай ауданы Әлжан ана ауылдық мәдениет үйі. Клуб ғимараты 1987 жылы салынған. Әлжан ана ауылдық мәдениет үйі – ауыл тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, халыққа толыққанды мәдени қызмет көрсетуде заман талабына сай көпшілік іс- шараларды өз деңгейінде өткізуде. Ауылдық мәдениет үйінде «Әжелер» ансамблі, «Нұрсұлтан» балалар би ансамблі, домбыра вокал үйірмесі тұрақты жұмыстарын жүргізіп, жо спарға сәйке с іс-шараларға белсенділікпен қатысады. 2-қабатты ауылдық мәдениет үйінің фойесінде ауылдың тарихынан сыр шертетін ауыл мақтаныштары, мәдениет тынысы, Ауылым – алтын бесігім сынды ақпараттық материалдар орналасқан. Мәдениет үйінде арнайы хореографиялық би залы бар.
Аталған мәдениет үйіндегі ерекше ұжымдардың бірі – «Нұрсұлтан» би ансамблі. 2014 жылдың қараша айында құрылған «Нұрсұлтан» би ансамблінің жеткен жетістіктері де баршылық. Нақтырақ айтсақ, Стамбул қаласында өткен «Күзгі Стамбул», Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Нұр әлем жұлдызы», «Children Art Festival» байқауларында I орын иеленген. Одан да өзге ауыз толтырып айтар жетістіктер легі орасан. Құрамында 25- тен астам бала би әліппесінен бастап, оның әртүрлі жанрларымен танысып, орындаушылық шеберліктерін сахна талабына сай шыңдауда. Ансамбльге осы уақытқа дейін Қайрат Баденов жетекшілік етіп келеді. Сонымен қатар, жалпы Қордай ауданы би өнерін жақсы дамытқандығын айрықша атап өткен жөн. Қордай аудандық мәдениет үйіндегі Зияш Еркебекқызы жетекшілік ететін «Махаббат» халықтық би ансамблі, Жазира Мусахметованың жетекшілігіндегі «Аққу» халықтық би ансамбльдері ауданның ғана емес, облыстың да намысын қорғап жүр.
Қордай ауданы секілді өңіріміздегі кез келген аудандағы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары туралы тізбектеп айтуға болады. Өйткені, ауыл мәдениеті жандануы үшін, ондағы мамандарға үнемі қозғау салып, тәжірибе алмасу алаңдарын қалыптастыру мақсатында көптеген бастамалар өз жалғасын тауып жатыр. Мысалы, облыстық халық шығармашылығы орталығының жоспарына сай ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының үздіктер қатарын анықтайтын «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб – 2023» облыстық байқауы дәстүрге айналған. Сонымен бірге биыл аудан орталықтары мен ауылдық клубтарда «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауы, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы үйірмелердің (6-17 жас) арасынан әуесқой балалар үйірмелерінің «БалаART» облыстық байқауында үздіктердің үздігі анықталатын болады.
Қорыта айтқанда, ауыл мәдениетінің бүгінгі жай-күйі жіті назарда. Десе де, оның күннен күнге өсіп-өркендеуі жолында еңбек ету – ертеңгі ұрпақ пен болашақ үшін екендігін ұмытпаған жөн.
Мөлдір ҚЫЗДАРБЕКОВА,
облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді