Мәдени іс-шаралардың сәні мәніне сай болуы маңызды
Ел руханиятының алтын тәжі, жауһар жақұты – мәртебелі мәдениет. Халықтың үні, өнері, ән-жыры – халықтың тағдыры, жандүниесінің жаңғырығы. Оның түп тамырында сөз құдіретінен бастап, ұлттың құндылығы, табиғи болмысы, мінезі, өнегесі мен тағылымы, тарихы мен асыл аманаты уақытпен тыныстап жатыр. Ел тәуелсіздігін алғалы көне тарихтың көмбесіне көз жүгіртіп, жоғымыз табылып, руханиятымыздың шамшырағы қайта жанды. Бұл бағытта хандықтың алғаш қазығы қағылған, тарихтың темірқазығына айналған Әулиеата жерінде де атқарылған ауқымды, ізін қалдырған ілкімді істер жетерлік. Алда атқарылатын жоспарлар да аз емес. 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында жыл басынан өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсаттарға көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.
Жамбыл жері – төл өнердің төрі
Қазіргі таңда өңірдің мәдени әлеуетін мәпелеп, мәуелі істермен мәртебесін биіктетіп жүрген 3561 сала қызметкері бар. Оның 1954-і шығармашылық саласындағы мамандар болса, 1648-і кәсіби сала мамандары. Дәл осы мамандардың күнделікті еңбегінің нәтижесінде салада жыл өткен сайын сең қозғалтар серпілістер байқалуда. Хош. Алдымен осы жылдың алғашқы күндерінен бастап күні бүгінге дейінгі шараларға көз жүгіртіп өтсек. Жасыратыны жоқ, былтыр аймақтың мәдени ахуалын алға жетелейтін жетістіктер аз болған жоқ. Айталық, былтыр «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жеті қазына» республикалық телевизиялық жобасында 20 өңірлік команда арасынан Жамбыл облысының командасы үздік шығып, бас жүлдені алуымен жемісті қорытындыланды. Республикалық «Асыл домбыра» айтысында өңіріміз бас жүлдені иеленді. Аламанда аймақтың намысын облыс ақындары – Қанат Мырзахан, Айтбек Тұрсынбаев, Дархан Әбдіманат қорғады. Айтулы жоба жетекшілері «Асыл домбыраны» облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы табыстады. Дәл осындай жетістіктер легі биыл да қарқынды жалғасын табуда.Жалақы жылдан жылға артып келеді
Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 510 мекеме мәдени қызмет көрсетуде. Ондағы сала мамандарының айлық жалақысы да Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес артып келеді. – Мемлекет басшысының мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы орындалуда. Бүгінгі күнге облыстағы мәдениет саласындағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы өсіп отыр. Сондай-ақ, биыл архив және кітапхана қызметкерлерінің айлық жалақысы 25 пайызға өсті. Дегенмен, мәдениет саласында қызмет етіп жүрген техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі өзекті. Оларды атап айтқанда, кіші әкімшілік қызметкерлер, күзетшілер, жүргізушілердің айлық жалақысы 43 мыңнан 57 мың теңге аралығында. 1130-ға жуық шаруашылық қызметкердің айлық жалақысын 25 пайызға өсіру үшін тиісті құжаттар әзірленіп, Мәдениет министрлігіне ұсынылды. Таяу арада нәтижесі шығады, – дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.Репертуар қос қойылыммен толықты
Басқарма басшысының айтуынша, мәдени іс-шаралардың мазмұны мен маңызына айрықша басымдық берілуде. Әулиеата өңірінен шыққан, аты да, заты да аймақ руханиятының бірегей брендіне айналған тұлғалардың мерейтойлары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Мұрат Құсайыновтың 75 жас мерейтойына және «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығына арналған мерекелік концерті өтті. Ал бүгін, 18 мамырда Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты IIІ халықаралық әншілер конкурсы өтіп жатыр. Өнегесі өшпес өнер саласында ұрпақ сабақтастығы да үлгілі үйлесіммен жалғасуда. Мәселен, жуырда облыс орталығында өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысына еліміздің түкпір-түкпірінен 20 ақын қатысып, бас жүлдені жерлесіміз, жас ақын Алина Айдаралы иеленіп, облыстағы талантты өнерпаздарымыздың қатары толығуда. Жыл сайынғы дәстүрлі шығармашыл жастардың «Жаңа есім» жобасының да ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу кезеңдері өтті. Гала- концерті маусым айында өтеді деп жоспарлануда. Ал, облыс театрлары репертуарын толықтыру мақсатында жыл басынан бері екі жаңа қойылым сахналады. Атап айтқанда, С.Пірмановтың «Төрткүл ханзадасы» ертегісі, Алехандро Касонаның «Дикарь» мелодрамалық комедиясы өнерсүйер қауымның көз қуанышына айналды. Сонымен қатар, өнер қарашаңырағының ұжымы Түркістан, Талдықорған өңірлеріне гастрольдік іссапармен барып қайтты. Нақты айтқанда, облыс театрлары 18 403 көрерменге 113 қойылым ұсынып, көрерменнің көңілінен шықты. Облыстық орыс драма те ат ры Ре с ей Федерациясының Пенза қаласында өткен «Золотая провинция» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Облыстық филармония Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстарының өнер ошақтарымен шығармашылық ынтымақтастық жөнінде жасалған меморандум аясында гастрольдік іссапарларын ұйымдастырып, тәжірибе алмасты. Ал облыс музейлеріндегі 115 488 мыңнан асатын экспонатты 8201 келуші тамашалап, 654 экскурсия, 167 көрме ұйымдастырылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын таппақ.Жаңадан 111 үйірме ашылды
Облыста тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубтардағы 841 үйірмеге 10 318 адам қамтылған. Оның ішінде 523 балалар үйірмесінде 6662 тәрбиеленуші бар екен. – Клуб құрылымдарын пайдалану қажеттілігін анықтау мақсатында былтыр жүргізілген зерделеуден кейін 96 штат бірлігінің қажеттілігі анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 8 ауданға 94 штат үйірме жетекшісі беріліп, 77 маман қабылданды. Жаңадан 111 үйірме ашылып, ондағы домбыра, вокал, драма, көркемсөз, би, үйірмелеріне 1393 бала қамтылды. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 204 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 5 143 бала қатысуда, – дейді салалық басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай. Одан бөлек, өңірдегі 274 мемлекеттік кітапхана заманауи технологиялармен жабдықталып, олардың жалпы оқырман саны 750 мыңға жеткен. Оның жүз мыңнан астамы биыл кітапханаға жаңадан тіркелген оқырмандар екен. Жалпы өңірде «Оқитын ұлт» жобасының нәтижесінде 2025 жылға дейін оқырмандардың үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Биыл сол меженің 31 пайызы орындалмақ.Тоғыз мәдениет ошағы бой көтереді
Биыл 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Аталған қаражат есебінен былтырдан өтпелі 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның төртеуі Қордай ауданында, қалғандары Жуалы, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 мәдениет нысанының құрылысына республикалық бюджеттен 807,9 миллион теңге қаражат қарастырылған. – 2023 жылдың қорытындысы бойынша 9 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 5 жоба жоспарға сәйкес, 2024 жылға өтпелі. Сонымен қатар, осы жылы 21 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді, – дейді Ерлан Жүнісбай.Өңір бишілері Үндістанда өнер көрсетеді
Аймақтың мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жыл соңына дейін жемісті жалғасатын болады. Алдағы күндері өңірде өнер мерекесіне ұласатын шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. – Жыл соңына дейін бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарға қойылды. Атап айтқанда, К.Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» республикалық фольклорлық ансамбльдер байқауы, «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы, композитор Әуезхан Салабековтің әндерінен «Рақмет, саған, туған ел!» облыстық ән байқауы, «Ортағасырлық Тараз: дін, мәдениет, ғылым, сәулет» атты республикалық конференция ұйымдастыру жоспарда. Сондай-ақ, мәдениет саласындағы жағымды жаңалық – «Ақкербез» би ансамблі Үндістанда және Ақтөбе облысында өтетін өнер додаларына шақырту алды. Маусым айында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Румынияда өтетін халықаралық өнер фестиваліне қатысады. Жергілікті өнерпаздарымыз жақсы нәтижелермен қуантады деген сенімдеміз, – дейді басқарма басшысы. Жалпы алғанда, облыстың мәдениет саласында жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді. Оның жемісі ұлттың, жеңісі ұрпақтың игі үлесінде. Алдағы уақытта да аймақтың мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлық мәуелі істер молынан атқарылып, өз жемісін береді деген сенімдеміз.Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді